Семейде қоғамдық орында тәртіп бұзған шетелдіктерге елге кіруге бес жылға тыйым салынды
- авторОймақ
- Бүгін, 08:50
- 14
Ведомствоның Telegram-дағы арнасында жарияланған мәлімет бойынша, әлеуметтік желілерде Семей қаласындағы Абай даңғылы бойындағы бір мекеменің жанында екі шетелдік азаматтың қоғамдық орында дәрет сындырып тұрған сәті бейнеленген видео тараған.
Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының көмегімен құқық бұзушылардың жеке басын анықтаған. Олар 37 және 43 жастағы шетелдік азаматтар болып шыққан.
"Анықталғандай құқық бұзушылықтың бейнежазбасы әлеуметтік желілерде оқиға болғаннан кейін бір ай өткен соң жарияланған. Осы уақыт ішінде аталған азаматтар Қазақстан Республикасының аумағынан шығып кеткен.
Соған қарамастан, олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілді. Полицияның бастамасымен аталған тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағына кіруіне бес жыл мерзімге тыйым салу туралы шешім қабылданды", - делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігі тиісті шаралар қабылдау үшін ақпаратты Сыртқы істер министрлігіне жолдаған.
Полиция қоғамдық тәртіп пен мінез-құлық нормаларын сақтау — Қазақстан аумағында жүрген барлық азамат үшін, олардың азаматтығына қарамастан, міндетті болып табылатынын еске салды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






