Журналист Асхат Садырбайға қатысты "Азаптау" бойынша тергеп-тексеру басталды
- авторОймақ
- Бүгін, 13:53
- 19
Белгілі журналист Асхат Садырбайдың үстінен Қылмыстық кодекстің «Азаптау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Todayinfo.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Астана қаласы Есіл аудандық полиция басқармасының мәліметінше, қылмыстық іс журналистің бұрынғы жұбайы Айғаным Қорабаеваның арызы негізінде қозғалған.
Іс материалдарына сәйкес, тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігі («Азаптау») бойынша жүргізіліп жатыр. Айғаным Болатқызы бұған дейін БАҚ беттерінде экс-күйеуінің өзін бірнеше жыл бойы аяусыз соққыға жыққанын, тіпті екінші баласына аяғы ауыр кезде көрсетілген қысым салдарынан түсік тастауға мәжбүр болғанын ашық айтқан болатын.
«Аталған дерек бойынша Астана қаласы Есіл аудандық полиция басқармасында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыс белгілерінің болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», — делінген полицияның ресми жауабында.
Айғаным Болатқызы өзінің алған жарақаттарын көрсетіп, Асхат Садырбайдан көрген азабын айтып, заң органдарынан араша сұрауда. Ал Асхат Садырбай бұған дейін бұл айыптаулардың барлығын «жала» деп атаған. Тіпті бұрынғы әйелін сотқа беріп, жеңіп шыққан еді. Алайда, жаңадан ұсынылған дәлелдер мен медициналық сараптамалар істің қайта қаралуына негіз болған сияқты.
Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді.
Еске сала кетейік, екі тараптың арасындағы жанжал бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Олар бұған дейін бала дауы бойынша да бірнеше рет соттасқан болатын.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






