
ШҚО облысы, Зайсан ауданы Шілікті ауылдық округінің әкімі Қуаныш Төлеухан бейәдеп сөздер айтып, айқайға басқаны үшін көпшіліктің сынына қалды. Оның ендігі тағдыры Әдеп жөніндегі кеңес арқылы шешеді. Өзінің қылығы үшін ауыл әкімі жұртшылықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Аikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Кешірім сұраған бейнежазба 8 қазан күні әлеуметтік желіде тарады. Видеода әкім осы ауылда туып-өскенін, оның дамуы үшін бар күшін салып жүргенін жасырмады.
"Кеше бізде қоғамдық тыңдау өтті. Бірақ белгісіз адамдар келіп, оған кедергі жасады. Нәтижесінде тыңдау бес сағатқа созылды. Сол сәтте мен эмоцияға беріліп, бейәдеп сөздер айтып қойдым. Бұл әрекетім үшін Шілікті ауылдық округінің халқынан кешірім сұраймын", – деді әкім.
36 жастағы әкімге тек жоғары мемлекеттік орган тарапы ғана емес, полиция да шара қолдануға дайын. Полиция ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлімі ("Қоғамдық орындарда дөрекі сөз сөйлеу") бойынша оны жауапқа тарту үшін материалдарды сотқа жолдаған.
Бұған дейін ШҚО-да дөрекі ауыл әкімінің әрекеті Әдеп жөніндегі кеңесте қарайтынын жазғанбыз.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.