Таласбек жас кезінде 90-ға жуық күйді жатқа білген –Зира Наурызбаева
- авторОймақ
- Бүгін, 12:34
- 26

Әдебиет пен күй өнерін тоғыстырған тұлғаның мұрасы – бүгінгі ұрпаққа жол сілтейтін рухани қазына. Әсемқұлов әлемін барша оқырманға паш етіп, насихаттап жүрген бір жан болса, ол – қаламгердің жары, мәдениеттанушы Зира Наурызбаева. Біз бүгін «Жақсының жары» айдарында Зира апаймен тілдескен едік.
– Таласбек ағаның көзі тірісінде екі рет жүздесіп, сұхбат алып едім. Ол кісінің телегей-теңіз білім иесі екенін, өнер мен қаламды қатар серік еткен ерекше адам екенін білдік. Ол кісінің жазбалары (көркем шығармалары) оқырманға жақсы таныс. Дегенмен өміріңізді сеніп тапсырған жанның көпшілік біле бермейтін қандай қасиеті сізді айрықша баурап алды?
– Таласбектің 1979-80 жылдары қазақ жырларын талдаған, оның психологиялық мәнін ашатын мақаласын оқыдым. Кезінде оны еш жерге бастыра алмады. Өйткені ол советтік идеологияға қайшы келетін. Мақалада Таласбек аталарымыздан қалған жырларды талдаған екен. Оның психологиялық мәнінде адамның ішіндегі әртүрлі күштің бір-біріне қарым-қатынасы, ежелден-ақ қазақтың өресі биік болғаны көрінеді. Сөйтіп, 80-ші жылдардың басында Таласбек осы мақаласы үшін теперіш көрді. Еш жерге шықпаған сол мақаланы кейін жарыққа шығаруға тырыстым. Қазір ол мақала «Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы» кітабында басылған. Негізі, орысша толығымен жазылған, қазақша сол заманда Таласбек тек бір бөлігін ғана «Көне қазақ романдарының эстетикасы» атымен жазып шықты. Тек қана «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды» ғана қазақша талдады.
Таласбекпен таныстығым туралы айтсам, 2-3 рет консерваторияда өткен концерттерде кездестік. Жақын араласпадық. «Мен сізді танымаймын да ғой», – дегенімде, ол: «Сен менің шығармашылығымды танисың ғой. Соны қалай білсең, мені солай білгенің», – деген еді. Таласбектің жалғыз ұстанымы болды: «Адам алдауы мүмкін, сөзі алдауы мүмкін, көзі де алдауы мүмкін. Бірақ адамның дауысы ешқашан алдамайды. Дауысын тыңдап, шын дүниесін ажырата аласың», – деді. Жаңағы мақала да шын дүниесін ашқан мақала ғой, өресін, интеллектін, жан-дүниесін ашқан мақала. Соған сеніп қосылдым.
– «Отбасын құрып, шаңырақ көтергеннен кейін Таласбекті ешқашан қадағалауға тырысқан емеспін» дейсіз. Ол кісінің еркіндігін шектегіңіз келмеді ме?
– Тойымызды әке-шешемнің досы, математика-физика ғылымының докторы, академик Мейірхан Әбділдин жүргізді. Бұл 1996 жыл болатын. Тойды мейрамханада емес, үйде жасадық. Сонда Мейірхан аға Таласбекке: «Сен Тәттімбеттің күйлерін шертеді екенсің, кішкентайымнан соның күйлерін естіп өстім. Қане, шертші», – деді. Таласбек Тәттімбеттің 2-3 күйін шертіп берді. Мейірхан ағаның көңілі босап тыңдады да, әке-шешеме қарап: «Сендерді құттықтаймын, күйеубалаларыңыз керемет адам. Мен күй арқылы адамды жақсы танимын. Бұл жай ғана күй орындап жатқан жоқ, ол Тәттімбетті жан-тәнімен түсініп тұр, ондай адам өте мейрімді болып келеді», – деді. Артынша маған қарады да: «Ер адам – түзде, әйел адам – үйде. Сен Таласбекті шектеуге, қадағалауға ешқашан тырыспа. Ол отбасына, жарына адал болады. Ер адам несібесін түзден табады», – деген. Негізі, Таласбек үйде отырып жазғанды жаны қалаған. Үйден шықса, кітапханаға ғана баратын. Алматыдағы Ұлттық кітапханада мен де жұмыс істедім. Қызметкерлерін жақсы танимын. Олар: «Таласбек аға сағаттап кітап оқып отырады», – дейтін еді.
– Таласбек Әсемқұловтың жас кезінде көп диссертация жазып, аудармалар жасап, кітап жазып бергенін айтады. Оның бәрі «тегін» жасалған дүниелер болды ма? Аға неге мұндай дүниелерді көбірек жазды? Әлде тұрмыстық қажеттіліктен туындады ма?
– Қызылордалық жыршы-зерттеуші Берік Жүсіпов Таласбекті аға тұтқан. Оның бірде: «Жеңгей, консерваторияда, Жазушылар одағында сені жек көретін қанша адам бар, білсеңіз?» – дегені бар. Оған таңғалдым, әрине. «Өйткені Тәке өмір бойы біреулерге көп нәрсе жазып жүрді. Үйленген күні оны тоқтатты. Қанша ғылыми, әдеби карьералар осымен үзілді», – деп күлді. Таласбек әрине, оларды тегін жазбады. Бірақ аңқау адам еді, көпшілік жазғанына ақша төлемей алдап кететін. Үйленгеннен кейін алғашқы екі жыл аудармамен айналысты. Осы жылда 10 мың долларға алданды. Ол кезде әжептәуір ақша болатын. Өйткені 90-шы жылдардың басында үйдің бағасы 5 мың долларға түсті. Сөйтіп, ағаң өмір бойы үйсіз қаңғыды, ұзақ уақыт жатақханада тұрдық. Аяғым ауыр болғаннан кейін ғана адамдардан алдын ала төлем талап ететін болды. Сонда дос, аға, іні боп жүрген талай адам теріс айналғанын білем.
– «Жұлдыз» журналында жұмыс істеп жүргенінде сын көп жазды. Кейін кинодраматургияға ауысты. Ол кісі әуелде сыншы болды ма әлде күйшілік дәстүрді жетілдіруді мақсат тұтты ма? Одан кейін киноға ауысуының сыры неде?
– О баста дәрігер болуды армандады. Өйткені Таласбектің ауылы Айғыз Шұбартау ауданына қарайтын. Ол полигонға жақын орналасты. Үлкендердің көбі ядролық полигонның зиянынан ауырып, ем таппаған. «Солардың емін табамын» деп Таласбек медицина институтына түсті, алайда үйрене алмай, 2-курстың соңына қарай оқуын тастады да, әскерге кетті. 1973 жылы Таласбек Байжігіттің күйлерін шерткен жалғыз адам болған. Әскерден оралған соң, Мұхтар Мағауин Таласбектің пластинкасын шығартты, телеарналарға апарды, «Күй бабасы Байжігіт» деген мақала жазды. Сол кезде Еркеғали Рахмадиев консерваторияның ректоры еді. Ол да Байжігіттің ұрпағы, керей. Сөйтіп, Еркеғали ағамыз Таласбекті консерваторияға емтихансыз қабылдаймыз дегенде, атасы тыйым салып, оқытпады. Сонымен, Таласбек консерваторияға оқуға бара алмады. Кейде теорияға баруына болатын еді ғой деп ойлаймын. Сондай абдырап жүрген шағында Мағауин филологияға түсуіне түрткі болды. Оқып жүріп, фольклортанушы болғысы келді. Атасының тәсілімен жырларды талдады. Қысқасы, қазақ ауыз әдебиетінің тарихын зерттегісі келді. Бірақ мақаласын еркін басып шығара алмады. Содан қарапайым дүниелер жазуға тырысты да, көркем әдебиетке ауысты. «Шымдан» хикаяты қазір «Бекторының қазынасына» енді. Бұл ХІХ ғасырда өмірде болған қыз тағдыры, «Болмашы әңгіме» де өз заманында қыз тағдырына арналған.
«Шымдан» – үлкен хикаят. Ол – ертегі, аңдар патшалығында болған оқиға, шынында аллегориялық хикая. Алғашқы шыққан дүниесі сол еді. Мұхтар Шаханов ағамыз «Жалын» журналын басқарған шағы еді, осы хикаяны журналға басып шығарды. Таласбек «Өмір бойы ағама қарыздармын» деп өтті. Таласбектің 2-3 жылда бір шығармасы әрең-әрең басылатын. Ал ол кезде бір күнде бір дүние жазатындай күш-қуаты болған еді. Кей мақаласынан теперіш көргеннен кейін жазбай да кетті. 15 жылдай ештеңе жазбады. 2000 жылдары Мейірхан Ақдәулет ағамыз Ақтөбеден «Алтын орда» газетін ашты. Әлия Бөпежанова апамызбен бірге «Қазақстан романы» байқауын өткізген. Сонда Зейнолла аға (Серікқалиев) қоймай, Таласбекке күнде телефон соғып, «Сенің деңгейіңді, өреңді білемін. Жазудан көңілің қайтқанын білемін, бірақ сен жаз», – дейтін. Сөйтіп, байқауға «Кәрі күйші» әңгімесін жазды. Ол «Талтүстің» жалғасы. Әлия Бөпежанова апамыз қолдап, жағымды рецензия жазып берді. Осылайша, Таласбек байқауда жүлдегерлердің бірі болып, шығармашылыққа қайтып келді.
Кинодраматургияны Таласбек жас кезінен армандады. Бірақ білім алуға қолы қысқа болғандықтан бара алмады. 80-ші жылдардың басында Төлен Әбдіктің «Оң қол» әңгімесін сценарийге айналдырып, режиссерді де тапты. Бірақ режиссер біраз нәрсені өзгертемін дегенде, оған Төлен ағамыз келіспеді. Сондықтан бұл жоба іске аспады. Әлия Бөпежанова апамыз Досхан ағамызбен таныстырды. Ол да «Біржан сал» туралы кино түсіргенді армандаған екен. Тұңғыш баласының да аты – Біржан. 90-шы жылдардың басында атақты режиссермен бұл жобаны бастап кетті. Бірақ кино басталмай жатып-ақ сол режиссер бөлінген ақшаны жоқ қылған. Сөйтіп, бір жылдан кейін Досхан ағамыз Әлия апамызбен жаңа жобаға сценарий жазуға кімді тартуға болатынын ақылдасыпты. Әлия апа бірден Таласбекті ұсынған. Кейін екеуі бірлесіп, «Біржан», «Құнанбай», «Тұмар патшайым», «Жезтырнақтың» сценарийін жазды. «Жезтырнақ» Оңтүстік Кореяда халықаралық байқауда жеңіске жетті. Бірақ кино боп түсірілмеді.
– Аға әдеби ортада «ағаларынан» көп теперіш көрген сияқты. «Алғашқы кітабын жарыққа шығару мұң болды» дейсіз. Жалпы сыншы, кинодраматург, күй зерттеушісі, ғалым адам. Бірақ – жалғыз. Жан дүниесін түсінетін, өзін қабылдайтын орта таппады ма?
– Бір кездері әдебиетшілер қауымы Мұхтар Мағауин ағамызды жау көрді. Ал Таласбек оны «ұстазым» деп білген. Сол үшін Мағауинге қолы жетпегендер студент, жас Таласбектің жолын кесті. Таласбек Мағауинді қорғаймын деп мақала жазған, сыншы боламын деп емес. Біраз уақыт әдеби ортадан шеттетілді, қуылды. Кейін Таласбек оның бәрінен шаршап, Мағауиннің емес, Асқар Сүлейменовтің шәкіртімін дейтіні сондықтан. «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр» атты көлемді мақала жазды. Ал «Мағауин – менің ұстазым емес» дегені – жай ғана реніштен айтылған сөз.
Таласбектің мақалаларының жинағы алтыншы томға шықты. Ол жерде Дидар Амантайды қорғап жазғаны бар. Қазіргі тілмен айтқанда, әдеби ортада Дидарға буллинг жасалды. Жас талантты жазушыны табалағанына шыдап тұра алмады.
Ол қаламды ғана емес, күйшілікті де жанына серік етті. Құрманғазыны жазды, Абылай ханның кеңесшісі болған Байжігіт деген күйшіні зерттеді, Тәттімбетті насихаттады. Сосын қазақтың рушылдығы да Таласбектің тағдырына әсер етті. Өйткені Таласбек Байжігітті айтып, күйін шертеді. Ол – керей. Керейлер ренжиді. Неге? Таласбек – найман. Бірақ Мағауин жазғандай, керейлерден Байжігіттің күйлерін шертетін домбырашы болмады.
Таласбек ұзақ уақыт бойы Қытайдан, Моңғолиядан Байжігіттің күйлерін сақтаған адамдар келеді, қосылады деп үміттеніп жүрді. Шынымен, 70-ші жылдары сондай адамдар болды. Олар Таласбекке таспаларды жібереді екен. Таласбек «Ықылас» музейінде істегенде Байжігіттің күйлерін жазып алып, шекарадан асырып, елге жібергендер болыпты. Бірақ оның бәрі Таласбектің қолына жетпеген. Кейбіреулер оны жолдан алып қалады екен. 90-жылдары шекара ашылғанда ол жақта ондай күйді шертетін адам қалмағанына көзі жетті.
Әдеби ортада бәрінен теперіш көрді деп айта алмаймын. Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев сияқты ағалары қадірін білді ғой. Зейнолла ағамыз кезінде «Талтүс» романын жаздыртуға себепкер болды. Таласбек өмірінің соңында «Рымғали Нұрғалиев ағамыз мені шәкірттікке шақырғанында баруым керек еді. Шәкірттеріне жағдай жасап берді, дер кезінде пәтер алатын едім», – деп өкінгені де бар.
– Аға ұмытылған күйлерді тірілтті. Әсіресе, Тәттімбеттің күйлерін зерттеуде айрықша рөл атқарды. Одан бөлек, кімдерді зерттеді? Ол кісі тапқан, қазір көпшілік елеусіз қалдырған кімдер бар?
– Тәттімбеттің күйлері Таласбектен бұрын да шертілді ғой. Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзин деген аға буын күйшілер Тәттімбеттің күйлерін сақтады. Ал Таласбек солар сақтамаған кейбір күйлерін алып келді. Байжігіттің 160 күйі бар. Таласбектің атасы оның 90-ға жуық күйін шертті. Таласбек 50 шақты күйін білді, бірақ жаза алмады. Бастысы, Таласбек Байжігітті сақтап қалды, қазақ күй өнерінде 34 күйін сақтады. Өзі «Бір күйдің жоғалғаны – бір адамның өлгенімен пара-пар» деп айтушы еді. Таласбек жас кезінде 90-ға жуық күй жатқа білген, бірақ нота жаза алмағандықтан, бәрін толық сақтап қала алмаған. Бірақ Мағауиннің қолқасымен жазылған күйлер бар. Мысалы, «Алматы» телеарнасының 2-3 хабарына шығып жазғаны да бар. Бүгінде оларды қанша іздесем де, таба алмадым. Содан біраз күй жойылып та кетті. Байжігіттің «Көкейкестісі» болды. Тек Тәттімбеттің ғана «Көкейкестісі» емес, бұл шертпе күйдің ерекшелігі бөлек. Алғаш үйленген кезімізде Байжігіттің «Көкейкестісін» маған жиі шертіп беретін. Кейін Таласбек қайтыс болғаннан кейін, соның бәрін қолға алып, шәкірттерінің көмегімен жинадым. Әсіресе, домбырашы, өнертанушы Рүстем Нұркеновтің көмегі зор. Екеуміз архивтерге іздеу салып көріп едік, табылмады. XIII ғасырдың күйшісі Кетбұғаның «Ақсақ құлан» деген күйін білеміз. Оны Таласбек атасынан үйренген. Одан басқа, ертеде өмір сүрген Сақбикенің, Қасабайдың, Қызылмойын Қуандықтың, XX ғасырдың басында өмір сүрген Мағжан Жұмабаевтың ұстазы Ақай қажының бір күйін және атасының күйлерін сақтаған. Мағауия Хамзин – Балқаштан шыққан Аққыз деген күйші апамыздың шәкірті. 70 жылдардың соңында күйші Алматыға келгенде Таласбек те Жүсіпбек Елебековтің үйінде отырып, оның әңгіме күйлерін тыңдаған. Сол жерде «Қаршығалы кезім-ай» күйін үйреніп алған.
60-шы жылдардың басында консерваторияның фольклор бөлімінің мамандары ауылға келіп, жазып алған күйлерін таптық. Бұл – «Талтүсте» де бар эпизод. Өкінішке қарай, Қытайда шығарған CD альбомымыз сапасыз болып шықты. Негізі, өткен ғасырдың 50-ші жылдары Таласбектің атасы да білген күйлерін жаздыру үшін Алматыға келген екен. Оны түрмеден шыққан адам деп, ешкім мойындамай, жазып алмаған.
– Таласбек аға көзі тірісінде «Өтүкен» сайтын құрды. Ол сайттың қазіргі халі нешік?
– 2010 жылы Астанаға көшкен жылы «Алтын Орда» жабылып қалды. Таласбек тағы да жазғанын шығару мұң болды. Содан жазғанын емін-еркін жарияласын деп, «Өтүкен» сайтын құрдым. Таласбек интернет әлемінен өте алыс адам болды. Өмірінің соңғы жылында ғана интернетке кіріп, мәтін теруді үйренді. Ілияс Жансүгіровтің жиеншары Фатима Жандосоваға қолқа салып едім, сайтты құруға көмектесті. Сайтқа Таласбектің, өзімнің жазғанымды, марқұм замандасымыз мифология зерттеушісі Серікбол Қондыбайдың кейбір дүниелерін насихаттау үшін салып отырдым. Сиясы кеппеген туындыларын да сайтқа шығарып жүргенімде Таласбек қатты қуанатын еді. Бірақ сайт үшін үкіметтен ешқандай қолдау таппадым. Тек Атырауда Бауыржан Ғибадоллатегі деген мықты азамат бар. Өзі – «Байқұтан» деген төбеттерді сақтайтын қоғамдық қордың басшысы. Бір күні хабарласып, қолұшын созатынын айтты. Сонда «Өтүкен» сайтының техникалық платформасы тозғанын түсіндіріп, мың доллар керек екен деп едім, сөзге келмей сол қаражатты аудара салған. «Қазір де қолдайын десем, кәсібім алға тартпай жатыр», – дейді. Одан басқа ешкімнен қолдау таба алмадым. Таласбектің кітабын ала алмай жүрген жастар сайттан оқысын деп, әлі де жалғастырып жатырмын.
– «Құнанбай» фильмін түсіргенде басы-қасында болды. Сол түсірілімнен кейін ұлы Жансүгірге домбыра сатып әкеліп, «күй үйретем» деген арманы болған екен. Қазір ұлы домбыра шерте ме?
– Таласбек балаларға ешқашан домбыра үйретпеді. Біріншіден, кішкентай балаларға үйретуге жүйкесі шыдамайтын. Есейген балаларға ғана үйретті. Екіншіден, Таласбек – қазақ қоғамынан әбден көңілі қалған адам. Тұңғышымыз – қыз бала, оның қабілеті күшті екенін байқап жүргенімен, күйші болғанын қаламады. «Қазақ күй қадірін білмейді, өмір бойы мен сияқты қиналмасын», – деді. Сол үшін балаларына күштеп домбыра үйреткен емес. Сматай Үмбетбаев деген қобызшы дүниеден өткен. Бір кезде сол кісімен дастархандас болғанда, одан «Сматай аға, сіздің күйіңізді, қобызды ұстап қалған шәкіртіңіз бар ма?» – деп сұрағанымда, «Жоқ», – деді. Таласбек оның мықты шәкіртінің бірі – Мақпал Жүнісова болды деп айтатын. Мақпал Жүнісова А.Жұбанов мектебінде оқыды. Дауысында да қобыздың реңктері бар. Кейін Сматай Үмбетбаевқа да келіп оқыды. Бірақ Сматай аға балаларына үйретпеді. Неге екенін сұрағанымызда: «Үйреткім келмейді. Талай байқауларда мені құлатты. Оған шыдадым. Егер ертең баламды құлатса, оған шыдай алмаймын, жүрегім ауырады», – деп баласының қобызшы болғанын қаламады.
– Таласбек Әсемқұловтың есімін ұмыттырмай, жаңғыртып отыратыныңызды, жыл сайын шығармашылық байқау өткізіп, жастарды марапаттап жүргеніңізді білеміз. Бұл да жарыңызға деген құрметіңіз болар. Дегенмен мұндай іс-шараларды өткізу оңай емес. Қолдау беретін, көмек көрсететін жандар бар ма?
– Әлия Бөпежанова апайымыздың жары Асқар Сүлейменов үшін жасаған дүниелері көп. Ақтаудағы апамыз Балсұлу Қондыбай марқұм інісі Серікбол Қондыбайдың кітаптарын түгел шығартып, он шақты ғылыми, халықаралық конференция өткізіп жүр. Осының бәрін көргеннен кейін мен де бір дүние жасағым келді. Шәкірттерімен бірге Таласбектің 8 томын шығардық. Қазір сол томдарды бөлек кітап қып, шығарып отырмыз. Сол кітапты сатып, одан түскен ақшаға тағы кітап шығарып жүрмін. Байқауды ертерек бастадық. Биыл алтыншы рет өтіп отыр.
Одан бөлек, Оразбек атты күйшінің қызы Күлайна Оразбек кезінде әкесіне арнап байқау ұйымдастырған. «Күйшілер, домбырашылар байқауын қалай өткіземін?» – деп жүргенімде, Күлайнаның әлеуметтік желіге салған әкесінің күйін орындауға арнаған байқау шарттарын көріп қалдым. Мен де солай істеуіме болады екен деген ой келді. 2 жылдай онлайн өтті, кейін кәсіпкер құрбым (аты аталғанын қаламайды) «Өтүкен» қорымызға күйшілер байқауын өткізу үшін қаржылай көмектесіп отырды. Ал қаламгерлер байқауын өзіміз ұйымдастырамыз. Таласбектің шәкірті Ербол Алшынбаймен бірге өткіземіз. Кейін де бірте-бірте көмектесетін адам табылар деген үмітіміз бар. Ал күй жағын ұйымдастырумен Рүстем Нұркенов айналысады. Мадина Омарова сияқты Таласбектің адал шәкірттері, алғашқы жүлде алған Сағадат Ордасова, филолог, жазушы, сыншылар, Таласбектің көзін көрмеген жас филолог-журналистер де жиі көмектесіп жатады.
– Аға қайтқаннан кейін берген бір сұхбатыңызда: «Таласбек соңғы кездері өмірден шаршағанын айта беретін», – деген екенсіз. Дерті жанына батқан соң, осылай дейтін бе еді?
– Бір жағы, дерті әбден жанына батқан. Өйткені 1973 жылы Алматыға келеді. 1976 жылдан бастап үйсіз жүрді. 2000 жылы ғана үй алдық. Таласбекке арналған «Талтүстің» жалғасы іспеттес «Соперница» деген хикаятым бар. Сол жерде көрсетілгендей, аяғым ауыр болғаннан бастап күн-түн демей, тыным таппай жұмыс істеді. Тұңғышымыз Хадиша екі жасқа келгенде үй алдық. Алматыда үйсіз жүрген кездері денсаулығын құртып алды. Замандастарынан көңілі қалғаны тағы бар. Өмірінің соңғы жылдарында балаларын жетілдіру мен жазу қызығы ғана қалды. Мағжанның да «Дүние абақты ғой саналыға» деген сөзі бар емес пе?!
– Сізде қаламгердің ең үлкен екі аманаты бар: қызы мен ұлы. Балалармен оңаша қалғанда әкесі туралы жиі сырласасыздар ма?
– Олар менің балаларым немесе сүйген жарымнан тапқан бақытым ғана емес, олар – Таласбек сияқты азаматтың маған қалдырған аманаты. Әкесінен айырылу оларға қиын соқты. Әсіресе, қызыма ауыр болды. Өзі әкесінің қызы еді. Мінезі де, сезімталдығы да айнымаған әкесі. 10 жылдан бері қызым енді ғана ашылып сөйлейді, соның өзінде «Мен ешқашан толық сауықпаймын, бұл мұң менімен мәңгі қалады» деп жабырқап қалады. Ұлым 8 жасында әкесінен айырылды. Таласбектің қырқын өткіземіз деп мейрамханаға барғанымызда Жансүгірдің көңілі көтеріліп, шапқылап жүрді. Сөйтсек, кішкентай баламыз әкесінің бақилыққа кеткенін түсінбей, «Әкем осындай әдемі жерде тұрып жатыр, әкеме қонаққа келдік» деп ойлаған екен. Балаларыма кішкентай кезінен алғыс сезімін егуге тырысып келдім. Өмірлерінде осындай әкесі болғанына Жаратқанға алғыс айтуы керек деп үйреттім. Әкесінің кітаптарын оқиды, күйлерін тыңдайды. Бірақ арасында әкесі туралы жылы естеліктерді айтып отырамын, өйткені әке бейнесі олар үшін тек трагедиялық тұлға болып қалмасын деймін...
Aikyn.kz
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.