сәрсенбі, 4 наурыз, 2026 10:31

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Хаменеидің ұлы Моджтаба – Иранның жаңа рухани көшбасшысы

Хаменеидің ұлы Моджтаба – Иранның жаңа рухани көшбасшысы
Ашық дерекөздерден
Иранның жоғарғы рухани көшбасшысы қызметіне аятолла Әли Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеи сайланғаны туралы ақпарат тарады.

Бұл жөнінде Oimaqnews.kz сайты Deutsche Welle агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

DW дереккөздерінің мәліметінше, шешімді Ирандағы жоғары шиит дінбасыларынан құралған 88 мүшелі Сарапшылар кеңесі қабылдаған. Дегенмен Иран билігі мен жергілікті ресми ақпарат құралдары бұл ақпаратты әзірге ресми түрде растаған жоқ.

Иранды әзірге үш адамнан тұратын кеңес басқарып келеді

Басылымның жазуынша, Моджтаба Хаменеи кандидатурасын қолдауға Ислам революциясы сақшылар корпусы ықпал еткен болуы мүмкін. Кей деректерде шешім осы күштік құрылымның қысымымен қабылданғаны айтылып отыр.

Әли Хаменеи қаза тапқаннан кейін елді уақытша үш адамнан тұратын кеңес басқарып келеді. Оның құрамында президент Масуд Пезешкиан, сот билігінің басшысы Голям Хосейн Мохсени-Эджеи және Конституция сақшылар кеңесінің мүшесі аятолла Алиреза Арафи бар.

Рухани көшбасшысы өмір бойына тағайындалады

Әли Хаменеи Иранның жоғарғы көшбасшысы қызметін 1989 жылдан бері атқарып келген. Ол 28 ақпанда басталған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы кезінде қаза тапқаны хабарланды.

Иран заңнамасына сәйкес, елдің рухани көшбасшысы өмір бойына тағайындалады. Бұл лауазымға үміткерді ислам құқығының білгірлерінен құралған 88 мүшелі Сарапшылар кеңесі сайлайды. Кеңес мүшелері халық дауыс беруі арқылы сегіз жыл сайын таңдалады. Соңғы сайлау 2024 жылы өткен.

28 ақпан күні таңертең АҚШ пен Израиль Иран аумағындағы бірқатар нысандарға соққы жасай бастаған. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл операцияның мақсаты Иранның ядролық бағдарламасын тоқтату екенін мәлімдеп, ел әскерін қаруын тастауға шақырған.

Ирандық мемлекеттік БАҚ-тың дерегінше, 3 наурызға дейінгі шабуылдар салдарынан кемінде 787 адам қаза тапқан. Бұған жауап ретінде Тегеран Израиль аумағына және Парсы шығанағындағы бірнеше елдегі әскери нысандарға соққы берген. Иран билігі араб елдерімен соғыс жүргізіп жатқан жоқпыз, тек АҚШ-тың аймақтағы әскери базаларына жауап беріп жатырмыз деп мәлімдеді.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар