Жәбірленуші бұл жағдайдың былтыр жазда болғанын айтты. Оған әлеуметтік желідегі жұмыс туралы хабарландыру келіп, оған жауап беріп, кейіннен “боди-массаж” қызметін көрсететін ғимаратқа барған. Бірақ кейін ол сол жерден шыға алмай қалған. Олар қызды күштеп ұстаған. Есіктің қасында күзетшілер тұрған. Ал қызметкерлер оған тек тұрғындарға массаж жасайтынын айтып, уәде еткен.
“Мені күштеп ішке кіргізді. Шығуға тырысқанымда есіктің қасында күзетшілер тұрды. Мен жылап, айқайлағаныма қарамастан жігіттердің бірі мені ұстап тұрды. Кейін маған ешкім тиімейтінін, тек массаж жасайтынымды айтты, мен келісім бердім. Басынан-ақ бас тартуым керек еді”, – дейді жәбірленуші.
Зардап шеккеннің шағымына қарамастан, ғимарат әлі де монша ретінде жұмыс істеп тұр. Қыздың ата-анасы тиісті органдардың әлі ешқандай шара қолданбағанына наразы.
“Мұның соңы бола ма, жоқ па? Егер ертең қызымды күштеп шетелге әкетсе немесе өлтірсе, мен не істеймін? Бізге бірнеше рет қауіп төнді. “Егер істі тоқтатпасаңдар, өлтіреміз” деп қоқан-лоқы көрсетті”, – дейді қыздың анасы.
Қазір іс “Зорлау” бабымен тергеліп жатыр. Полицияның мәліметінше, қажетті сараптамалар тағайындалды. Нәтижелері шыққан соң соңғы процессуалдық шешім қабылданады.
“Қылмыстық кодекстің 120-бабының 1-бөлімі бойынша алдын ала тергеу жүргізіліп жатыр. Осы іс шеңберінде сот-психологиялық және криминалистикалық сараптама, сондай-ақ зардап шеккенге тиесілі ұялы телефонға криминалистикалық зерттеу тағайындалды. Сараптамалар нәтижелері шыққан соң қылмыстық іс бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады”, – деп мәлімдеді Шымкент қалалық полиция департаменті.
Жапа шеккен қыздың отбасы тек зорлық жасаған ер адамды ғана емес, қызды алдап әкелген ұйымдастырушыларды да жауапқа тартуды талап етеді. Туыстары іс сотқа тезірек жіберілуін сұрап отыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





