"Маған әлі бейтаныс бір әлем бар екен": Бердібек Сапарбаевтың келіні атасы туралы жылы естелігін бөлісті
- авторОймақ
- Бүгін, 09:38
- 16
Қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың келіні Адель Сапарбаева әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм қайын атасына қатысты жүрекке жылы естелігін бөлісті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz.сайтына сілтеме жасап.
Адельдің жазуынша, Бердібек Машбекұлы ешқашан ұзын-сонар ақыл айтып, насихат жүргізбеген. Ол өмір сүру тәсілімен-ақ айналасына үнсіз тәрбие берген жан болған.
"Жансұлтанның әкесі бізге ешқашан ұзақ әңгіме айтпайтын. Ол тек өмір сүрді. Ал оның қасында жүрген адамға бәрі сөзсіз-ақ түсінікті болатын", – деп еске алады ол.
Қайын атасы қызметте жүрген жылдары кітап оқуға көп уақыт таппаған. Өйткені оның өмірі халыққа қызмет ету, жауапкершілік пен ел алдындағы борышпен тығыз байланысты болған. Кітап оқу кейінге қалдырылған, бөлек бір әлем секілді сезілген.
Алайда зейнетке шыққан соң, Бердібек Сапарбаев үйіндегі кітапханасын реттеп, артық дүниелерден арылып, тыныштыққа бет бұрған. Сол кезде күтпеген жерден Адельдің өз кітабын қолына алады.
"Кездейсоқтық па? Мен олай ойламаймын. Кездейсоқтықтың артында Алла өзінің үнсіз жоспарын жасырады", – дейді ол.
Бұл жан туралы, рухани әлем, адамның өмірге келмей тұрып-ақ қандай сабақтарды бірге өтетінін алдын ала келісетіні жайлы жазылған кітап еді. Ата-ана, бала, жар рөлін атқармас бұрын таңдалатын рухани жол туралы болатын.
Бір күні Адель бұл кітапты қайын атасының бөлмесінен көріп, таңғалғанын айтады. Кейін екеуі оны асықпай, дау-дамайсыз, бір-бірін дәлелдеусіз талқылай бастаған. Тек сезіммен, түсіністікпен бөліскен.
Сол сәттердің бірінде Бердібек Машбекұлы:
"Мен 70-ке келдім. Мен бәрін білемін деп ойлайтынмын. Бірақ қазір түсіндім – мен білмейтін, маған әлі бейтаныс бір әлем бар екен", – деген екен.
Осыдан кейін ол келесі оқитын кітабын таңдауды да келінінен сұраған. Ал алғашқысы – Крайонның "Үйге саяхат" атты еңбегі болған.
Адель Сапарбаеваның айтуынша, дәл осы кітаптан бастап қайын атасының сөзбен емес, ісімен, болмысымен үйреткен ең басты қасиеттері көріне бастаған: тереңдік, ашықтық және "мен әлі де жол үстіндемін" деп мойындай алу.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





