1980 жылы «Сәтбаев» ғұмырнамасы Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасының «ЖЗЛ» сериясымен 100 мың дана таралыммен жарыққа шықты. Бұл оқиға қазақстандық оқырмандар үшін қуанышты мерекеге айналды. Қанекеңнің отбасы да мені кезекпе-кезек дәмге шақырып, құрмет көрсетті. Мейіз Қанышқызының үйінде болғанымда, ол кісі маған екі түрлі сый-сияпат жасады: алғашқысы – Қаныш ағайдың ас ішетін күміс қасығы мен шанышқысы (екеуінің де сабына ғалым есімінің бас әріптері ойылған); екіншісі – әкесінің шешесіне жазған хаттарының түпнұсқасы… Мен сол хаттардан көшірме жасап, бірер жылдан соң түпнұсқасын Мейіз Қанышқызына қайтардым. Содан былай хат үзінділерін ғұмырнама кітабымның 1988 жылдан бергі қазақша, орысша 9 басылымының бәріне де ішінара кіргіздім. Әсілі, осы хаттарды және Қанекеңнің өзге жылдарда да әркімге, көбіне лауазым иелеріне жолдауларын жинақ етіп жариялайтын уақыт жетті деп білемін.
Қ.С., Семей, 29.7.1925 ж. – Зырянов кенті, Т.А.-ға.: «Қымбатты Тася! Семейде сіз болмаған соң көңілсіз жүрмін. Сүреңсіз мезі күндер өтер емес. Сан алуан ой кешіп, жападан-жалғыз жабыққан жаным Сізді ойлаған сәтте ғана бір уақ жай табады. Тәңір бізді жолықтырып, өзіме Сіздей жансерік тапқаныма кәміл сенімдімін. Сол себепті қуанышқа толы һәм шексіз ризалық сезіммен алдағы өмірге зор үмітпен қарап отырмын. Біздің сүйіспеншілігіміз шұғыл туып, бірден бекем негізге ауғанына мен таңданбаймын, сол да біздің жаратылысымыздың өзара жақындығына дәлел емес пе?.. Бұдан көп бұрын, алғаш танысқанда-ақ мен сіздің қарапайым нышаныңызға биязы қылығыңызға таңғалып едім… Сөйтіп, Сізді әбден танып-білуден соң өзіңізге мәлім шешімге келдім. Сізге мен бір ғана шарт қоямын, есіңізде болар, оны орындау қиын емес. Сонымен, Тася, жеребе тасталды, біз ала жіптен аттаған адамдармыз. Сол тек бақытқа бастағай! Сүйемін! Өзіңіздің Қаныш».
Қаныш Имантайұлы туған өлкесінде кен іздеуге құлшынған азамат. Өзі ғашық болған Таисия Кошкинаға: «…бір ғана шарт қоямын» – деуі де сол, өміріне мұрат еткен барлаушылық кәсіп-пен туған даласынан кен іздеу. Тася бойжеткен де бұл шартты қарсылықсыз қабылдаған…
Қ.С. – Т.К.-ға, 8. 8. 1926 ж.: «Saulem Taisa-Tai! Соңғы хатты бұдан бір ай бұрын, 8 шілдеде жолдағаныма ренжіме… Біздің далада жеке адамның хаты түгілі, болыс поштасының өзі айына бір-ақ мәрте қатынайды. Міне, мен де шабарманның келгенін пайдаланып, Сізге екінші мәрте хат жолдап отырмын. Оның есесіне Сізден екі хат алдым… Бір айда жүзден астам қаз алдық, ұсақ құстарды санаған жоқпын. Бұл жақтағы негізгі қарекетімнің жөн-жосығын осыдан-ақ аңдаған боларсыз. Көңіл-күйім өте жақсы, тән саулығы түзелді… Семейге, сірә, тамыздың 25-і шамасында аттанатын шығармын, қыркүйектің 1-5-і аралығында сонда болмақшымын… Өзіңіздің Қаныш. Жаманқылшылы жайлауы».
Қ.С. – Т.К.-ға, Мәскеу, 8.02.1927 ж.: «Сүйікті Тася! Соңғы хатыңызды алдым. Көңілімде жабырқау туғызғанын жасырғым келмейді. Өзіңіз жазғандай, «күту және әрқилы шырғалаңдар» Сізді де қажытып, қамығуға душар еткенін, әрине, түсінемін. Сөйтсе де, біз бір жәйтті мойындауға тиіспіз: өмір – күресу мектебі, оған көрген түстей жеңіл-желпі қарауға болмайды; ғұмырымыздың алғашқы кезеңінде осындай жағымсыз жайттардың кездесуі әбден ықтимал. Бұларды мен сөзсіз болуға тиіс құбылыстарға саямын және алда да кездеседі деген ойдамын.
…Өзіңізге мынандай: «Мен онымен бірге жүріп, өмір ұсынар әр түрлі қиыншылық пен шырғалаңдарды бірге кешуге әзірмін бе?» деген сұрау қойыңыз. Менің тұлғамды, ойлаймын, Сіз жеткілікті білесіз: мен қазақпын – жаратылысым да, жаным да қазақы; ой-түсінігім бойынша да қазақпын; алдағы өмірімді тек қана туып-өскен Қазақстанда өткізбекпін (даралаушы хат иесі − М.С.); бұл жолда ай сәулелі армандарға беріліп асқақтаудан адамын; сондай-ақ сөзсіз кездесер қиыншылықтардан да алабөтен безінгім келмейді; жан тыныштығын да шат-шадыман тұрмыстан гөрі рухани күреспен өткізгенді жөн көремін; сол үшін де тұрмыстың жайлы күйтінен бас тартып, Қазақстан қиырын кезіп, өмір-бақи кен іздеуге де әзірмін…»
Қ.С. – Т.К.-ға, Қарсақбай, 23. 05. 1927 ж.: «…Қарсақбайға 11 мамырда күндіз келдім… Құрылыс жұмысы едел-жедел басталды. Жұмыс қарқыны үдеді, жан-жақтан ағылып келіп жатқан жұмыскер ерекше көп. Құрылыс материалдарын жеткізуге ғана күмән бар. Тасымалдау жұмысын жандандыруға шаралар жасалуда, бұл жөнінен де олжасыз емеспіз. Қалайда биылға белгіленген құрылысты толық аяқтауға сенім мол. Шетелден алынбақ жабдықтарға тапсырыс мен Мәскеуде жүргенде-ақ берілген-ді. Осының бәрі алдағы тірлігімізге сеніммен қарауға ой туғызады: Қарсақбайдың тағдыры даңғыл жолға түсті; Жезқазғанның мыс кеніштері судан құрғатылуда; сусорғыштар қойылып, кен қазылатын участоктарды тіреумен бекітуге көшті; кен қазу күзде басталады… Мен үшін қазіргі басты мәселе – барлау және технологияға қажет флюстік шикізат табу. Жезқазғанға дейінгі тар табанды темір жол құрылысы бірінші қазанда аяқталмақ, бірінші пойыз да сол кезде жүреді…»
Қуатты екі комбинаттың (Қарсақбай және Қарағанды іргесіндегі Спас) барлау жұмысын басқару жас геологқа бірталай соны міндеттер жүктеген. «Спас мәселесін тиянақтау үшін 5-10 маусым аралығында Мәскеуге баруға мәжбүрмін, – депті Қ.И. Таисияға Қарсақбайдан 23 мамырда (1927 ж.) жолдаған хатында. – Одан соң шілденің алғашқы жартысында Спас кәсіпшілігіне жетуім керек…»
Бір тәуірі, былтырдан бері сөзбұйдаға түсіп келе жатқан пәтер мәселесі оңды шешіліпті. Қазақстан астанасының Алматыға ауысуына байланысты Мәскеуде жұмыс істеп отырған бірнеше мекеме Алатау баурайына көшірілді. Қызылордадан да соған орай әлденеше үй босады… Осы жайт, баспана болмағандықтан бір шаңырақ астында бас қоса алмай жүрген екі мұңлыққа қолайлы жағдай туғызды: Мәскеудің Үлкен Дорогомиловская көшесіндегі 12-үйдің 22-пәтерінен Қанышқа бір бөлме дербес тиді; 1927 жылдың 19 маусым күнгі хатында ол: «Пәтерімді көрдім: мәз емес, лас, сасық иісі қолқаны атқандай, сөйтсем, жаз шыққалы терезесі ашылмапты. Әрине, тездетіп терезені алғыздым. Ескі иістен құтылған сияқтымын. Қызылордадағы бөлмеміз бұдан әлдеқайда оңды…»
Сол жылы Таисия Кошкина Қызылордаға ауысып, Қазақстан Халкомында ашылған Геолком өкілдігіне қызметке тұрған. Бас сұғар үй болмағандықтан өкілдік Алматыға көшкен жоқ-ты. Ал Қызылорда – Жосалы бекетіне, демек Қарсақбайға да ұрымтал қала, жаз бойы бірнеше рет кездесуге болады. Оған қоса Қарсақбай мен Жосалының арасы биыл едәуір «қысқарды». Өйткені, Қарсақбай комбинаты кеңестік «АМО»-мен қоса, француздар Сахара шөлінде жүруге бейімдеп жасаған мықты автомобильдердің бірнешеуін сатып алған. Институт бітіргеннен бері бірін-бірі сирек көріп, сағыныш пен көңілді әредік торлайтын өксіктерін хатқа төгіп, мауықтары басылғанша қауышуға ынтық жас жұбайларға әрбір кездесу – кәдімгідей алданыш әрі ләззаты мол мерейлі қуаныш… «Saulem, бекерге қамықпа, әсіресе бір-бірімізден шалғай жүргенімізге, жақын арада тағы да бірге боламыз, тіпті ұзақ уақыт бірге тұратынымызға сенгейсің! – деп қиылады Қ.И. 19 маусымда Мәскеуден жолдаған хатында. – Қоштасқан кезде бетіңді жуған ыстық жас осы күнге дейін көз алдымда…». «Жосалыға келген соң қасыңда тағы бір кеш қалмағаныма қатты өкіндім. Ол кештер қандай тамаша еді?! Тамашалығында шәк жоқ. Қайтеміз енді, әредік емес, әрқашан бірге болатын күнге де жақындап келе жатқанымыз дәтке қуат. О, ол енді басқаша өмір болмақ! Соны мен ыстықта қаталап келіп дем алмай сімірген салқын қымызға, болмаса түскі астан кейін аузыңа түсер дәмді жүзімге теңеймін. Қаншама қызықтар күтіп тұр бізді! Бимен толқып шыр көбелек айналар кештер де болады!.. Мұның бәрі алда және тек қана екеуміз үшін. Жұмысты бірге істесек, шіркін, тіпті тамаша болар еді!..» – деп те қиялдайды кей сәт құйқылжыған жас көңіл (15 тамыз 1927 ж., Жосалы).
Алайда, геолог жігітті қоғам алдындағы парыз, әлеумет жүктеген зор міндеттер күтулі. Ұлан-байтақ қазақ жерінің төрттен біріне жуық атырабындағы барлауға жауапты бас маманның тікелей араласуын талап еткен келелі жұмыстар қаншама!
Қ.С. – Т.К.-ға, Мәскеу, 7 мамыр, 1928 ж.: «…Маусымның 10-на дейін Мәскеуден шыға алмаспын. Сөйтуге қызмет емес, жеке басымның шаруасы да мүмкіндік бермей отыр. Ауылдағы туыстарымның жағдайы тағы да қиындады… Соңғы хатымда жазған жайттарға әкемнің кенеттен қайтыс болғаны қосылыпты, оның үстіне тағы бір немере туысым тұтқындалған. Әкемді жан-тәніммен сүюші едім, қадір-құрметі де мен үшін өзгеше жан… Ол кісінің мынадай жағдайда дүниеден қайтуы мен үшін ауыр соққы. Үйде қалған шиеттей бес баланың, ағамның әйелінің, әсіресе қартайған шешемнің халі не күйде екенін білмеймін, екі ай болды, хат жоқ (сірә, поштадан өткізбеген). Туған ағам қазір Павлодардың түрмесінде. Байғұстың жағдайын жеңілдету мақсатымен әр түрлі шаралар істеп жатырмын. Ағайға тағылған кінә – қисынсыз жала, ісінің тезірек қаралатынына шүбәм жоқ. Тегінде, бұл да біздің жабайы даланың ескі «дертінен» туған, басараздықтан өрбіген іс. Әділ Кеңес соты әлі-ақ соны ұйымдастырған шолақ белсенділердің қаскөй әрекетін әшкерелеп, төрелік айтады. Бірақ, соған дейін ағамның үй-іші қаншама қасірет шекпекші, әсіресе қоректік малды тәркіге беріп әрі әкейдің қазасын аза тұтып жылап отырған күндерде…»
«…Қызылордадағы шенеуніктер мені «Атбастрестегі» жұмысымнан шеттетуге келіскен сияқты. Жуық арада ресми бұйрық жібермек. Демек, енді мен Қазақстанға бара алмаймын. Биылғы қыс, бәлкім, Мәскеуде қала тұрамын. Жұмыс жөнінде қиналмаспын, мені жұмысқа алуға мүдделі кеңселер мұнда аз емес… Он шақты күннің ішінде бәрі де белгілі болады. Сол кезде толығырақ жазармын. Көңіл-күй осындай, уайым жеп түңілгеннен аманмын. Қысқасы, saulem, сен биыл мен үшін де, өзің үшін де демалуға тиіссің… – депті 20 маусымда Алтайға, шешесінің үйінде демалуға кеткен Т.К.-ға жолдаған хатында Қ.И.. – Мұндағы достар Мәскеуде мүлдем қалуға кеңес береді. Өзім де сол ойдамын…»
«Әзірше осындамын, Қазақстанға, ең болмағанда ауылыма баруға қиыла сұранып, рұқсат ала алмадым, – депті Қаныш Имантайұлы 13 шілдедегі хатында. – Қала шаңын жұтқан мезі де күйкі тірлікті қанағат етуге тиіспін. Тұрмыс күйтімде ешқандай өзгеріс жоқ. Жұмыстың беталысы да бәймәлім. Ешкім ештеңе айтпайды, ең болмағанда бірдеме деп түсіндірсе екен. Ал трест жетекшілері менің кетуіме мүлдем қарсы. Бұл да мен үшін рухани сүйеу. Шынында да, өз міндетіме мен адал болдым, аянған жоқпын… Геолкоммен сөйлестім: «… өзіңіз қалаған уақытта жұмысқа аламыз» деді. Ал профессор Котульский Қазақстанда биыл тұрақты ашылмақ Геолком бөлімшесін басқаруды ұсынды… Соның бәріне нақтылы жауап бермей, ойланып жүрмін… Трестен кетіретін болса, сірә, Геолкомды таңдармын… Таисия-жан, уақытша сәтсіздігіме қамықпа. Күзде басымыз қосылып, қайткен күнде бірге тұратын боламыз… Бүгін саған жеделхат жолдап, бір шиша насыбай жіберуді өтіндім. Құрып қалғыр таусылып қалып, онсыз да жұқарып жүрген жүйкені құртып, мазамды ала берген соң, амалсыз сұрадым. Тәңір жарылқасын, жаным, ең құрығанда кеуіп жүрген таңдайымды жібітші. Ағамның жұмысында өзгеріс жоқ…»
Жуық арада дегені тек ұзап барады. Бұл болса қазақ даласында жаппай жүріп жатқан ірі байларды тәркілеудің, яки Қазақстан Өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы Ф.И.Голощекин ойлап тапқан «Кіші қазан» науқанының салдары, яки геолог Сәтбаевты Қазақстанға жолатпай, жаз бойы Мәскеуде ұстау – Әбікей Сәтбаевты нақақ сотталудан айырып алған әрекетін қайталатпаудың амалы…
Қ.С. – Т.К.-ға, Мәскеу, 21 шілде, 1928 ж.: «…Жағдайым беймәлім қалпында. Көңіл-күйім көңтерімді. Не себепті күйректенуге тиіспін: бойымдағы күш-жігерімді, білімімді туып-өскен елім үшін сарқа жұмсап келдім. Ау, сол үшін енді қиянат-қуғындауға ұшырап, жалаға ұрынып, өзімді жек көретін біреулердің күйкі әрекетінен жапа шегуге тиіспін?! Трестің жұмысы ойдағыдай деседі: Қарсақбай зауытын жыл аяғында жүргізбек; жабдықтарды монтаждауды аяқтауға жақын… Электробарлау тамаша нәтиже беріпті: Жезқазған мен Тасқұдықтың аралығынан төрт жерден жаңа кен аномалиясын ұшыратқан! Бұл – енді осы участоктарда кен шоғырлануына сенімсіздік білдіріп жүрген көрсоқыр мамандарды иландыру үшін өте-мөте мәнді жаңалық… Сөйтіп, басты ісіміз алға басып, Қарсақбай алыбының іргетасы қалануда, ол болса, өзің білесің, Қазақстанды индустрияландырудың алғашқы қарлығашы».
Бұл жолы да ақиқат жеңді. Қазақ геологын барлау алаңына жіберуге рұқсат берілді. Бұл турасында ол 28 шілдеде Қызылордаға Зыряновтағы үйінен қайтып оралған Таисияға: «…Келесі аптада барлаудың жай-күйін тексеру үшін Тұрланға (Оңтүстік Қазақстандағы қорғасынға бай Ащысай кені, Тұрлан атын бертінде, сірә, тарихи Тұрлан атауын ұмыттыру үшін саясаткерлер қасақана өзгерткен – М.С.) жүремін, одан әрі – Қарсақбайға… Жүрерімде жеделхат саламын, күт, жаным!» – депті.
Қ.С. – Т.К.-ға, Мәскеу, 4 тамыз, 1928 ж.: «…Көңіл-күйім соңғы аптада біржола түзелді деуге болады. Жұмыста да олжа көп: Жезқазғандағы барлау мен нұсқаған қолаттан қуаты 3,5 метр, мыстың орташа құнары 6,5 пайыз кен қабатына жолығыпты; пештің монтажы біткен, 15-20 қыркүйек аралығында зауытты жүргізуге мүмкіндік туған; өндірістерге сапарым жуықта қайта басталады. Тұрландағы партия биылғы барлауға бір жарым ай кешігіп кірісті. Сол үшін де қалған уақытты ұтымды пайдаланып, жобаланған жұмысты қысқа мерзімде орындауы қажет. Комбинат басшыларынан әлгінде ғана Тұрландағы партияның Түркістан жақ бағыттан… небәрі 4,5 шақырым жерден жаңа кен жүлгесін тапқанын естідім. Не қылған кен? Бара көреміз… Өзің қиыла өтінгендей, Қызылордада бірер күн аялдауға мүмкіндік бола ма, болмай ма, белгісіз. Турасын айтқанда, ешқандай жұмыс болмаса, тоқтағым келмейді. Шығарымда телеграфпен хабар беремін. Қалай болғанда да мені қарсы аласың… Денсаулығым қазір жақсы, сіріңкедей шілтиіп жүдегеннен аманмын…»
«Ертеңгілікте Түркістанға келдім, директорымды осында кезіктірдім, – деп жазады Қаныш Имантайұлы 19 тамыздағы хатында. – Тұрланның жағдайы мүшкіл: бұрғылау әлі басталмаған; дайындық жұмыстарына кешігіп кіріскен; не істейсің, қолайлы уақытты өткізіп алған. Директор екеуіміз сол жаққа жүрмекпіз. Сірә, бұл жақта ұзағырақ болармын, бұрғылауды тездетіп бастауға қалайда бірдеңе істеуім керек… Директор – жаңа адам, бұл жақтағы жұмыстың жай-жапсарын білмегендіктен жұмысқа қолайлы кезеңді өткізіп алған. Бүгін де жолға шыққысы келмей, ертең жүрсек қайтеді… деп үгіттеп отыр. Ал бізге мұнда түнейтіндей шаруа жоқ…»
Бір ниет, бір білекпен жұмсалған көп жігері қиыншылық атаулының бәрін де жеңді. 1928 жылғы 16 қыркүйекте Қарсақбай зауытындағы шарпу пешіне от қойылды. Ақ түйенің қарны жарылды дерлік ұлан-асыр қуаныш одан әрі кешіккен жоқ. Бір айдан соң, 19 қазан күні, түнгі сағат он бір шамасында Қарсақбай зауытының конверторынан тұңғыш рет мыс бұлағы ағызыла бастады. Кеңес өкіметі салған тұңғыш мыс өндірісінің өнімі, тұңғыш Кеңес мысы дүниеге келді!
Қуаныш та, тегінде, егіздеп туындайды. Сәті түссе уақыт талғамай оңнан да, солдан да орайласа қалады.
«…Жезқазғандағы барлау өте-мөте сәтті жүріпті. Биылдың өзінде, сірә, 25-30 мың тоннаға кен қорын өсіреміз. Электробарлаудың нәтижесі де көңілдегідей! – деп шаттана сыр шертеді Қаныш Имантайұлы Қарсақбайдан, қыркүйектің 3-і күні Таисияға жолдаған хатында. – Иә, бұл жақтағы барлау жұмыстарының көлемі ұлан-асыр, соның бәріне тек қаржымыз жетсе… Шүбәлімін… Бұған бірақ аса қайғырып отырғаным жоқ, ең бастысы, қазақ даласында кен бар. Екі жылдық шағын барлауда Жезқазған қоры қаншаға өсті?! Биылдың өзінде Спастағы барлау мыс қорын екі миллион пұтқа көтерді. Ал Өспендегі барлаушылар алтын тауыпты. Қайрақты мен Тұрландағы олжалар ше?!»
«Русаковтан алған ресми емес хабарыма қарағанда, Балқаш төңірегінен жалпы көлемі бір миллиард пұт шамасында (!) мыс кені табылыпты. Шындық болғай, онда бұл – дүниежүзілік алып! – деп масаттанады жас геолог келіншегіне жолдаған тағы бір хатында. – Тек мұндағы шенеуніктердің біздің далаға деген сенімсіз көзқарасы өзгерсе екен?! «Жері қашық, су жоқ…» деп күні бұрын байбалам салған, дұрысын айтқанда, жер шалғайлығынан зәре-құты қашқан сақтанымпаз мамандардың теріс пиғылына ғана қарным ашады…»
«Қымбатты Таисия! Ақмолаға жіберген ақшаңды (екі мәрте) және бір хатыңды алдым, рахмет! Дін аманмын, денсаулығым оңды, тек жол азабын шексіз тарттым, – депті Қаныш Имантайұлы Ташкенттен келетін 3-ші пойызды тосып отырып, Сызрань қаласынан қарашаның 24 жаңасында Қызылордаға жолдаған хатында. – Спас зауытынан Шортандыға дейін, бұл енді 500 шақырымдай жер, салтатпен өттік, ал Шортандыдан бері төрт тәулік ұдайы пойызбен изеңдедік. Шаршағанымды сұрама, Мәскеудегі пәтеріме жетіп, төсегіме қаннен-қаперсіз құлауды ғана тілеп отырмын, соны арман еткеннен өзге ештеңе басыма кірер емес. Saulem, сені де ерекше сағындым. Егер Мәскеуде тағы бірдеме сопаң ете түспесе, барысымен шақыру жібертемін, сен енді, жаным, ешқандай кедергісіз және бұлданбай бірден келесің. Бұдан әрі бұғылмақ ойнап, бөлек тұрғанымыз жүйкемізді жұқартып болды, бұл уәжге, сірә, дау айтпассың… Ғалымтай бірге келеді. Оқудан кешіксе де менен қалғысы келмеді, байғұс балақан үстелге басын сүйеп ұйықтап отыр. Мектебіне қайткенде алғызатын амал ойластыруым керек… Маған күш-тірек насыбай ала келуді ұмытпа, кем дегенде 5 шиша. Өзіңнің Қ».
Сөйтіп, 1928 жылдың аяқ шенінде қос мұңлықтың бастары Мәскеуде түйісті. Т.К. Атбасар түсті металл тресінің Мәскеудегі басқармасына геолог болып орналасып, ерлі-зайыпты атанудың тек қана төртінші жылында үлкен астанада бірге тұратын болды. Бірақ, геолог ері көктем шыға Ұлытауға аттанып, Таисия Алексеевна тағы да жалғыз қалды. Бұл жолғы себеп бұрынғыдан өзгеше: келіншегінің аяғы ауыр еді, күткен нәрестені Сәтбаевтар тамыз айында сүйіп, әкесінің қалауымен Арыслан деп атаған. Алайда, Мәскеуде олар ұзақ тұрмаған. 1929 жылдың күзінде Атбасар тресі таратылып, Қарсақбай мыс комбинаты дербес ұжым болып қайыра құрылған. Қ.И. Қарсақбай комбинатының бас геологы және геология бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалып, Т.А. Кошкина да сол бөлімнің геолог-минералогы міндетін атқаруға кіріскен. Сондықтан да Қ.И.-дың келіншегіне хаттары енді Ресей қалаларынан жолданған. Әлбетте сирей түсіп, ақыр аяғында біржола үзілген. Төменде солардың біреуінен ғана үзінді келтіреміз…
Қ.С., Мәскеу – Қарсақбай, Т. К.-ға, 25 желтоқсан, 1929 ж.: «Қымбатты Туся! Хатыңды бүгін алдым. Арысланды ойлап алаңдап жүр едім, көңілім жайланды. Мен кетерде басталған аяз үйді мұздатып, балаға суық тиіп қалды ма деген қауіп қой баяғы. Аязға оның мәу демегеніне қуаныштымын. Демек, нағыз қазақ! Инженер Поповпен сәлем-сауқат жібергеннен кейін де өзіңе хат жазғанмын, ал кеше балалар ауруының профессорында болдым. Оның маған айтқаны: Арысландікі «диспенсия» деген кінәрат. Тегінде, бұл… баланың қоректі тым көп алып, соны әлсіз ұлтабарының қорытып үлгере алмауынан пайда болады-мыс. Сен оны жиі емізесің, бәлкім, омырау сүтің өте қою… Қысқасы, бала үшін қауіпті ештеңе жоқ дейді, төртінші айдан соң өз-өзінен тарқайды дейді. Сен өзіңе басқадай міндет алып әуре болма… Мен саған Арысланнан өзге ешбір шаруа тапсырмаймын, тыйым саламын!.. Бөкейхановты (Сергей Әлиханұлы, жоғары білімді барлаушы маман – М.С.) Қарсақбайға ауысуға көндірген сияқтымын. Профессор М.М. Пригоровскийді көрдім… Бурцевті жазға салым Қарағандыны қосымша барлауға жібермек екен, айтуынша, одан өзге тиянақты кісі таппапты. Ал мен Бурцевтің тағы бір маусым Қарсақбайға керек болатынын дәлелдеп бақтым. Сірә, сөйтуге Ленинградта келісетін шығармыз. Дмитрийге айт: Қарсақбайға мен қаңтардың 10-15-і аралығында қайтамын, сол кезде ешбір бөгетсіз демалуға босатамын, үй-ішін көрдім, тегіс аман… Бұрғылау станоктарын алу қиындап кетіпті, сірә, табылған күнде де мамырдың бастапқы күндерінен беріде ештеңе тие қоймас. Басқа тапсырыстар да жүйкені құртар әншейін іске айнала ма деп қорқамын».
Қаныш Имантайұлы мен Таисия Алексеевна ерлі-зайыпты атанып, бір шаңырақтың астында 38 жыл бірге тұрып, үш перзент сүйіп (тұңғышы Арыслан кішкентай кезінде опат болған соң Мейіз және Мариям атты қыздары болған), бақытты ғұмыр кешкен. Сүйікті ерінен 63 жасында жесір қалған Таисия Сәтбаева (ерінің фамилиясына ол кісі 1944 жылы ауысқан) 12 жыл өмірін ғұлама ғалымның артында қалған ғылыми мол мұраны, іс қағаздарын ғылыми жүйелеу ісіне арнап, «Академик Қ.И Сәтбаев» атты естеліктер жинағын, 5 томдық таңдамалы еңбектерін шығаруға, бейітінің үстіне зәулім құлпытас және Ғылым академиясының бас ғимаратында кеудемүсінін қоюда, Қарсақбай мен Баянауылда мұражайларын ашу мен соларды мұрағаттармен жабдықтауда ересен қайрат-жігер аңғартқаны – Қазақстан қауымына жақсы мәлім. Таисия Алексеевна 1976 жылы 6 сәуірде дүниеден қайтты.
Медеу СӘРСЕКЕ, жазушы.
Семей.
«Егемен Қазақстан»
25 қаңтар, 2012 жыл.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.