Кассаның 50 пайызын алып отырған кинотеатрларға тексеріс жасау керек – Елнұр Бейсенбайұлы
- авторОймақ
- Бүгін, 11:36
- 25
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев қазір қазақстандық кинонарықты санаулы ғана «таңдаулы» топ бақылап отырғанын айтып, монополиялық саясат жүргізіп отырған кинотеатрларға шара қолдану мәселесін көтерді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев креативті индустрияны ұлттық экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде айқындағаны белгілі. Сонымен қатар, жас ұрпақты дұрыс мәдени тұрғыда тәрбиелеу мәселесі түрлі деңгейде тұрақты түрде көтеріліп келеді. Бұл ретте кино саласының рөлі айрықша, оған балама жоқ деуге болады. Аталған міндеттердің іске асуына саладағы қазіргі ахуал айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. «AMANAT» партиясының атына кинематография өкілдерінен кинотеатрлар тарапынан кассалық түсімдерге қатысты әділетсіз талаптар жөнінде көп өтініш түсіп жатыр», – деді ол депутаттық сауалында.
Оның айтуынша, кинотеатрлар фильм табыс әкелетініне-әкелмейтініне қарамастан, өз үлестерін алдын-ала алады.
«Бұл пайдадан емес, тікелей жалпы түсімнен ұсталады. Яғни, фильм табыс әкеле ме, әкелмей ме оған қарамастан, кинотеатрлар өз үлесін алдын ала алады. Режиссерлер мен продюсерлер қысымнан қауіптеніп, бұл мәселеге ашық үн қата алмай отыр. Себебі олар жасанды түрде қалыптастырылған, кино залдары иелерінің монополиялық жүйесіне тәуелді. Бұдан бөлек, фильм авторлары жарнама мен ілгерілету үшін қосымша төлемдер жасауға мәжбүр. Біздің мәліметтерімізге сәйкес, тіпті «көлеңкелі жарналар» да бар», – дейді Бейсенбаев.
Оның айтуынша, кинотеатрлар мемлекеттік қаржыға түсірілген фильмдерден де мемлекет салған инвестициядан бірнеше есе көп қаржы ұстап отыр.
«Мәселен, мемлекеттік бюджет есебінен түсірілген «QAITADAN» фильмі прокатта 1 миллиард теңгеден астам табыс тапқан, алайда оның 550 миллион теңгесі кинотеатрларға кеткен. Ал фильм өндірісіне мемлекет бар болғаны 190 миллион теңге бөлген. Яғни, жекеменшік кинотеатр желілері мемлекет салған инвестициядан бірнеше есе көп қаржыны, ол бюджетке қайтарылмай тұрып-ақ алып отыр. Бұл біздің ойымызша, мүлде жол беруге болмайтын жағдай», – дейді депутат.
Депутат экран мен көрермен орнын ғана ұсынатын кинотеатрлардың монополиялық саясатын сынға алды.
«Экран мен көрермен орнын ғана ұсынатын кинотеатрлар фильмнің тікелей авторларынан әлдеқайда көп пайда тауып отыр. Нәтижесінде, фильм өзін-өзі ақтауы үшін бюджеттен үш есе көп касса жинауға мәжбүр. Мұндай ахуал қазақстандық киноиндустрияны тұншықтырып отыр. Соның салдарынан елімізде негізінен тек коммерциялық комедиялар түсіріліп, тарихи, мәдени, әлеуметтік маңызы бар салмақты туындылардың азаюына әкеліп отыр. Себебі ол бағыттарға қаржы жетпейді оны монополист кинотеатр желілері алып қояды. Қазіргі таңда қазақстандық кинонарықты санаулы ғана «таңдаулы» топ бақылап отыр. Олар прокат шарттарын, экран санын, прайм-таймды, тіпті қай фильмнің көрерменге жететінін өздері шешеді. Бұл әділ бәсеке емес, ашық монополиялық саясат», – дейді ол.
Сөз соңында депутат үстемдік етіп, кассалық түсімнің 50 пайызын алып отырған кинотеатрларға тексеру жүргізуді сұрады.
«Мұндай жағдай әлдеқашан Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, сондай-ақ өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың назарын аударуы тиіс еді.«AMANAT» партиясының фракциясы кинотеатрлар фильм өндірісіне кеткен шығын толық қайтарылмайынша, кассалық түсімнен үлес алуға тиіс емес деп есептейді. Пайданы бөлу тек жоба өзін-өзі ақтағаннан кейін ғана әділ деп саналады. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, мысалы, АҚШ-та «жылжымалы шкала» қолданылады. Онда прокаттың алғашқы апталарында студиялар кассалық түсімнің 70-90 пайызына дейін алады. Осыған байланысты, жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, кинотеатрлар, прокатшылар және киностудиялар арасындағы келісімшарттарды тексеруді, сондай-ақ кинотеатр желілерінің өздерінің үстем жағдайын пайдалана отырып, кассалық түсімнің 50 пайызын негізсіз алу фактілері бойынша кешенді тексеру жүргізуді сұраймыз», – деді ол.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





