жексенбі, 5 қазан, 2025 17:57

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Базаргүл БАХЫТОВА, ұстаз: Оқушыныны жаттатып оқыту мүмкін емес

Базаргүл БАХЫТОВА, ұстаз:   Оқушыныны жаттатып оқыту мүмкін емес
Фото: Oimaqnews.kz
Бүгін – ұстаздар күні. Қай заманда да қоғамның дамуы ұстаз еңбегімен тікелей байланысты. Өйткені жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, елдің ертеңін қалыптастыратын да – ұстаз.

Бүгінде мұғалімнің рөлі бұрынғыдан да биіктеп, мәртебесі заңмен бекітіліп, қоғамда айрықша құрметке ие болып отыр. Біз осы тақырып төңірегінде талай шәкірттің жүрегіне білім шырағын жаққан Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылындағы №14 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Базаргүл Бахытовамен сұхбаттасқан едік. Әңгімемізде ол жаңа заман педагогінің қыр-сыры, бастауыштағы тәрбиенің маңызы және ата-ана, мектеп пен баланың бірлігі жайлы айтты.

– Базаргүл ханым, сұрағымызды бірден педагогтік қызметтен бастасақ. Жаңа заман педагогі қандай болуы керек?

– Жаңа заман педагогі жан-жақты, жаңашылдыққа ашық, заманауи технологияны толық меңгерген, оқушылардың қызығушылығын арттыра алатын маман болуы керек. Ол тек қана білім берумен шектелмей, балаға кеңесші, бағыттаушы маман. Сондықтан нағыз кәсіби заманауи педагог тек пәнді меңгерген маман емес, психолог, жаңашыл, ақпараттық технологияларды жетік меңгерген тұлға болуы қажет. Қазіргі оқушыны тек жаттатып оқыту мүмкін емес, сондықтан ұстаз ретінде өзім балалардың сыни ойлауын дамытып, шығармашылығын жетілдіруді басты мақсат етемін. 

– Бастауыш сынып оқушыларына сабақ берудің ерекшелігі, оның жауапкершілігі неде деп ойлайсыз?

– Бастауыш сынып мұғалімі біріншіден баланың білімге деген көзқарасын қалыптастырады. Олардың алғашқы ойлау қабілетін дамытатын да – алғашқы ұстаздар.Бастауыш сынып – баланың іргетасы қаланатын ең маңызды кезең. Осы сатыда алған білім, тәрбие әрі қарайғы бүкіл оқу жолына ықпал етеді. Сондықтан бастауыш сынып мұғалімі тек әріп пен санды үйретіп қана қоймайды, ол баланың оқу мәдениетін қалыптастырады, қызығушылығын оятады, дұрыс мінез-құлыққа баулиды.

Бұл жұмыстың ең үлкен жауапкершілігі – баланың бойына оқу мен үйренуге деген сүйіспеншілікті сіңіру. Егер бала осы кезеңде мектепті жақсы көріп, сеніммен, қуанышпен келсе, ол білім жолында үздіксіз алға басады. Ал егер алғашқы қадамы ауыр болса, кейін оны түзету өте қиын.

Сондықтан бастауыш сыныптағы әр сабақ – жай ғана білім беру емес, болашаққа салынған негіз. Мұғалім үшін бұл – үлкен жауапкершілік әрі ерекше сенім.

– Бұрынғы оқулық пен қазіргі оқулықтың арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Ал тәжірибеңізде байқаған болсаңыз, балалар да өзгеріс бар ма?

– Біздің кезімізге қарағанда қазіргі балалар өзгеше. Себебі олар ақпаратты тез қабылдайды, цифрлы әлемге бейім, еркін ойлы. Бірақ мұғалім оларға шыдамдылықты үйретуге тиіс. Өйткені қазіргі заман оқушылары әлсіз болып келеді.

Шынында  бұрынғы оқулық пен қазіргінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Мысалы, бұрын оқулықтар көбіне білімді жаттатып үйретуге бағытталса, қазіргілері оқушының ойлау қабілетін дамытуға, тапсырмаларды талдап, салыстырып, өз бетінше шешім қабылдауға баулиды. Балалардың өздерінде де өзгеріс бар екенін тәжірибеден байқаймыз. Қазіргі ұрпақ ақпаратты жылдам қабылдайды, технологияға бейім, сұрақты көп қояды. Бұрынғы балалар ұстаздың айтқанын бұлжытпай орындауға үйренсе, қазіргі балалар ойлануды, талдауды, пікір білдіруді қалайды. Бұл – бір жағынан ұстазға үлкен талап, себебі мұғалім үнемі жаңашылдыққа ұмтылып, баланың қарқынына ілесе білуі керек. Яғни, оқулық та, бала да өзгерді. Соған сай мұғалім де өзгеріп, заман талабына бейімделуі тиіс.

– Қазір «Ата-ана, бала, мектеп» деген үштік одақтың бірлігі бекем бе?

– Бұл кей отбасыларда жақсы. Дегенмен толық емес. Егер ата-ананың мектеппен, ұстазбен серіктестігі неғұрлым жақсы болса, баланың дамуы да соғұрлым жақсы болады. Біз үнемі ата-анамен байланыста отырамыз. Сонда ғана баланың дамуы нәтижелі болар еді.

«Ата-ана, бала, мектеп» – бұл үштік одақ бір-бірімен тығыз байланыста болса ғана нәтижелі жұмыс шығады. Қазіргі таңда бірліктің бар екенін байқаймыз, бірақ толыққанды бекем деп айта қою қиын. Кейде ата-ананың мектепке деген сенімі төмен болуы немесе уақыт тапшылығы себебінен баланың оқуына жеткілікті көңіл бөлмеуі кездеседі. Ал кейде керісінше, ата-ана мұғалімнің жұмысына шамадан тыс араласып жатады.Дегенмен, тәжірибемде бір нәрсені анық байқадым: ата-ана мен мұғалім бір бағытта, бір мақсатта жұмыс істесе, бала жақсы нәтижеге жетеді. Бала өзін қолдаудың ортасында сезінеді, сенімі артады. Сондықтан бүгінгі күннің басты талабы – осы үштік одақтың арасындағы сенімді нығайтып, өзара түсіністі арттыру.

– Ұстаздың сөзіне немқұрайлы қарайтын оқушылар кездесіп қалады. Бала тәрбиелі, кішіпейіл болу үшін ата-ана қандай ұстанымда болуы керек?

– Иә, кейде ұстаздың сөзіне немқұрайлы қарайтын балалар кездесіп қалады. Оның түпкі себебі көбіне отбасындағы тәрбиеге байланысты. Баланың кішіпейіл, тәрбиелі болуы үшін ата-ана ең алдымен өздері үлгі көрсетуі керек. Үйде айтқан сөз бен істеген ісі қабыспаса, бала да сенімсіздікке бейім болады. Ата-ана баласына тек талап қоюмен шектелмей, оның ойымен санаса білуі, жақсы ісіне қолдау білдіруі қажет. Үнемі ұрсып, сын айтып отыру емес, керісінше ынталандырып, жылы сөз айту – тәрбиенің басты құралы. Сондай-ақ балаға жауапкершілікті ерте жастан үйретіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуін күнделікті өмірде қалыптастыру маңызды.

Балаға бірінші тәрбие беруші – ата-ана. Ұстазға қандай құрмет көрсетуді ата-ана үйреткені абзал. Өйткені мұғалім тек мектеп қабырғасындағы тәрбие бере алады. Яғни ата-ана бергендей тәрбие бере аламыз деуге болмайды, әрине. Сондықтан үйдегі тәрбиенің рөлі зор.

– Сіздіңше, бүгінде елімізде мұғалімдер мәртебесі қандай?

Ұстаздар мәртебесі жылдан жылға артып келеді. Қоғамда да, заң жүзінде өскені жақсы байқалады. Тіпті, оған тамыз конференциясы кезінде Президенттің өзі баса назар аударды ғой. 2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңда бүгінге дейін түрлі өзгеріс енді, мұғалімдердің құқығы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар жасалды. Жалақысы өсіп, артық жүктемеден арылды, кәсіби дамуына мүмкіндік берілді.Дегенмен, бұл тек бастамасы деп ойлаймын. Мұғалім мәртебесі тек заңмен ғана емес, қоғамдағы көзқараспен де өлшенеді. Қай елде ұстазға құрмет жоғары болса, сол елдің болашағы да жарқын болмақ. Сондықтан мұғалім еңбегін бағалау, оған сенім арту – баршамыздың ортақ міндетіміз.

– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Сымбат Бауыржанқызы

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар