Батыс Қазақстан облысында 2024 жылғы су тасқынынан кейін жаңа баспана алған оралдық мұғалім Айгүл Сабыр мен облыс әкімі арасындағы дау ушығып барады. Мұғалім әлеуметтік желіде Президентке, Үкіметке және Парламентке үндеу жасап, жергілікті билік жаңа берілген үйді «заңсыз берілді» деп сот арқылы қайтарып алмақ болып отырғанын айтты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Айгүл Сабырдың айтуынша, өткен көктемдегі су тасқыны кезінде оның бұрынғы үйі толықтай су астында қалып, бір ай бойы су басқан күйде тұрған. Комиссия тұрғын үйді жарамсыз деп танып, зардап шеккендерге арналған мемлекеттік және демеушілік көмек бойынша оған жаңа үй берілген.
«Президенттің тапсырмасымен бізге жаңа үйлер беріледі деді. Комиссия бәрін тексеріп, менің үйімнің жарамсыз екенін ресми растады. Құжаттарды толтырып, жаңа үйдің кілтін табыстады. Енді облыс әкімі бұл үй заңсыз берілген деп, сотқа жүгініп отыр», – деді ол.
Мұғалімнің сөзінше, оған берілген үй демеушілер есебінен салынған. Атап айтқанда, баспананы Alageum зауыты тұрғызып, кілтті кәсіпорын директоры жеке өзі табыстаған.
«Бұл – су тасқынынан зардап шеккендерге арнап салынған демеушілік үй. Оны маған әкімдік емес, зауыт өкілдері тапсырды. Бірақ облыс әкімі бұл баспананы заңсыз алған сияқты етіп көрсеткісі келеді», – дейді Сабыр.
Оның айтуынша, облыс әкімі Нариман Төреғалиев сотқа талап арыз түсіріп, қалалық биліктің шешімін жарамсыз деп тануды және үйді мемлекет меншігіне қайтаруды талап етіп отыр. Дегенмен, дәл осындай үйлерді алған өзге отбасыларға қатысты ешқандай талап қойылмаған.
«Неліктен отыз отбасының ішінен тек мені ғана сотқа беріп отыр? Егер бұл шешім заңсыз болса, барлық зардап шеккендерге қатысты бірдей шара қолданылуы керек қой», – деп наразылығын білдірді ол.
Айгүл Сабыр өз ісінің бұған дейін прокуратурада қаралғанын, бірақ ешқандай заңбұзушылық анықталмағанын атап өтті. Сонымен қатар ол облыс әкімінің өзіне қысым жасап отырғанын айтады.
«Былтыр су тасқыны кезінде бізге келіп, жылап тұрған тұрғындарға жұбату сөздерін айтып еді. Енді сол адам менің үйімді тартып алмақ. Осы әділетті ме?» – дейді мұғалім.
Әлеуметтік желідегі жазбаларында мұғалім билік өкілдері өзін «үйді заңсыз алған адам» ретінде көрсетуге тырысып жатқанын айтады.
«Мен үйді ешкімнен тартып алмадым, оны маған ресми түрде, барлық құжаттармен берді. Әкімнің бұл үйге басқа жоспары бар сияқты», – деп жазды ол.
Айгүл Сабыр бұл жағдайды өзіне жасалған қысым деп санайды және Президенттен, Мәжіліс депутаттарынан араша сұрады.
«Біз бір рет су тасқынынан зардап шектік. Енді қайтадан осындай қысымға тап болып отырмыз. Егер әкім тұрғындарын қорғамаса, онда бізді кім қорғайды?» – дейді ол.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Ұқсас жаңалықтар
Айдос Сұлтанғали чемпион атанған соң өмірінде көп өзгерістер болғанын айтты
- авторОймақ
- 23 қараша, 2025





