бейсенбі, 2 қазан, 2025 14:49

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

QyzPU Digital Lady технопаркінде жаңа заманауи зертханалар ашылды

QyzPU Digital Lady технопаркінде жаңа заманауи зертханалар ашылды
Фото: Oimaqnews.kz
2025 жылғы 2 қазанда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде цифрлық білім беруді жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастама жүзеге асты.

Университет жанындағы Digital Lady технопаркінде үш бірдей заманауи зертхана – «Apple class», «3D Lab» және «Атомдық және ядролық физика» зертханалары салтанатты түрде ашылды.

Бұл жобалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу жөніндегі стратегиялық мақсаттармен толық үндесіп отыр.

Зертханалардың ашылу салтанатына Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик, Ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Арыстанбекұлы Құрманәлиев, Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының Бас директоры, ҚР ҰИА академигі, профессор, ф.-м.ғ.д. Мақтағали Әбдімәжитұлы Бектемісов, ITeacher Academy негізін қалаушы, Apple Authorized Reseller Юлия Андреева, QyzPU профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

QyzPU ректорының міндетін атқарушы Сәбит Суатайдың айтуынша, жаңа зертханалардың студенттерге беретін мүмкіндіктеріне тоқталды.

«Қазіргі заманда білім беру жүйесі тек теориямен шектеліп қалмай, тәжірибе мен технологияны үйлестіруді талап етеді. Бүгінгі таңда ашылып отырған зертханалар – осы бағыттағы нақты қадамымыз. Олар студенттерге заманауи құралдармен жұмыс істеу, өз идеяларын прототипке айналдыру, цифрлық ортада еркін әрекет ету секілді маңызды дағдыларды меңгеруге жол ашады. Digital Lady технопаркінің негізінде құрылған Apple class, 3D Lab және «Атомдық және ядролық физика» зертханалары оқу мазмұнын тәжірибемен ұштастыра отырып, capstone-жобалар мен ғылыми зерттеулерге негіз болмақ. Сонымен қатар бұл зертханалар халықаралық хакатондарға, стартаптық бағдарламаларға қатысуға, халықаралық серіктестіктермен бірлескен жобалар жүргізуге мүмкіндік береді», – деді Сәбит Құрманжанұлы.

«Атомдық және ядролық физика» зертханасы – студенттерге атом ядросының құрылымы мен қасиеттерін терең түсінуге мүмкіндік беретін ғылыми орталық. Зертхана «Резонанстық потенциалды Франк және Герц әдісімен анықтау», «Зееман эффектісі», «Екі электронды жүйелердің атомдық спектрлері: He, Hg», «Фотоэффект көмегімен Планк тұрақтысын анықтау», «Балмер сериясы», «Ридберг тұрақтысын анықтау» сияқты атомдық физиканың маңызды тақырыптарын қамтитын зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Мұнда жас ғалымдар мен студенттер практикалық тәжірибе алып, ядролық физика саласындағы зерттеулер жүргізе алады.

«8 қыркүйектегі Жолдауда Қасым‑Жомарт Тоқаев атом электр станцияларының (АЭС) маңыздылығын атап өтіп, еліміздің энергетикалық жүйесін күшейту мақсатында: Қазақстанда екінші, тіпті үшінші АЭС салуды жоспарлауды бастау қажет екенін айтқан болатын. Бұл еліміздің экономикалық тұрақтылығын қолдау, электр энергиясына сұранысты қамтамасыз ету, энергия қауіпсіздігін күшейтуге бағытталғанын түсінеміз. Бұрын сабақта әр түрлі видеолар арқылы ғана көрсетсек, қәзіргі таңда нақты құралдар көмегімен көрсете аламыз», – деді химия ғылымдарының кандидаты, доцент Түгелбаева Гүлнәзия.

«3D Lab» зертханасы – ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жобалардың жаңа алаңы. Ол виртуалды және толықтырылған шынайылық (VR/AR) құрылғыларымен, инженерлік жобалауға арналған программалармен жабдықталған. Зертхана студенттерге үшөлшемді модельдеу, ғылыми объектілерді жобалау, виртуалды тәжірибелер жүргізу және өз стартап идеяларын тәжірибеде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл зертхана болашақ мамандарды зерттеуші, жаңашыл тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған инновациялық орта болып табылады.

«3D Lab зертханасында білім алушылар өндірісте қолданылатын қосалқы бөлшектердің 3D үлгілерін әзірлей алады. Әлеуметтік жобаларға мысал ретінде, есту немесе көру қабілеті зақымданған балаларға арналған оқу құралдарының 3D үлгілерін дайындауды келтірсек болады.

Жасанды интеллект саласындағы зертханалық жұмыстарда алынған тәжірибе студенттердің еңбек нарығында бірден бейімделуін қамтамасыз етеді», – деді Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Кеңесбаев.

«Apple class» зертханасы – цифрлық білім берудің жаңа орталығы. Зертхана толықтай iMac және iPad құрылғыларымен, заманауи мультимедиялық жабдықтармен және интерактивті смарт-панельмен қамтылған. Мұнда студенттер қолданбалы программалау, мобильді қосымшалар жасау, креативті жобаларды әзірлеу және графикалық дизайн негіздерін меңгереді. Сонымен қатар зертханада Apple Teacher және басқа халықаралық оқу бағдарламалары бойынша оқытушылар мен студенттерді сертификаттау мүмкіндігі қарастырылған.

«Зертхана Apple экожүйесіндегі заманауи құрылғылармен жұмыс істеуге арналған Қазақстандағы алғашқы толыққанды орталықтардың бірі. Мұнда білім 

алушылар тек техникалық дағдыларды ғана емес, сонымен қатар шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алады. Екіншіден, Apple Lab цифрлық сауаттылықты жаңа деңгейге көтеріп, білім алушыларды мобильді қосымша жасау, мультимедиа өнімдерін әзірлеу, графикалық дизайн және анимация сияқты бағыттарға тартады. Бұл зертхана білім беруді халықаралық стандарттарға жақындататын алаң ретінде қызмет атқарады деп сенемін, себебі Apple өнімдері әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері мен компанияларында кеңінен қолданылады», – деді Информатика кафедрасының аға оқытушысы, PhD Айгүл Маханова.

 

 

Университет ректорының м.а. Сәбит Суатай алдағы уақытта университет цифрлық трансформацияға басымдық беретінін атап өтті.

«Біз университеттің цифрлық трансформация стратегиясын жүзеге асыруда деректерге негізделген басқару, инновациялық экожүйе қалыптастыру және кадрларды нақты еңбек нарығына бейімдеуге басымдық беріп отырмыз. Жаңа зертханалар – бұл тек инфрақұрылым емес, сонымен қатар студенттеріміздің шығармашылығын, инженерлік ойлауын, кәсіпкерлік әлеуетін дамытатын орта. Олар студенттердің портфолиосына нақты өнім мен жоба әкелетін, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына тікелей әсер ететін алаңға айналады. Біз алдағы уақытта Apple, Autodesk, DAAD, Erasmus+ секілді халықаралық ұйымдармен серіктестікті нығайта отырып, білім беру мазмұнын жаңғыртуға және оны әдістемелік тұрғыда экспорттауға дайынбыз. Университетіміздің жаңа буынға бағытталған бұл бастамалары еліміздің білім беру саласының дамуына серпін береді деп сенеміз», – деді ол.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар