Threads желісінің қолданушысы Руслан Берденовке қатысты жазба жариялады. Автордың айтуынша, Руслан Берденов жетекшілік ететін мекемеде жаңажылдық кешті атап өтуге тыйым салынған. Жазбаға қатысты Руслан Берденов пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Threads желісіндегі дау туғызған жазба авторының айтуынша оған ресми себеп ретінде "Жаңа жыл мұсылмандардың мерекесі емес" деген уәж келтірілген.
Алайда Руслан Берденов бұл жалған ақпарат екенін айтып, жазбаға пікір қалдырды.
"Мен үшін Жаңа жыл – ең алдымен отбасылық мереке, жақындарыммен жиналуға жақсы себеп, қорытынды жасайтын және алдағы жылға жоспар құруға жақсы уақыт. Ешкім ештеңеге тыйым салған жоқ, атап өткіңіз келсе, әрине, ешкім тыйым салмайды. Жалған ақпарат таратпауыңызды сұраймын. Сіз бойынша ақпарат тексеруге жіберілді. Қауіпсіздік қызметі аталған мәселемен айналысып жатыр, айтқаныңызды белгіленген тәртіппен түсіндіруге тура келеді", - делінген Руслан Берденовтің берген жауабында.
Сондай-ақ ол Instagram желісіндегі парақшасында жазба жариялап, өзінің Жаңа жылға қатысты ұстанымын айтқан.
"Менің Жаңа жылға қатысты және компания ішіндегі ұстанымыма байланысты жалған ақпарат тарап жатыр екен. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біз көпұлтты, көпконфессиялы елміз. Сондықтан мен үшін басшы ретінде "дұрыс" немесе "бұрыс" дін мен мәдениет өкілдері деген ұғым жоқ және болуы да мүмкін емес. Мен барлық дәстүрге құрметпен қараймын. Ол Жаңа жыл болсын, Наурыз болсын, Рождество, Құрбан айт немесе адам мен оның отбасы үшін маңызды кез келген мереке болсын, бәрі де қадірлі", - деді ол.
Руслан Берденовтің сөзінше, Жаңа жыл – отбасылық мейрам.
"Діни себеппен мерекені атап өтуден бас тарту, корпоративтерді немесе жаңа жылдық сыйлықтарды алып тастау туралы ешқандай шешім қабылданған жоқ және ондай шешім қабылдануы да мүмкін емес. "Жаңа жыл мұсылман мерекесі емес, сондықтан біз қызметкерлерді құттықтамаймыз" деген мәлімдемелер шындыққа жанаспайды. Осындай хабарламаларға сақтықпен қарап, тексерілмеген ақпаратқа сүйеніп, қорытынды жасамауды сұраймын", - деді ол.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





