Президент бастамаларын бірлесіп іске асыруға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет – Мәулен Әшімбаев
- авторОймақ
- Бүгін, 11:35
- 23

Өздеріңізге белгілі, 8 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жасанды интелектінің рөліне ерекше көңіл бөлді. Осыған орай, маңызды стратегиялық бағыттар бойынша іске асырылатын нақты шаралар айқындалды. Мемлекет басшысы: «Қазақстан 3 жыл ішінде жаппай цифрлы мемлекетке айналуға тиіс» деп нақты мақсат қойды. Мұндай қадам Қазақстанның барлық сектордағы әлеуетін айтарлықтай арттырып, экономика мен әлеуметтік саланы сапалы жаңа деңгейге шығарушға жол ашатын болады, - деп атап өтті Сенат спикері.
Цифрлық кодекс, банктер туралы заң
Көздеген мақсатқа қол жеткізу үшін Цифрлық кодексті қысқа мерзімде қабылдау тапсырылды. Сонымен қатар инвестициялық саясатқа да ерекше назар аударылып, инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту міндет етіп жүктелді. Белгіленген басымдықтардың қатарында банктер туралы заңды жыл соңына дейін қабылдау бар, – деді Мәулен Әшімбаев.
Отырыс барысында тағы бір маңызды құжат – Алатау қаласына арнайы құқықтық мәртебе беретін заңды қабылдау қажеттігі де айтылды. Бұдан бөлек, жаңа Құрылыс кодексін жыл соңына дейін қабылдау міндеті тұр. Бұл құжат тұрғын үй шаруашылығы мен құрылыс саласының тұрақты дамуына заңнамалық негіз қалауы тиіс.
Сондай-ақ мемлекеттік секторды реформалау да назардан тыс қалмайды. Осы мақсатта «Мемлекеттік мүлік туралы» заңды жаңарту қажеттігі атап өтілді. Ал өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика және ауыл шаруашылығы салаларына серпін беретін жаңа қадамдар да жоспарланған.
Жолдауда жүктелген міндеттер мен мақсаттарды іске асыру үшін тиісті заңнамалық актілер әзірленіп, қабылданады. Сенат олардың уақтылы қаралуын және мақұлдануын қамтамасыз етеді, – деді палата төрағасы.
Парламенттік реформа
Әшімбаевтың айтуынша, биылғы Жолдаудың негізгі ерекшеліктерінің бірі – Мемлекет басшысының парламенттік реформа жүргізу туралы ұсынысы. Бұл бастама болашақта бір палаталы Парламентке көшуді көздейді.
Парламенттік реформа – Президентіміздің Әділетті және Қуатты Қазақстан құру жолындағы байыпты бағдарының логикалық жалғасы. Бұл мақсатқа жету үшін демократиялық институттар мен тетіктерді күшейту қажет, – деді Сенат төрағасы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай маңызды өзгерістер ашық әрі жан-жақты қоғамдық талқылау негізінде іске асырылатынын атап өтті. Қорытынды шешім жалпыұлттық референдум арқылы қабылданады.
Жаңғырудың кешенді жол картасы
Мәулен Әшімбаев Жолдауды Қазақстанды жаңғыртудың жаңа замандағы «Кешенді жол картасы» деп атады.
Бәріміздің басты мақсатымыз – егемен елімізді одан әрі дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыру. Сондықтан Президентіміздің бастамаларын бірлесіп іске асыруға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Осы бағыттағы жұмыстарымыз нәтижелі әрі сәтті болады деп сенемін, – деді ол.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.