Допинг дауынан кейін Жәнібек Әлімханұлы жанкүйерлеріне үндеу жолдады
- авторОймақ
- Бүгін, 19:06
- 11
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) шешімінен кейін жанкүйерлеріне үндеу жолдады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz.сайтына сілтеме жасап.
WBO орта салмақтағы әлем чемпионына қатысты ресми шешім шығарып, мельдонийге байланысты допинг-сынамасы оң нәтиже көрсеткеніне қарамастан, қазақстандық спортшыны чемпиондық белбеуден айырмау туралы қаулы қабылдады.
2026 жылғы 19 ақпандағы резолюцияға сәйкес, Әлімханұлы бір жылға дисквалификацияланды. Шеттету мерзімі 2025 жылдың 2 желтоқсанынан бастап есептеледі. Дәл осы күні ұйым спортшының допинг-сынағы оң нәтиже бергені туралы ресми ақпарат алған.
Сонымен бірге, WBO комитеті қазақстандық боксшының бұған дейін антидопинг ережелерін бұзбағанын, тергеу барысында толық ынтымақтастық танытқанын және бұл алғашқы құқықбұзушылық екенін ескеріп, чемпиондық атағын сақтап қалуға шешім қабылдады.
Шешім жарияланған соң Жәнібек жанкүйерлеріне алғыс айтып, жақын арада рингке оралатынын жеткізді.
"Аллаға шүкір! WBO чемпиондық титулын сақтап қалдық! Желтоқсанда шаршы алаңға ораламыз. Қолдау көрсеткен барша жанкүйерге рақмет!" – деді боксшы.
Дисквалификация мерзімі аяқталғаннан кейін Әлімханұлы WBO-ның уақытша чемпионымен немесе міндетті үміткермен жекпе-жек өткізуі тиіс. Оған дейін аралық кездесу өткізуге рұқсат берілмейді. Егер белгіленген талаптар орындалмаса, ұйым чемпиондық белбеуді қосымша рәсімсіз қайтарып алуы мүмкін.
Жәнібек рингке қайта оралғанға дейін WBO уақытша титул үшін Дензел Бентли мен Эндри Сааведра арасындағы айқасқа келісім берді.
Айта кетейік, ұйым шешіміне 14 күн ішінде апелляция беру мүмкіндігі қарастырылған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






