Конституциялық комиссияның төртінші отырысында қаралған Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасының таныстырылымында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституцияда неке мен отбасы құндылықтарын, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау міндеттемелері күшейтілетінін атады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Сонымен қатар, Конституцияның адамның жеке басына қол сұқпау, адамның негізгі құқықтарын қорғау және сот билігінің тәуелсіздігіне қатысты нормалары айтарлықтай күшейтіледі.
Бақыт Нұрмұханов ұсынылған өзгерістердің басты тұстарына ерекше тоқталып, «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» атты бөлімнің жаңа атауы қарастырылған мәселелерді толық қамтитынын атап өтті.
Бұл өмір сүру құқығын абсолюттік дәрежеге көтеру, адамға бағдарланған саясат, адамның жеке басына қол сұғылмаушылық пен «Миранда ережесінің», цифрлық дәуірде жеке мәліметтерді қорғау, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғауды күшейту, әлеуметтік құқықтар мен құқықтық анықтық қағидаттарын бекіту деген сөз, - деді Бақыт Нұрмұханов.
Ол қазіргі уақытта Конституцияның 7-бөліміндегі сот әділдігі қағидаты ретінде қарастырылып отырған кейбір нормалардың адам құқықтарын қорғау кепілдігі ретінде осы бөлімге көшіріліп, жеке бапқа біріктірілетінін айтты.
Сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндік құқығына жаңа мән-мағына беріліп, демократиялық және құқықтық мемлекетте жеке тұлғаның еркін дамуының маңызды шарты саналатын зияткерлік меншікті қорғау кепілдіктерінің бөлек түрлері белгіленді, – деп атап өтті Конституциялық сот төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, аты өзгерген «Сот жүйесі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» бөлімінде де айтарлықтай өзгерістер көзделген. Оған сот ісін жүргізу нысандарын кеңейтуге, әділеттілік пен сот тәуелсіздігінің конституциялық қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ сот жүйесіндегі кадр мәселелеріне қатысты сот мәселелері бойынша маңызды түзетулер кіреді.
Сөз соңында Бақыт Нұрмұханов «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» деп аталатын жаңа бөлім Ата Заңның мәтінін ең үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес жаңартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұған дейін Ата заңның 77 бабына түзетулер енгізілетіні айтылды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





