сәрсенбі, 25 маусым, 2025 17:08

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Жаһандық жылыну: Ұйқы кезінде тыныстың тоқтап қалу жағдайларын арттырып жатыр

Жаһандық жылыну: Ұйқы кезінде тыныстың тоқтап қалу жағдайларын арттырып жатыр
Foto: NYP Фото: NYP
Ғаламдық жылынудың әсерінен адамдарда ұйқы кезінде тыныстың тоқтап қалуы — яғни ұйқы апноэсы жағдайлары барған сайын көбейіп келеді. Бұл адам денсаулығына елеулі қауіп төндіреді. Аустралиядағы Флиндерс университетінің ұйқы маманы Бастьен Лешат осыған қатысты жаңа зерттеуін жариялады.

Ғалым 41 елдегі 116 мыңнан астам адамның төсек астына орнатылған сенсорлар арқылы жиналған ұйқы деректерін талдаған. Нәтижелерге сәйкес, түнгі ауа температурасы +27 градус шамасында болған кештерде обструктивті ұйқы апноэсы салқын түндерге қарағанда 45 пайызға жиі кездескен.

Бұл жағдай қазірдің өзінде күрделі кері салдарға алып келуде. Тек 2023 жылдың өзінде аномальды ыстықпен байланысты ұйқы кезіндегі тыныс тоқтауы (апноэ) 29 елде 785 мың жылға тең салауатты өмір жоғалтуға себеп болған. Ал еңбек өнімділігінің төмендеуі әлем экономикасына 30 миллиард доллар көлемінде шығын келтірген.

Мамандардың ескертуінше, егер жаһандық температура өнеркәсіпке дейінгі деңгейден тағы 1,8 градусқа көтерілсе, денсаулыққа түсетін салмақ алдағы онжылдықтарда екі есеге, ал 2100 жылға қарай үш есеге артуы мүмкін.

Зерттеу, сондай-ақ, өңірлер арасындағы айырмашылықтарды да көрсеткен. Мысалы, кондиционер кең таралмаған Еуропада ыстықтың ұйқы апноэсына әсері АҚШ немесе Аустралияға қарағанда күштірек байқалған. Лешат бұл жағдайды салқындату жүйелерін пайдалану мүмкіндігімен байланысты болуы мүмкін екенін атап өтті.

Ыстық түндер тіпті ұйқы бұзылысы жоқ адамдардың өзінде де ұйқы сапасын төмендетіп жатқаны байқалған. One Earth журналында жарияланған Fitbit-тің жаһандық деректеріне сәйкес, ыстық толқындары адамдардың кеш ұйықтауына, ерте оянуына және толық дем ала алмауына себеп болуда.

Ұйқы апноэсының ауырлық деңгейі Апноэ-гипопноэ индексі (AHI) арқылы өлшенеді. Егер AHI 30-дан жоғары болса, бұл жағдай “ауыр” деп есептеледі. Мұндай ауыр жағдайлардың 45 пайызға артуы – денсаулыққа айтарлықтай қатер төндіреді.

Ғалымдар жаһандық жылынуға қарсы нақты шаралар қабылдау қажет екенін атап өтеді. Мысалы, желдеткіш, кондиционер және салқын төсек-жабдықтары — ұйқыны сақтау үшін қарапайым, бірақ маңызды құралдар ретінде ұсынылады. Алайда мұндай салқындату технологияларына қолы жетпейтін миллиондаған адам үшін бұл мәселе алдағы жылдары ушыға түсетін күрделі проблемалардың біріне айналуы мүмкін.

Жақында жүргізілген тағы бір зерттеу түнгі температураның небәрі 1 градусқа көтерілуі Қытайда адамдардың ұйқы уақытын күніне орта есеппен 10 минутқа қысқартуы мүмкін екенін көрсетті.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар