жұма, 27 ақпан, 2026 18:12

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Давос форумының басшысы Эпштейн ісіне қатысы болғаны үшін қызметінен кетеді

Давос форумының басшысы Эпштейн ісіне қатысы болғаны үшін қызметінен кетеді
https://www.oneindia.com/
Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) бас директоры Бёрге Бренде Джеффри Эпштейнмен байланысына қатысты жүргізілген тергеуден кейін қызметінен кететінін мәлімдеді.

Бренде Давоста өтетін жыл сайынғы экономикалық жиынмен танымал ұйымды сегіз жылдан астам уақыт басқарған. Өз мәлімдемесінде ол бұл шешімді ұзақ ойланғаннан кейін қабылдағанын айтты.

– Сегіз жарым жыл ішінде атқарылған жұмыс жемісті болды. Көптеген серіктестік орнаттық, Давостағы жыл сайынғы кездесулерді табысты өткіздік, әлем елдерінің басшыларымен кең ауқымды байланыс құрдық. Енді қызметімді тапсыратын уақыт келді, – делінген оның хабарламасында.

Басшының отставкасына 2018–2019 жылдары жыныстық сипаттағы қылмыстары үшін сотталған қаржыгер Джеффри Эпштейнмен үш рет түскі ас ішкенін мойындауы себеп болған. Бұған қатысты тәуелсіз тексеріс жүргізіліп, екі тарап арасындағы хат алмасулар да жария етілді.

Бұрын Норвегияның сыртқы істер министрі болған Бренде Эпштейннің қылмыстық әрекеттері туралы сол кезде білмегенін айтты.

Британдық The Guardian басылымының жазуынша, жаңа басшы тағайындалғанға дейін ДЭФ президентінің міндетін уақытша бизнесмен Алоис Цвинги атқарады.

Эпштейн ісіне қатысты дау жалғасуда

Эпштейнмен байланысқа қатысты дау халықаралық деңгейде бірнеше ықпалды тұлғаның қызметтен кетуіне немесе тергеуге ілінуіне себеп болды.

Еске салайық, Эпштейн 2019 жылдың 6 шілдесінде Нью-Йоркте ұсталған. Тергеу деректеріне сәйкес, ол 2002–2005 жылдары кәмелетке толмаған қыздарды заңсыз әрекеттерге тартқан. 2019 жылдың 10 тамызында ол түрме камерасында көз жұмды, содан кейін қылмыстық іс тоқтатылған.

Бұл іс әлемдік саяси және қаржылық элита өкілдерінің аты аталуына байланысты әлі күнге дейін қоғам назарында қалып отыр.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар