
Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Кұлан ауылында қайғылы жағдай болды. Алты жастағы бала қайтыс болды. Туыстарының айтуынша, өлімге медицина қызметкерлерінің әрекетсіздігі мен салғырттығы себеп болған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.
Отбасының айтуынша, бала 29 қыркүйекте сырқаттанып қалған. Ата-анасы учаскелік дәрігерге жүгінген, алайда дәрігер қажетті медициналық көмек көрсетпей, баланы үйіне қайтарып жіберген.
Тек бір аптадан кейін — 7 қазанда туыстарының табанды талабынан соң ғана баланы орталық аудандық ауруханаға жатқызған. Туыстарының сөзінше, дәрігерлер нақты диагноз қоймай, тек “Креон” дәрісін ғана жазып берген.
Көрсетілген емге қарамастан, 10 қазанда бала көз жұмды. Отбасы әділ тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуде.
Т. Рысқұлов аудандық орталық ауруханасы баланың қайтыс болғанын растады. Медициналық мекеменің хабарлауынша, бала госпитализация порталы арқылы жоспарлы түрде әжесімен бірге ауруханаға жатқызылған.
«7 қазаннан бастап клиникалық хаттамаға сәйкес тексеру мен емдеу жүргізілді. Баланың жағдайы орташа ауыр деп бағаланды. 10 қазан күні сағат 06:55-те бала кенеттен қайтыс болды», — делінген аурухананың ресми хабарламасында.
Медмекемеде бұл жағдай бойынша ішкі тергеу басталғаны және өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалғаны айтылды. Хабарлама ішкі істер бөліміне жолданған.
«Сараптама қорытындысы алынған соң толық ақпарат беріледі», — деп мәлімдеді аурухана.
Қайтыс болған баланың туыстары дәрігерлердің әрекеттерін тәуелсіз тексеруді талап етуде.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.