бейсенбі, 4 қыркүйек, 2025 1:13

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

"Қайтыс болды" деген қызымен 25 жылдан кейін қауышты

"Қайтыс болды" деген қызымен  25 жылдан кейін қауышты
фото: скрин
Туған қызын дәрігерлер шетелдік отбасыға сатып жібергені анықталды.

Батыс Қазақстан облысында әйел адам 25 жыл бұрын қайтыс болды деп ойлаған қызымен аман-есен табысты. Туған қызын дәрігерлер шетелдік отбасыға сатып жібергені анықталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Уральская неделя» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 2000 жылы болған. Ақжайық ауданынан келген 27 жастағы Карлығашты жоспарлы операция – кесар тілігі бойынша Оралдағы №3 перзентханаға жеткізген. Ауыр наркоздан оянғанда, дәрігерлер оған баласы құрсақта жатқанында шетінеп кеткенін айтқан. Әйел адамға өлі сәбидің денесін берген. Күйеуі екеуі оны ауылының жанына жерлеген.

Алайда шындық мүлде басқа болып шықты. Жылдар өте келе, Карлығашқа қызының тірі екендігі белгілі болды. Оның сәбиін бөтен баланың денесімен алмастырып, америкалық отбасыға сатып жіберген.

2024 жылдың қарашасында Карлығашқа белгісіз шетелдік нөмірден қоңырау шалып: «Сіздің қызыңыз бар. Ол тірі. Қазір Америкада», – деген хабар жеткен.

Әуелде сенбеген әйел артынша қызының өз дауысын естіген.

Құжаттарды рәсімдеу бірнеше айға созылды. Ақыры 2025 жылдың 28 тамызында Оралда анасы мен әкесі 25 жылдан кейін алғаш рет шетінеп кетті деген қыздарын құшағына алды. Қазір ол АҚШ-та магистратура бітірген, психолог болып жұмыс істейді.

Қызын табуға перзентханадан берілген сәбидің аты-жөні жазылған бирка көмектескен. Оны қыз баланы асырап алған америкалық ата-анасы сақтап келген.

Туыстарының айтуынша, іс Оралдағы №3 перзентханаға қатысты қозғалған. Тергеуде медбике, бас дәрігер және АХАТ қызметкері күдікті ретінде аталып отыр. Алайда ол кезеңдегі туу туралы барлық мұрағаттық құжаттар жойылған.

Күдіктілер 25 жыл бұрын босанған әйелдің қызынан ресми түрде бас тартты деген уәжін келтіріп отыр. Бірақ әйел мұны жоққа шығарды.

«Мен қызымнан ешқашан бас тартқан емеспін», – дейді.

Ана мен қыздың кездесуін БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі ұлттық жаттықтырушысы, «Қазақстанның әйел-заңгерлері» бірлестігінің басқарма мүшесі Лейла Оңлаш әлеуметтік желіде жария етті.

«Мұндай қылмыс жалғыз жасалмайды. Мұның артында тұтас желі тұр. Тірі нәрестені ата-анасы бар кезде сатып жіберу – біреудің тағдырын ұрлау. Ұрпақты ұрлау. Халықтың бір бөлігінен айыру. Кінәлілер заң мен халық алдында жауап беруі тиіс. Шындық ылғи да анықталады», – деп жазды ол.

Батыс Қазақстан облысының полиция департаментінде аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Істің барысы департамент басшылығының бақылауында екені атап өтілді.

«Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жасалып жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», – деді ведомство өкілдері.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар