Ақсу ауданы Баласаз ауылында қайтыс болған 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты сот отырысында жаңа мән-жайлар белгілі болды. Бұл жолғы сот отырысында Айзат Жұманованың күйеуі Айбар Жанболат жауап берді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Айбар Жанболат әуелі кешірім сұрап, оқыс жағдай екенін айтып, жарын жақсы көргенін айтты.
«Марқұм жарымның ата-анасынан, әпке-сіңлісінен, туған-туысқандарынан және өз ата-анамнан қайғырып кешірім сұраймын. Болған іске қатты өкінемін. Бұл оқыс жағдай түсінбестіктен және өзімнің сабырсыздығымнан орын алып отыр. Мен марқұм жарымды жақсы көрдім, жақсы көрем де. Менің оны қасақана өлтіретін ойым да, ниетім де болған жоқ. Жарымнан айырылып, баламның жетім қалғаны маған да оңай болып тұрған жоқ», – деді Айбар Жанболат.
Ол Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша тағылған «Адам өміріне қасақана зиян келтіру» деген айыппен келіспейтінін айтты.
Ол жалпы өз жауабында сол кездегі жанжал кезінде 4-5 рет шапалақпен ұрғанын мойындады. Кейін ашуланып Суықсайға кетіп қалған. Келгеннен кейін қайта ұрғанын да мойындады.
«Тамақты құйып алдыма берді. Тамақты тарс еткізіп қойғанда, кішкене тамағы төгілді. Кеселерді жылжытып еді, кесе сынды. Маған ашуланған еді. Мен де шаршап келгенмін, ашуын көтере алмадым. Алдыма қойған тамағын төгіп тастадым. Сол жерде екеуміз бір-бірімізді түсінбей, содан екі-үш рет шапалақпен бет тұсынан ұрғаным бар. Содан ашуланып сыртқа шықтым да, біраз отырып мотоциклмен Суықсай ауылына кеттім», – деді Айбар Жанболат.
Ол қашаның алдында да Айзат Жұманованы ұрғанын айтты.
«Қайта шықсам, әйелім қашаның сыртында тұр екен. Қашаның жанында. «Үйге кір, үйге жүр» деп едім, үйге кірмей қарсыласып, сөз қайтарып тұрып алды. Жерге отырып алғаннан кейін екі қолынан ұстап, көтеріп тұрғызбақ болдым. Әйелім қарсыласып, сол жерде де шапалақпен бет тұсынан ұрғаным бар. Содан екі қолтығынан демедім. «Бала жылайды, үйге кірейік» деп. Үйге қарай жетелеп едім, аяғымен сүйретіліп, кірмей қойды», – деді.
Айта кетейік, Айбар аяқпен тепкенін болмаса қатты доғал затпен ұрғанын мойындамады. Тек «осы кезде үйге көтеріп келе жатқанда құлатып алдым» деп айтты. Оның сөзінше, Айзатты екі рет «құлатып алған».
Айбар Жанболат марқұм жарының өзін ұрмақ болғанын айтты. Қолымен қорғанған. Оның сөзінше, куәгер Татьянаның естігені сол шапалақтың дауысы екен.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Ұқсас жаңалықтар
Сыныптың ішінде бейнебақылау камералары болмауға тиіс – Сүлейменова
- авторОймақ
- 19 желтоқсан, 2025






