дүйсенбі, 26 қаңтар, 2026 16:57

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Ербол ЖАҚСЫГЕЛДІҰЛЫ:  Қарттарға қамқорлық жасалса...

Ербол ЖАҚСЫГЕЛДІҰЛЫ:  Қарттарға қамқорлық жасалса...
Елордадағы театрлардың әрқайсының орны бөлек.

«Театр тобырды ұлтқа айналдыратын орын» деген екен әйгілі Томас Манн. Расында, бүгінгі қазақ театр мәдениеті әлемдік биікке қол созып, дамыған елдермен терезесі тең өнер көрсетіп жүр. Елордадағы театрлардың әрқайсының орны бөлек. Жақында Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ Ұлттық музыкалық драма театрдың директоры Ербол Жақсыкелдіұлын ашық сұхбат алаңына шақырып, әңгімелескен едік.  

 

– Ербол Жақсыгелдіұлы, бұған дейін қай салада қызмет еттіңіз, әуелгі әңгімені осыдан бастайықшы?

Жиырма жылдан бері мәдениет саласында еңбек етіп келемін. Театрға

келгенде қатардағы қарапайым қызметкер болып бастадым. Жігіттерге көмектесіп, қара жұмысты да істедім. Мұнда көзге көрінбейтін ірілі-ұсақты қаншама шаруа бар. Театрдың өз қазанында қайнап шыққан, қарапайым қызметкерден бастап бөлім басшысы деңгейіне көтеріліп, уақыт өте тәжірибе жинадым. Өмірде ештеңе жайдан жай болмайды ғой. Бәрі еңбекпен, тәжірибемен, сынақтарымен келеді. Өмірдің өзі сынақ алаңы болғаннан кейін, басшы болсаң да, қатардағы қызметкер болсаң да сынақтар бірінен кейін бірі келе береді. Басшы болсаң болды, ертегінің соңы деген жоқ. Мен де кетемін, жасаған жұмысым қалады, жасай алғаным ғана маңызды. Қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, қоғамға, төңірекке пайдалы бола алу туралы көп ойлаймын. Өмір ешқашан бүгіннен басталған емес, мен оны бала кезімнен-ақ аңғарғам. Басымыздан өткерген ең үлкен қайғы да, ең үлкен қуаныш та Алланың қалауымен өте шығатынын түсінгенмін. Бізді «БІЗ» жасайтын қымбат естеліктер, мазмұнды күндер. Сондықтан үнемі «ұжым қымбат» деп, «біз» деп айтамын. Ұжымымның қолдауының арқасында үлкен жұмыстар жасалынып жатыр. «Көңіл - қағба, оған зиярат ету керек» дегендей, еш жанның көңілін қалдырмауға тырысамын.

–Өнер саңлақтары алдыңғы дарабоздардың шекпенінен шыққанын мақтаныш етіп жатады. Сіз кімнің шекпенінен шықтыңыз?

–Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында оқыдым. Ұстазым - кино режиссер Сатыбалды Нарымбетов. О кісіні өзім таңдап, сенімінен шығуға тырыстым. Студент кезде белсенді болып, түрлі шараларды ұйымдастырып, студенттермен жұмыс істеп, өзімді жан-жақты сынап тәжірбие жинадым. Продюсер болып түрлі жобалармен айналыстым, кейін ұлтыма адал еңбек етуді мақсат тұтып мемлекеттік қызметке келдім.

–Ербол мырза, бір ауыз сөзбен айтқанда, сіз үшін театр деген не?

–Театр - айна. Адам өзін, қоғамды, шындықты көретін айна.

–Театр жұмысы кезінде қандай да бір ұстанымға иек артасыз ба?

–Жұмыста қарапайым киім ілушіден бастап, атақты Халық әртісіне дейін бөліп жармай, бірдей қараймын. Тіпті, жеке мәселесімен келсе де, алдыма келген кез келгенінің мәселесін тыңдап, барынша жылдам шешіп беруге тырысамын. Ешбіріне немқұрайлы қарамай, ықылас қойып тыңдап, түсінуге тырысып, шынайы жылы лебізімді айтып отырамын. Себебі, кейде бір ауыз шынайы лебіздің өзі адамға күш береді, қанат бітіреді. Кейде адамға соның өзі де жеткілікті болады. Ал қарапайымдылық, әдеп сақтау, адамгершілігіңді әлсіздік деп ұғып, басынғысы келетіндер болса, басындырмаймын. Ондайда мінез көрсетемін. Қажет жерінде қолданылған мінез – Әлихан атамыз айтқандай, ұлтқа қызмет етудің үлгісі.

–Егер әлемдегі барлық театрға кіру мүмкіндігі болып, бір қойылымды көруге жол ашылса, қай театр мен қойылымды таңдар едіңіз?

–Классикалық, адам жанының тереңін ашатын театрды таңдар едім. Мысалы, әлемдік деңгейдегі театр сахнасында қойылған Шекспир немесе Чехов пьесаларын көргім келер еді. Себебі мұндай қойылымдар уақытқа бағынбайды, олар кез келген дәуірдегі адамға бірдей сұрақ қояды. Сол сұрақтарға жауап іздеу - театрдың ең үлкен күші деп ойлаймын.

–Сізді бүгінгі қоғамда не нәрсе алаңдатады? Ол дүниелер сахналанып жатыр ма?

Жақында іс-шараға шақырылып, қарттар үйіне бардым. Қоғам

қатыгезденіп барады. Түрлі жан түршігерлік оқиғалардың ішінде адамдардың өз әке-шешесін қарттар үйіне өткізуі қалыпты болып кеткеніне қынжыламын. Қазақта «әкең жынды болса, байлап бақ» деген бар. Өзін өмірге әкелген, әлпештеп өсірген ата-анасының көзін жәудіретіп тастап кетіп, ай сайын зейнетақысы түскенде, ұялмай барып алатындар барын білгенде, көзім шарасынан шықты. Сондай әрекетке баратын тасбауыр перзенттерге мемлекет тарапынан ай сайын төленетін  қомақты айыппұл арқалатса, ешкім әке-шешесін қарттар үйіне өткізбес еді деп ойлаймын. Қарттарға қамқорлық жасалса жақсы болар еді. Қарттар үйінде жатқандардың басым көпшілігі қазақтар. Бұл үдерісті тоқтату үшін отбасы инстутында ұлттық дүниелерді дамыту керек. Ұлттық сана - ұлт руханиятының алтын көпірі. Салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымызға баса назар аударылу керек сияқты. Осы дағдарысты сахнаға шығарғым келеді. Мен өз ойымды мамандарға айттым. Одан әрі режиссерлік шешім қалай болады? Ол алдағы уақыттың еншісінде. Біз әр түрлі қойылымдар қоямыз, әлемдік классика болсын, қазақ драматургтерінен болсын сахнаға шығарамыз. Бірақ, ұлттық театр болғаннан кейін, мейілінше қазіргі қоғамда өзекті, ұлттық болмысымызға тереңірек тамыр жіберсек, сондай құнарлы дүниелерді көбірек ұсынсақ деймін. Театрға адам өзін көруге, рухына азық бермекке, өз жанын немесе қоғам күйін сахнадан көрмекке келеді. Солай жанына үңіледі. Ойланады.

Осы тұста өз салама қатысты бір айта кетерлік дүние бар. Қазір мәдениет саласында үлкен резонанс тудырып жатқан жағдай, зейнет жасына жеткен қызметкерлерді жұмыстан босату. Жалпы, өнер адамдарының жас ерекшеліктеріне баса назар аударылмау керек. Өмірге талант арқалап келген майталмандар зейнет жасына жеткенде сахнадан шеттетілмеу керек. Себебі талант, ол - қуат. Талантты қуаттан айыру - өнерге жасалған қастандық. Осыған байланысты жаңа заң жобалары қарастырылса деп ойлаймын. Басшы болған соң, заң мен жүректің ортасында қалып қоятын жағдайлар бар. Әрине, заңға бағынамыз. Дегенмен, осындай театрдың өсіп-өркендеуіне ұйытқы болған әртістерді сахнадан шеттету - азаматтығыма сын.

 

–Қазіргі жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

Қырық деген жас жастарға үлкен болып көрінгенімен, үлкендерге жас

сияқты көрінетін жас қой. Мен жастарға ақыл айтпаймын. Қазір жастар ақылды, сауатты, елдің болашағы солардың қолында. Біз жастарды тәрбиелей алмаймыз, тек өз тәжірибемізге сүйеніп, білмегенін үйретіп, бағыт-бағдар бере аламыз. Онда да өздері сұрап, ықыласты болса. Мағжан атамыз айтқандай, «Мен жастарға сенемін!»

–Алда қандай жоспарларыңыз бар?

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры

үшін 2025 жыл мазмұнды премьералармен, халықаралық жобалармен, беделді марапаттармен және ауқымды гастрольдік сапарлармен ерекшеленді. Театр ұжымы ел ішінде ғана емес, шет мемлекеттерде де өнер көрсетіп, қазақ театрының биік деңгейін айқын танытты. Жыл қорытындысында 251 спектакль қойылып, 65 мыңнан астам көрерменге рухани қызмет көрсетілді.

Алдағы 2026 жылы театрдың жаңа жылға жоспарлары өте көп, тың премьералар мен ірі шығармашылық жобалар жүзеге асырылмақ. Ұжым көрерменге рухани жаңалық сыйлап, ұлттық өнердің көкжиегін кеңейте түсуге ниетті. Жаңа жылда театр табалдырығын аттаған әрбір көрерменге шабыт пен үміт, жүрекке жылу сыйласақ деген ізгі тілек бар.

–Шынайы әрі мазмұнды әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Таңшолпан Ертайқызы

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар