дүйсенбі, 20 қазан, 2025 14:11

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Нұралы Әліп "Зенит" сапында соққан голын Диас Төлеуге арнады

Нұралы Әліп "Зенит" сапында соққан голын Диас Төлеуге арнады
Фото: inbusiness.kz
Ұлттық құрама капитаны "Зенит" сапында маусымдағы алғашқы голын соқты.

Санкт-Петербургтік "Зенит" командасының қорғаушысы, Қазақстан құрамасының капитаны Нұралы Әліп Ресей Премьер-лигасының (РПЛ) 12-турында "Сочи" клубына қарсы өткен матчта көзге түсті.

Ойынның 12-минутында "Зенитке" айып соққысы берілді. Доп қарсылас айып алаңына көтерілген сәтте орталық қорғаушы Әліп те шабуылға қосылды. "Сочи" ойыншылары допты қайтарғанымен, бірнеше рикошеттен кейін оны Вендел іліп әкетіп, қақпаға соққы жасады. Қақпашы допты қайтарған соң, бірінші болып Нұралы Әліп үлгеріп, басымен допты қақпаға бағыттады.

Бұл гол Әліптің биылғы маусымдағы алғашқы және "Зенит" сапындағы үшінші голы болды. Нұралы Әліп бұл ойында негізгі құрамда бастап, толық 90 минут өткізді.

Матчтан кейін қазақстандық футболшы өз голын алматылық "Қайрат" академиясының 19 жастағы марқұм болған тәрбиеленушісі Диас Төлеуге арнағанын айтты:

"Бұл ишара — академия шәкіртіне арналған. “Қайратта” жас бала бар еді. Жақында, 3–4 күн бұрын ойыннан кейін өзін жайсыз сезініп, ауруханаға түсті. Өкінішке қарай, дәрігерлер оны құтқара алмады. Бүгін мен гол соқтым, қатты қуанған жоқпын. Бұл голды Диасқа арнадым", — деді Әліп "Зениттің" баспасөз қызметіне берген сұхбатында. 

Екінші таймда петербургтік команданың басымдығын Густаво Мантуан нығайтты. Ол 54-минутта пенальтиден есепті 0:2-ге жеткізді. Ал 86-минутта Андрей Мостовой да 11 метрліктен гол соғып, матчтың нүктесін қойды - 0:3. 

Осы жеңістен кейін "Зениттің" еншісінде 23 ұпай бар және команда турнир кестесінде 4-орында тұр. Ал небәрі 5 ұпай жинаған "Сочи" 16-сатыда қалып, соңғы орында келеді.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар