"Мас боп келіп, бар күшімен ұрып жіберді": тойда таяқ жеген әнші оқиғаның мән-жайын баяндады
- авторОймақ
- Бүгін, 16:51
- 23

Түркістан облысында тойда ән айтып тұрғанда бұрынғы қайын атасынан таяқ жеген әнші болған оқиғаның мән-жайын айтып берді, - деп хабарлайды Oimaqnews.kz Todayinfo.kz-ке сілтеме жасап.
Әншінің сөзінше, ішіп келіп келінін аяусыз ұрған бұрынғы қайын атасынан сараптама да алмаған.
“Оқиға Леңгір өңіріндегі Зағамбар ауылында 31 тамыз күні болды. Зағамбар тойханасында ән айтып тұрған кезімде бұрынғы күйеуімнің әкесі келіп, ұрды. Мен байқамай қалдым. Ішіп алған күйде бар күшімен ұрып жіберді. Сол жердегі жалғыз полиция инспекторы оқиға орнына бір сағаттан кейін келді. Жұмыстарына салғырт қарап отыр. Өз міндеттерін тиісті дәрежеде атқармай отыр. Учаскелік полиция инспекторлары уақытты созып, мені сот-медициналық сараптамадан өткізбеді. Денемдегі ісіну мен көгерген жерлердің кеткенін күтті. Фотоға түсіріп алыңыз деді, бірақ кейін ол фотолар заң бойынша жарамай қалды. Тойда болған қонақтардың ешқайсысынан жауап алынбады. Керісінше, “маған кешірім бер” деп отыр. Арыз жазуға барсам, мені ұрған адамды шақыртып қойған. Олар дастархан жайып қойыпты. Екі тарапты татуластыруды ойлады. Мен кешірім бермейтінімді айттым. Кінәлі адам заң бойынша жазасын алуға міндетті”, – деді Азода.
Сондай-ақ өнер иесі полицияның жұмысына көңілі толмайтынын баяндады. Тіпті, кешірім беруге көндіріп те көрген.
“Полиция қызметкері процесті өте қиындатып түсіндірді. Кешірім бергенімді қалады. “Қазір арыз жазсаңыз, мен сізді 10-15 рет шақырамын. Келе алмаймын деген болмайды. Іс бір жарым айға созылады” деді. Мен қай уақытта да келе алатынымды айттым. Қайын атамды сот-медициналық сараптамадан өткізбеген. Мас хәлін анықтамаған. Одан жауап алмаған. Ол адамға қол көтергенінен бөлек, қоғамдық тәртіпті де бұзып тұр. Қасымда тұрған екі жігітті де ұрып жіберді. Мені танитын шығар, ол жігіттерді танымайды. Солардың бәрін көре тұра полиция қызметкерлері жайбарақат отыр. Неге қамап тастамайды?! Заң қайда қарап отыр?!”, – деп ашуланды әнші.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.