
Шығыс Қазақстан облысында ауыл тұрғындарын балағаттаған әкімге айыппұл салынды. Шілікті ауылының әкіміне қатысты іс Зайсан аудандық сотында қаралды, - деп хабарлайды Oimaqnews.kz ШҚО сотына сілтеме жасап.
Ауыл тұрғындарына бейәдеп сөздерді жаудырған әкімге қатысты "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалған.
"6 қазанда сағат 15:00 шамасында лауазымды тұлға әкімдік ғимаратындағы қызметтік кабинетінде, ауыл тұрғындары мен қоғамдық бірлестік өкілдерінің көзінше, айналасына құрметсіздік танытып, балағаттағаны анықталды", - делінген сот хабарламасында.
Сот барысында әкім өз кінәсін толық мойындап, кездесуге қатысушыларға қатысты бейәдеп сөздер айтқанын жоққа шығармады. Ол жасаған әрекетіне өкініш білдіріп, көпшілік алдында кешірім сұрады.
Әкімшілік құқықбұзушылықтың жасалғаны сотта қаралған бейнежазбамен, куәлардың айғақтарымен және өз түсініктемесімен расталды.
Зайсан аудандық сотының қаулысымен шенеунік ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 55 048 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін әкімнің кешірім сұрағанын жазған болатынбыз.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.