
Energy Monitor арнасының хабарлауынша, күкіртке деген сұраныс әлемдік деңгейде күрт артқан. Тіпті, Ресейдің өзі ұзақ уақыт үзілістен кейін алғаш рет импортқа жүгінуге мәжбүр болды. 2025 жылдың қазан айында көрші ел 35 мың тонна күкірттің 1 тоннасын 390 АҚШ долларына тең бағамен сатып алған. Мұндай жағдайдың басты себебі – ресейлік мұнай өңдеу зауыттарындағы өндірістің орта есеппен 12%-ға төмендеуі.
Ал Қазақстан дәстүрлі түрде жыл сайын шамамен 4,5 млн тонна күкірт өндіріп, оның 4,2 миллионын сыртқа экспорттайды. Бұған дейін логистика мен тасымал шығындары күкірттің өзіндік құнынан да жоғары болатын. Алайда биыл нарықта күтпеген серпіліс байқалды: трейдерлер зауыттан тікелей алынған түйіршіктелген күкірттің әр тоннасын $150-дан сатып алуға дайын.
Айтпақшы, Қашаған жобасының акционерлері дәл осындай жоғары бағаны ұзақ күткенге ұқсайды. Себебі орасан зор көлемдегі күкіртті экологиялық айыппұл қаупін біле тұра сақтау – түсініксіз шешім. Куәгерлердің айтуынша, NCOC компаниясының қызметкерлері басшылық пен акционерлерді күкіртті шамадан тыс сақтағаны үшін салынуы мүмкін айыппұл туралы алдын ала ескерткен. Егер бұл ақпарат расталса, іс әкімшілік деңгейден қылмыстық жауапкершілікке ауысуы ықтимал.
Қалай болғанда да, NCOC экологиялық айыппұлдың салмағын арқалауға мәжбүр, өйткені компанияға $4,2 млрд төлеуге тура келеді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.