
Жуырда ғана жол апатына түскен спортшы Шавкат Рахмоновтың әйелі мен ұлы ауруханадан шыққан, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап..
Бұл туралы Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасы айтты. Басқарма мәліметінше, зардап шеккендер Шу қалалық ауруханасынан тиісті қолхат жазып шығып, Алматы қаласына жолға шыққан. Олар медициналық қызметке ешқандай шағым білдірмеген.
«Зардап шеккендер тиісті қолхат жазып, Шудың қалалық ауруханасынан шығып, Алматыға жол жүріп кетті. Олар медициналық мекемеге ешқандай наразылық білдірген жоқ», – дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы.
Бұған дейін Рахмоновтың жұбайы мен ұлы жабық бас-ми жарақатын алып, ми шайқалу диагнозымен ауруханаға жеткізілген еді. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалаған.
Жол апаты 27 шілде күні таңғы сағат 08:50-де республикалық маңыздағы Алматы – Екатеринбург автожолының 299-шақырымында болды. Полиция мәліметіне сәйкес, Toyota Land Cruiser 200 автокөлігінің жүргізушісі көлікті басқара алмай, жол талғамайтын көлік аударылып кеткен. Апат салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екеуі ауруханаға жеткізілген.
Аталған оқиға бойынша құқық қорғау органдары ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі («Көлік құралын жүргізу ережесін бұзу немесе көлік құралын пайдаланумен байланысты ережелерді бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу») бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Бұл бапқа сәйкес, кінәлі деп танылған тұлға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Желіде тараған ақпаратқа сенсек, алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser көлігін тізгіндеген Гүлайым Рахмонова рульге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.