The Washington Post басылымына сұхбат берген Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба НАТО елдерінің Украинаға Patriot батареяларын бере алмағанын айтты. «Біз Patriot-тың 100 батареясын таптық. Бірақ ешкімнің бұл жүйені жалға да бергісі келмеді. Мен басым тасқа соғылғандай күйдемін»,-деді Д.Кулеба. «НАТО күніне арналған кештеріңіздің шырқын бұзғаным өкінішті, бірақ жаһандағы ең қуатты альянс Украина үшін Patriot-тың 7 батареясын тауып бере алмады»,-деп қосып қойды Украина дипломаты.
Ал Еуропа одағының сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты бойынша Жоғарғы өкілі Жозеп Борррель болса: «Украина сыртқы істері Дмитрий Кулебамен бірнеше күн бұрын сөйлестім, ол өз елін қорғау үшін Patriot-тың 7 батареясын жалынып сұрап жүр. Еуропа елдерінде 100 батарея бар бола тұра, олардың өтінішін орындай алмауды елестету қиын. Бірақ бәрібір олар сұраған 7 батареяны бере алмаймыз»,-деді. Осылайша НАТО-ның Еуропадағы мүшелері Украианға Patriot батареяларын бере алмайтын болды.
Негізі НАТО-ға мүше 32 мемлекеттің 29-ы Еуропада, біреуі Азияда, Екеуі Солтүстік Америка құрлығында орналасқан. Демек Еуропа мен Азиядағы «натолықтарда» 100 батарея болса, әр мемлекеттің үлесіне 3-4 данадан ғана келеді деген сөз. Алайда НАТО елдерінің барлығында Patriot кешендері жоқ. Кейбір деректерге қарағанда Еуропада Patriot кешендері Германия, Грекция, Испания, Нидерланды, Польша, Румыния және Швецияда ғана бар. Ең көбі Германияда. Шамамен 10 батарея болуға тиіс. Өзгелерінде 1-2, кейбіреуінде 4-5 дана ғана бар. Еуропада Patriot кешені батареясының саны жөнінен Германиядан кейінгі орынды Грекия алады. Ашық дерек көздеріндегі мәліметтерге қарғанада, оларда 6 батарея бар. Румыния тапсырыс берген батареяларын алса, жалпы саны 7 ге жетеді. Әзірге төртеу ғана. Демек дәл Еуропаның өзінде жалпы саны 100 батарея болу-болмауы неғайбыл. Ашық дерек көздеріндегі мәліметтерді сараптасақ, Еуропада әрі кетсе 33 дана Patriot батареясы бар. Сондықтан Д.Кулеба мен Ж.Боррель айтқан батареялар қай мемлекеттерде екенін бағалау қиын. Шамасы саясаткерлер 100 дана екенін айтқанда АҚШ-тағы батареяларды қоса есептеген болуы мүмкін. Әлде олардың сөзін медиа бұрмалап жіберді ме, ол жағы бізге беймәлім. Ал АҚШ-та 60 батарея бар екені жиі айтылады. Одан кейінгі орында Жапония тұр. Patriot-тың 24 батареясы бар.
Бірқатар мамандар дәл АҚШ үшін Patriot батареяларының қажеті шамалы деп санайды. Өйткені АҚШ-та зымыран қорғанысының стратегиялық жүйесі бар. Әуе шабуылына қарсы тактикалық қорғаныста жойғыш ұшақтар мен Arleigh Burke сыныбындағы эсминецтерінің өзі шешуші рөл атқарып кетуі мүмкін. АҚШ әскери теңіз күштерінде мұндай эсминецтердің 65 данасы бар. Жойғыш ұшақтар да көп. Өзгені былай қойғанда, F-35 пен F-22-лердің өзі талай шаруаны тындырады. Сондықтан іс жүзінде Patriot кешендерінің құрлықтық нұсқалары АҚШ үшін қосалқы рөл атқаруы ықтимал. Алайда әзірге АҚШ бұл кешендердің тағы бірнеше данасын Украинаға беру мәселесін қарастырып жатқан жоқ. 1-2 батареяны Жапонияның беру ықтималдығы бар. Алайда оның өзі әзірге саясаткерлер арасында тараған алып-қашпа әңгімеге ұқсайды.
Айтпақшы, Patriot-қа қатысты мәселе айтылып жатқан сәтте АҚШ билігі Украинаға 138 млн долларлық әскер техниканы сатуға рұқсат етті. AFP агентігінің хабарлауына қарағанда АҚШ-тың Қауіпсіздік саласы бойынша халықаралық ынтымақтастық агенттігі (DSCA) Киев үшін Ресейдің зымыран шабуылына қарсы қорғаныс мүмкіндіктерін кеңейту қерек деген байламға келген. АҚШ-тан сатып алынған техникалар Украинаға бұрын берілген Hawk зениттік-зымыран кешендерін модернизациялауға, жөндеуге бағытталады дейді. Сөйтіп маңызды инфрақұрылым нысандары мен халықты қорғауды күшейтеді деп санайтын көрінеді. Осынау қысқаша ақпараттан Уашингтонның Patriot жайлы ләм-мим демегені байқалады. Алайда Hawk-қа арналған құрал-жабдықтың арасында Patriot батареялары болмасына ешқандай кепілдік жоқ. Дегенмен Patriot-тар дорбалайтын зат емес екенін, оны тасмалдау медианың назарына ілігіп қалуы мүмкін екенін де жоққа шығармау қажет. Қысқасы, Киевке Patriot батареялары керек. Ал оларды кім және қашан, қанша данада берері әзірге белгісіз.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Рақымғали Құл-Мұхаммед қайырымдылық жасады
Ұқсас жаңалықтар
Зеленский енді АҚШ президенті болып сайланған Трамппен тілдесіп үлгерді
- авторОймақ
- 8 қараша, 2024