сәрсенбі, 25 ақпан, 2026 12:15

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Елордада қызылша өршіп тұр: жыл басынан бері 900-ден аса жағдай расталды

Елордада қызылша өршіп тұр: жыл басынан бері 900-ден аса жағдай расталды
Freepick
Қызылша иммунитеттің өзге де вирустарға қарсы тұру қабілетін жояды.

Астанада қызылшаға шалдыққандар саны көбейіп келеді. Мамандар бұл дерттен айыққан адамның да бірнеше ай бойы түрлі инфекцияларға осал болатынын ескертеді. Себебі қызылша иммундық жүйені әлсіретіп, ағзаның басқа вирустар мен бактерияларға қарсы тұру қабілетін уақытша төмендетеді.

Аурудың салдары мен алдын алу жолдары санитариялық қызмет өкілдері, қала әкімінің орынбасары және елордалық әйел көшбасшылар қатысқан дөңгелек үстелде талқыланды. Жиында эпидемиологиялық ахуалдың күрделеніп бара жатқаны айтылды.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаеваның мәліметінше, жағдай алаңдатарлық.
«Жыл басынан 19 ақпанға дейін қызылша бойынша 1470 бастапқы шұғыл хабарлама тіркелді, оның 997-сі зертханалық әдіспен расталды», – деді ол.

Мамандардың айтуынша, қызылша өте жұқпалы. Бір науқас орта есеппен 12-18 адамға дейін вирус жұқтыра алады. Ал екпе алмаған бала инфекцияны жұқтыру қаупіне толықтай тап болады.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Төленқызы вакцинация деңгейінің төмендеуі қауіпті күшейтетінін айтты.
«Қоғамда вакцинация деңгейі төмендеген кезде вирус осал топтарға, ең алдымен балаларға оңай жұғады. Екпемен қамтудың азаюы, вакцинациядан бас тарту және оған сенімсіздік мектеп, балабақша, қоғамдық көлік, ойын-сауық орталықтары сияқты күнделікті орындарды қауіпті аймаққа айналдырады. Мұндай жағдайда ұжымдық иммунитетті сақтау аса маңызды», – деді ол.

Дәрігерлер қызылшаның асқынған түрі өкпе қабынуына, есту қабілетінің төмендеуіне, тіпті энцефалитке әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Ауыр жағдайда мүгедектікке немесе өлімге соқтыру қаупі бар.

Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация. Қазақстанда қызылша, паротит және қызамыққа қарсы біріктірілген екпе қолданылады. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, балаларға вакцина 1 жаста және 6 жаста салынады. Екі рет екпе алған адамда тұрақты иммунитет қалыптасады.

Вакцинадан кейінгі жанама әсерлер көбіне жеңіл өтеді: дене қызуының аздап көтерілуі, екпе салынған жерде қызару немесе ауырсыну. Сирек жағдайда бөртпе шығуы мүмкін.

Баланың екпе алған-алмағанын ата-аналар «eGov Mobile» қосымшасы арқылы немесе учаскелік дәрігерден нақтылай алады. Мамандар елордалықтарды уақытылы вакцина салдыруға шақырады.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар