«Астана Арена» стадионында өткен шешуші кездесу 1:0 есебімен аяқталды. Ойын тағдырын шешкен жалғыз голды 4-минутта жартылай қорғаушы Рамазан Оразов соқты.
Осылайша, Қазақстан құрамасы екі ойында алты ұпай жинап, жаңа турнирдің тұңғыш жеңімпазы атанды. Бұған дейін Магомед Адиевтің шәкірттері Намибияны 2:0 есебімен тізе бүктірген еді. Таяу Шығыстағы әскери жағдайға байланысты Кувейт құрамасының бұл жарысқа қатыса алмағанын айта кеткен жөн.
Турнирлік кестеде екінші орынды Намибия иеленді. Олар Комор аралдары құрамасын пенальти сериясында жеңіп, екі ұпай алды. Ал бір ғана ұпай еншілеген Комор аралдары соңғы орынға жайғасты.
FIFA Series — түрлі конфедерациялардың командалары қатысатын бірнеше шағын турнирлерден тұратын жаңа жоба. Оның негізгі мақсаты – ұлттық құрамалар үшін жолдастық кездесулердің баламасын жасау.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






