Көкшетауда абаттандыруға бөлінген 160 млн теңгеден аса қаржы жымқырылған
- авторОймақ
- Бүгін, 09:27
- 28
Қаржы мониторингі агенттігі Ақмола облысы бойынша департаменті Көкшетау қаласында инженерлік желілер мен абаттандыру нысандарын салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
2020 жылы "Көкшетау қаласының құрылыс бөлімі" ММ мен мердігер ұйымдар – "TAU PROJEKT" ЖШС және "СЭМ-СтройЭнергоМонтаж" ЖШС арасында бекітілген жобалық-сметалық құжаттама аясында құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау және техникалық қадағалау жөнінде келісімшарттар жасалған.
Алайда мердігер компаниялардың бенефициары орындалған жұмыс көлемін әдейі арттыру схемасын ұйымдастырған. Қабылдау актілеріне іс жүзінде орындалмаған немесе толық орындалмаған жұмыстар туралы жалған мәліметтер енгізілген. Соның салдарынан құжат жүзінде расталғанымен, су бұру жүйесінің негізін дайындау, арық блоктарын орнату, кәріз-сорғы станциясын жеткізу және монтаждау жұмыстары нақты орындалмаған.
“Өз кезегінде Құрылыс бөлімінің басшысы нақты орындалған жұмыс көлемі жобалық шешімдерге сәйкес келмейтінін біле тұра, жалған актілерге қол қоюды қамтамасыз етіп, қаржыландыруды тоқтату және шарттарды бұзу шараларын қабылдамаған. Қол қойылған құжаттар негізінде мердігер ұйымдарға бюджет қаражаты аударылып, кейін оларды заңдастыру мақсатында қаражат "MAZHERUS" ЖШС және "Tamila Invest" ЖШС арқылы қайта бөлінген. Мемлекетке келтірілген залал 160 млн теңгеден асты. Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, оның ішінде 10 автокөлікке, 3 жер учаскесіне және бір пәтерге тыйым салынды. Күдіктілерге қатысты қамауға алу және үйқамақ түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – делінген хабарламада.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






