
Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық деңгейі 53%-дан 38%-ға дейін төмендеді. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Динара Зәкиева мәлімдеді, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz Aikyn.kz.сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Қазақстан ЮНИСЕФ-тің 2024 жылғы зерттеуінде Орталық Азия мен Еуропа елдері арасында ең үздік нәтижелердің біріне қол жеткізіп, елдегі балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі реформалар халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып отыр.
– Бұл көрсеткіш БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) жүргізген 2024 жылғы Көпкөрсеткішті кластерлік зерттеу (МИКС) нәтижесінде анықталды. Бұл – Орталық Азия және Еуропа елдерінің арасында тіркелген ең үздік нәтижелердің бірі. Мұндай деректер бүгін Балаларды қорғау мәселелері жөніндегі ЮНИСЕФ Еуропа және Орталық Азия өңірлік кеңесшісі Аарон Гринберг ұсынған баяндамада айтылды. Баяндама БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, ЮНИСЕФ және Румыния үкіметі ұйымдастырған балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою жөніндегі халықаралық конференция аясында Бухарест қаласында таныстырылды.
Еуропалық одақ пен Орталық Азияның 32 елінің үкімет өкілдері Румыния астанасында жиналып, бір жыл бұрын Колумбияның Богота қаласында өткен алғашқы жаһандық конференциядан кейінгі өз елдерінің тәжірибесі мен жетістіктерімен бөлісті. Мақсат – балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою жолындағы бірлескен іс-қимылды күшейту, – деп жазды Динара Зәкиева өзінің Instagram парақшасында.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Румынияда өткен басқосуда мен Еуропа және Орталық Азия елдерінен келген әріптестеріне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына сәйкес қабылданған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар мен заңдар туралы баяндаған.
– Айта кету керек, биыл көктемде ЮНИСЕФ-тің өңірлік директоры Реджина де Доминичис Қазақстанға сапары барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен кездесіп, елімізде балалардың құқықтарын қорғау және оларды зорлық-зомбылықтан сақтау бағытында қабылданып жатқан шараларды жоғары бағалаған болатын. Ол Қазақстанның тәжірибесін Еуропада өтетін конференцияда үлгі ретінде көрсету қажеттігін атап өтті. Әсіресе, тәулігіне мыңға жуық бала көмек сұрап жүгінетін QR 111 жүйесінің және буллингтің, зорлық-зомбылықтың, суицидтің алдын алу мақсатында институционалдық және заңнамалық шараларды, түрлі бағдарламаларды біріктіретін SAFE платформасының маңызын ерекше атап өтті.
Сөзсіз, балалардың құқықтарын толық қамтамасыз ету, зорлық-зомбылықты түбегейлі жою бағытында атқарылар жұмыс әлі де көп. Бұл міндеттер «Қазақстан балалары» атты ұлттық бағдарламаның 150-ден астам тармағында көрініс тауып отыр, – деді Динара Зәкиева.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.