сенбі, 4 сәуір, 2026 10:37

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы тоқтайды

Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы тоқтайды
Фото: «Отбасы банк»
Бұл бағдарлама Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейді.

Тұрғын үй мәселесі – жас отбасылар мен мамандар үшін ең маңызды мәселенің бірі. Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы туралы айтты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

Балаеваның айтуынша, бұл бағдарлама Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейді. Оның нақты мақсаты – белгілі бір мерзімге жас мамандарға қолжетімді баспана беру, сондай-ақ өз үйін сатып алу үшін бастапқы жарнаға қаражат жинауына ықпал ету. Ай сайынғы жалдау ақысы өте қолжетімді – 5000 теңге мен 15 000 теңге аралығында болды.

“Бағдарлама 10 мыңнан астам жас қазақстандықты қамтыды. Бағдарлама шарттары бастапқыда келісімшарт арқылы бекітіліп, кезеңдер бойынша параметрлер нақтыланды. Соның ішінде тұрғын үй беру мерзімі өзгерді. Бұл ретте негізгі қағидат өзгеріссіз қалды: яғни, тұрғын үй сатып алу құқығынсыз жалға берілді. Бұл ретте кейбір азаматтардың пәтерді өздерінде қалдыруға ниет білдіргенін жақсы түсінеміз. Алайда мемлекеттік шешімдер заңға және барлығына бірдей ережелерге негізделуі керек. Егер келісімшартта, ережелерде сатып алу қарастырылмаған болса, онда оны өзгерту – басқа азаматтар мен қатысушылар үшін әділетсіздік болар еді. Ең маңыздысы, мемлекет жастарға ұдайы қолдау көрсетуді тоқтатпайды, қосымша жаңа, тұрақты бағдарламалар ұсынылады. Мәселен, «Отбасы банкімен» бірлесіп 17 өңірде жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар іске қосылды. Соның аясында 12 мыңға жуық жас маман жаңа пәтерге ие болды. Оның 1,6 мыңнан астамы – жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасының қатысушылары”, – деп жазды вице-премьер әлеуметтік желідегі парақшасында.

Балаеваның айтуынша, жас азаматтар сондай-ақ «Отау» және «Наурыз», «Наурыз Жұмыскер» республикалық бағдарламалары арқылы баспаналы болып жатыр. Бүгінгі таңда барлық мақұлданған өтінімдердің 62%-ы 35 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі.

“2026 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне қол қойылды. Оған қоса заңнамаға, соның ішінде жастар саясаты бойынша жекелеген тетіктерді реттеуге байланысты нормаларға өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, 2026 жылғы 27 наурыздағы № 136-НҚ бұйрық негізінде «Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы» бірқатар бұйрықтардың күші жойылып, жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы тоқтатылады. Босатылатын тұрғын үй қорын одан әрі пайдалану мәселесі тұрғын үй заңнамасына және белгіленген кезекке сәйкес шешілетін болады, бұл жергілікті атқарушы құрылымдардың құзыретінде”, – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар министр қазіргі жалға алушыларға да арнайы тоқталды. Атап айтсақ, жалдау мерзімі аяқталғандар шарт талаптары мен бекітілген тәртіп шеңберінде әрекет етуі керек. Ал жалдау мерзімі кейін аяқталатындар келісімшарт аяқталғанға дейін пәтерде тұра алады.

“Барлық сұрақтар бойынша әкімдіктер мен «Отбасы банктен» кеңес алуға болады. Мәселені кейінге қалдырмай, ипотекалық бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктерін алдын ала бағалау маңызды. Біз тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жұмысты жалғастыра береміз”, – деп түәйндеді сөзін Аида Балаева.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар