Елена Әбдіхалықова: Димаш көкжиекке көз тігіп, әлемге қанат жайып отыр
- авторОймақ
- Бүгін, 08:35
- 16
Күні кеше "Qazaqstan" ұлттық арнасы әлем әншісі, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің мұрындық болуымен өтіп жатқан, Қытайдың Hunan Broadcasting System компаниясымен бірлесіп дайындалған, «Көкжиектен асқан үн» (Voice Beyond Horizon) атты жаңа халықаралық музыкалық байқауының алғашқы хабарын көрсетті.
Несін жасырайық, бұған дейін "боладысын" естігенде, қытай елінің өте беделді «Hunan.tv» арнасымен бірлескен жобаның қалай боларына түсінігіміз аздау еді. Сөйтсек, Димаш тек әлемдік әнші ғана емес, өз елінің ұлы перзенті , таным көкжиегі кең , көреген стратег, мынау аласапыран заманда "қайтсем елімді әлемге танытамын?" деп жүрген оғлан екен-ау...Әрине, Ол теңдессіз өнерімен де қазақ елін, қазақ үнін, қазақ ТІЛІН әлемге таныта алды! Бағасына жете алсақ, ол да қазақ елі үшін аз бақ емес!
Байқаудың "ә" дегеннен қасиетті Түркістан төрінен басталуы да тегін емес. Қасиетті күмбезді айнала ұшқан құстардың қанатында әлемнің түпкір-түпкірінен келген жас әншілердің үні қалықтайды. Қатысушылардың көңіл-күйі, өнер жолында жүрген бейтаныс көздердің қазақ даласына сүйіспеншілігі қандай?!... Әлемге танымал композитор Уолтер Афанасьефф, Қытай эстрадасының жарық жұлдызы Лэй Цзя және Димаштың өзі бас болып қазылық еткен жобада музыкамен бірге ел тарихы да сөз болады. Ұлы Жібек жолындағы елдердің негізгі сипаты сауда болғанмен, оның мәдени болмысымызға да ұшан-теңіз әсер еткені тарихтан белгілі. Еларалық ортақ әңгіме, адамзат баласын ауыр бомба, атыс-шабыс емес, өнер мен мәдениет қана ұшпаққа жеткізе алатынын осы бір сәт қана дәлелдеп тұрғандай... Ал, өнер бір күндік емес! Мәселен, Лэй Цзыдың бүгінде қазақтың бірі білсе, бірі білмейтін, тиісті деңгейде дәріптелмейтін Бақытжан Байқадамов туралы айтқаны қандай жып-жылы... . Осы күні өзімізге ең керексіз дүние саналатын ән өнері әбден есірік пайым мен ессіз талғамнан аса алмай қалған уақытта "дұрыс бағыттағы , толыққанды музыкалық критерийге жауап бере алатын шығармаларымыз өзге елдің байлығына айналып кеткен екен-ау " деген қынжылыстан , санаңда "неге біз осындай бейқамбыз?" деген сауал сумаң ете қалады... Не десек те, қытай әншісінің өз аузынан айтып жүрген әуендері қазақтыкі екені айтылғанда, айналып келіп, бәрібір әділдік пен адалдықтың жеңетініне сенгің келеді... Хош делік!
Сонымен, "Көкжиектен асқан үн" бізге не береді? Бұл жобаны қытайлық жоба деп қарайтындар және қаралайтындар табылар... Өйткені, біздің қоғам біреуді қаралап, қарғап, жерге тығуға, барды жоқ қылуға келгенде алдымызға жан салмайтын қоғамға айналғалы қашан?! ... Ал, бір Димаш бүкіл бірнеше жауапты ведомоствосы бар үкіметтің бәлен қаулы,қарар қабылдап, у-шу болып жасайтын жұмысын бір өзі атқарып жүргеніне сүйсінбеске амалыңыз бар ма?.. Менің түсінігімде , жобаның мақсаты мынадай:
- Қазақтың кең байтақ даласының қадір-қасиетін әлемге таныстыру. Түркістан, Астана, Маңғыстау, Алматы секілді бір-біріне мүлде ұқсамайтын аймақтарымызда түсірілім жасауы - соның айғағы.
-Елімізді халықаралық деңгейдегі музыкалық хабқа айналдырумен бірге, ұлтымыздың өнерпаз ұландарын ізіне ерте отырып, әлемдік аренаға шығару. Өте талантты әнші Нұржас Садырбайдың өнері бәрімізді тәнті еткені -дәлел!
-Адамзат баласына дұрыс бағыттағы музыканы , шын өнерді дәріптеу арқылы өнерде шекара болмайтынын айту, әрбір халықты өз мәдениетін дамытуға үндеу, мәдени құндылықтарды сақтау.
....Азды-көпті өнер жолында жүрген соң, біздің де ішіміз қыз-қыз қайнайды. Сонау жылдарда елімізде бірді-екілі халықаралық жоба-байқаулар өтті. Соның бірі марқұм Мұрат Ерғалиевтің "Азия дауысы" конкурсы болатын. Ол да өз кезеңінде біршама таланттардың ұшталуына септігін тигізгенін жоққа шығара алмаймыз. Басқа елдерде "Новая волна" , “Сан Ремо” секілді деңгейі жоғары жоба-байқаулар өтіп жатқанда, біздің ел қыруар қаржыға, бірді-екілі адамның көңілі-күйі үшін "Алматы - менің алғашқы махаббатым" сияқты "тусовка" деңгейіндегі фестиваль ұйымдастырғандарына мәз. Өнердің парқын білсек , өнер арқылы да үлкен саясат, әлемдік имидж қалыптастыруға болатынын Димаштан басқа ұғынатын кім бар? Мәдениеті жоғары елдерде өнер мен өнерпаз жоғары бағаланады. Оларға инвестиция салу арқылы, ел мәдениетінің деңгейі көтерілетінін алдақашан түсініп, жүзеге асырған. Біз ше? Біздің бүгінгі мәдени деңгейімізді тек қана әртіс көйлек киіп, мән-мағынасыз, не болса , соны ән деп , тойда жүру деңгейінде қалғанымыз -әзір ешкімді өкіндірер емес. Ал, осы өкінбеу- ертең опындырары анық. Осының бәрін Димаш түсініп, көкжиекке көз тігіп, әлемге қанат жайып отыр. Оң болсын дейміз! Осы жобаға ат салысып қана қоймай, Нұржас Садырбай секілді талантты танып, дайындап , додаға қосқаны да үлкен көрегендік. Өзінің қаламынан туған әні де әлемдік деңгейдегі ән! Ал, енді мені мазалайтын нәрсе мынау: Өз елін өнерімен қоса, өрге сүйреп келе жатқан Димаштың потенциалын қашан ұлттық деңгейде пайдаға асырамыз? Мәселен, неге өзімізде әлемдік, халықаралық деңгейдегі Димаш Құдайбергеннің басшылығымен, немесе Димаш атындағы ҰЛТТЫҚ Музыкалық Жоба жасамасқа? Оның құны мән-мағынасыз саммит, референдум т.б. жиындар өткізе бергеннен әлдеқайда арзанырақ, бірақ тиімділігі өте жоғары болары сөзсіз! Ол өзіміздің төл жобамыз, әлемге тек түбі жоқ жемқорлықпен ғана атымыз шықпай, тосын сыйымыз, талай тағдырларды, ой-пікірлерді тоғыстырған мәдени кеңістік болар еді ғой?
....Түркістан... Қазақтың әлемге танытқан ұлдары да жүр сол маңда! Үні де аспанда шарықтайды! Байрағы аспанмен бірге жасайды! Өйткені , бұл Көкжиектен асқан үн! Көк түріктің ұлдарының үні! Жасай бер, Димаш! Жарқырай бер, Нұржас!
P.S. Ал, күні кеше Миландағы олимпиадада Димаштың шырқырата салған әні Михаил Шайдоровты Олимп шыңына шығарғанына қалай мақтанбайсың? Қалай марқаймайсың? ! Жұрттың бәрі су жаңа чемпионымыздың ата-тегін қазып, нағашы, ата-бабасын, ұлты мен ұлысын түгендеп әлек болып жатқанда, Димаш "Мишабай" деп, темір тұлпарын сый етті. Ол да екінің бірінің қолынан келе бермейтін мәрттік! Екеуінің аты бірге аталып, Милан аспаны Қазақстанның көк байрағындай жап-жарық болды да кетті. .. Жасай беріңдер, Ұлы даланың Ұландары!
Құрметпен, Елена Әбдіхалықова
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Қазақстандық блогерлерден 500 млн теңге салық өндірілді
Ұқсас жаңалықтар
"Cөз — өте қауіпті қару": Қайрат Нұртастың қызы хейтерлерге жауап берді
- авторОймақ
- 13 ақпан, 2026






