
Ол бұл туралы "Айқын" газетіне берген сұхбатында айтқан.
Марқұм Болат Атабаев «Театр музей емес» деп жиі айтатын. Театр халықпен, заманмен бірге дамуы керек. Өйткені әр буынның өз көзқарасы, өз талап-тілегі бар. Кеше «Еңлік-Кебек» пьесасының 1923 жылы жазылған нұсқасын тауып алдым. Ол шәй ішіп, ет жеп отырып сөйлесетін пьеса. Мұхтар Әуезов солай жазған. Кейбір театрлар спектакльді 1942 жылы жазылған нұсқасымен қояды. Олар оқиғаның бас кейіпкерлерін жаңа заманға жақындатып қояды. Қазір 1950 жылғы нұсқамен «Еңлік-Кебекті» сахналасақ, оны ешкім көрмейді. Мысалы, Мәмбетовтың басты еңбегі қазақ театрын тұрмыстық деңгейден көтеріп, әрекетке алып келді.
Актер деген сөз грек тілінен аударғанда «әрекетші» деген мағынаны білдіреді. Техниканың дамыған заманында, тіпті 1970 жылғы спектакльдер іске жарамай қалды. Осыдан екі жыл бұрын жас кезімде ойнаған «Қозы Көрпешті» көріп, қарадай ұялдым. Бірақ сол заманда спектакльдер солай қойылатын. Ал қазір мүлдем басқа. Ендеше сахна үгіт-насихат жүргізіп, сұлулықты дәріптейтін орын емес. Менің ойымша, театрдың негізгі міндеті – көрерменге әсер ету. Театрдан шыққан адам тазаруы керек. Ал ол күліп тазара ма, әлде жылап тазара ма оны әркім өзі біледі. Соңғы кезде театрда таңғалдыру басым. Көрерменді таңғалдыру үшін сахнада бассейн жасайды, жаңбыр, қар жаудырады, трактормен де шығады.
Мұндай техникаларды сахнада жасау оп-оңай. 3D-ның көмегімен сахнаға ұшақ та қондыруға болады. Ал актердің ойыны сахнада екінші планға ауысып жатыр. Өз басым бұл құбылысты уақытша деп ойлаймын. Ал кейде: «Мен заманнан қалып қойған жоқпын ба?» деп ойлаймын. Мәмбетов «Театр газет емес» деп айтқан. Бәрібір театр газет, телеарна сияқты жаңалықтың соңынан ілесе алмайды. Олар тек ақпарат құралдары. Мысалы, Қытай төрағасының Қазақстанға келгенін театр көрерменге жеткізу үшін үш ай дайындауы қажет. Ал үш айда ол жаңалықтың қызығы кетіп қалады. Сондықтан театрдың мақсаты басқа. Театрдан шыққан адам «Неге жыладым, неге күлдім?» деп ойлануы керек. Мысалы, Әзірбайжан Мәмбетовтың «Ана-Жер-Ана» спектаклі 1964 жылдан бастап қойылып, сахнада 37 жыл жүрді. Айына кемінде 2 рет қойылады. Ал халық өмірі үзілген емес. Ол кезде әлеуметтік желі деген жоқ, бірақ халық бірінен-бірі естіп театрға ағылды. Ауылдан қалаға келгендер де, орыс, кәріс, ұйғырлар да спектакльге асықты. Қойы- лымды көрген халық еңіреп отыратын. Мен «театрдан ағылған көз жас вокзалға жететіндей болды» деп айтатынмын. Осы қойылымнан кейін көрермендер тазарып шығатын. Ал қазіргі әзіл-сықақ театрларына барған жұрт неге күлгендерін өздері түсінбейді. Құлаққа кірген сөз екінші құлақтан шығып кетеді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.