сейсенбі, 17 маусым, 2025 17:35

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Алтайдың қасқа құлыны

Алтайдың қасқа құлыны
фото ашық дереккөз
Көрнекті жазушы Дидахмет Әшімханұлының 75 жылдығы аталып өтті.

Өткен жұма күні Арқадан Алтайға ат басын бұрған болатынбыз. Оған себеп – қазақ проза­сының сары атаны Дидахмет Әшімханұлының шығармашылығына арналған кеш. Қанатты құстай ұшағымыз жерге қонысымен алдымыздан аңқылдаған Алтайдың адамдары құшақ жая қарсы алды. Жер бетіне Алла жайған кілемдей жайнаған Қатонқарағай көздің жауын алып-ақ тұр. Топырағына таяқ тастасаң шынар боп көктейтін шығыста Дидахмет сияқты қаламгердің тумауы да мүмкін емес екен-ау деп тағы да таңдай қағыстық.

Ең әуелі жиналған көпшілік қазақтың белгілі жазушысы, журналист, аудармашы, қоғам қайраткері марқұм Дидахмет Әшімханұлының зиратына барып, рухына арнап құран бағыштады. Ізінше Қатонқарағай ауылындағы мәдениет үйінде қаламгерге арналған ескерткішке гүл шоқтары қо­йылып, әдеби мұрасын арқау еткен ғылыми-практикалық конференцияға ұласты.

Дидахмет Әшімханұлы 1950 жылы 10 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы Жаңаүлгі ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысы «Коммунизм туы», «Лениншіл жас» газеттерінде тілші болып бастаған. Кейін «Қазақстан пионері», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде бөлім меңгерушісі, «Заман-Қазақстан» газетінде бас редактордың орынбасары, «Түркістан» газетінде бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Елордалық басылым – «Астана ақшамы» газетінде аз уақыт істесе де, әріптестері әлі күнге дейін қаламгерден көрген шарапатын ұмытпайды.

Әр жылдары жазушының «Аққабаның толқыны» «Он бірінші күз», «Каменная падь» «Жер аңсаған сары атан», «Самырсын сазы», «Әңгіме емес әңгімелер» атты әңгімелер мен повес­тер жинағы жарық көрді. Жанына қалам ұстаған жас журналистерді жинаған жазушының шығармалары өзбек, қырғыз, қытай, моңғол, орыс, украин, мари тілдеріне аударылған.

Зиялы қауым өкілдері әдебиетке бір дәуірде төрт бірдей классикті дүние­ге әкелген Қатонқарағайды ерекше құбылыс деп атады. Ғылыми-практикалық конференцияда баяндама жасаған жас жазушы Елдос Тоқтарбай Қатонқарағайдан шыққан осы төрт жазушыға Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханұлы, Әлібек Асқаровқа ортақ музей салынуы керек деген ұсынысын ортаға тастады. Бұл бастама жиналған жұрттың ерекше қолдауына ие болды.

Ал «Төр Алтай Қалиханы мен Дидахметін жырлайды» атты республикалық поэзия фестивалі кешкісін алаудың жанында жалындаған жыр кешіне ұласты. Сахнаның орны – Алтайдың баурайы, шамдары – жұлдыздар, көрермені – табиғатпен үндескен жүректер. Ерекше поэзия кешіне еліміздің әр түкпірінен келген 16 ақын қатысып, отты жырларымен жүрек тербеді. Серікзат Дүйсенғазин, Қалқаман Сарин, Ерлан Жүніс бастаған азулы ақындармен қатар жастар да Топқайың ауылының өр жағын рухты тербеген ерекше түнге айналдырды.

Сөзбен сурет салдырған әдемі ­поэзия кеші «Алтай – алтын бесігім» атты ақындар айтысына ұласты. Алыптарды дүниеге әкелген табиғаты көркем өңірдің байлығы мен бүгінгі мәселелері от ауызды, орақ тілді ақындардың тақырыбына арқау болды. Алтайдағы айтыс аламанында бас жүлде – Дидар Қамиға, бірінші орын – Рүстем Қайыртайға, екінші орын – Жансая Мусинаға, қырғыз ақыны Нұрсұлтан Малдыбаевқа және үшінші орын Серік Қуанған мен Нұрмат Мансұровқа бұйырды.

Той көркі «Алтай – түркі әлемінің бесігі» атты халықаралық музыкалық фестивальмен толықты. Түркітілдес халықтардың өнерпаздары бас қосып, бірлік пен бауырластықты паш етті. Әсіресе Саха Рес­публикасынан арнайы келген 7 жасар Архан Уйгудың қазақша орындаған «Домбыра» әні көптің көңілін елжіретті. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов баланың өнеріне тәнті болып, қазақтың киелі домбырасын сыйға тартты.

Айта кетейік, бұл тойда Дидахмет Әшімханұлының шығармашылығынан бөлек, бала тәрбиесіндегі мықты ұстанымы туралы жерлестері тарапынан көп айтылды. Әсіресе, ұлы Дәулеттің бастамасымен зиратына ерекше ескерткіш қойылған. «Ел-шежіре» қоғамдық қорын басқарып, әке ісін одан әрі жалғастырып отыр. 40 жылғы публицистикалық шығармаларын жинақтап, екі том кітап етіп шығарған.

«Сонау 1970 жылдардағы тырнақалды жазбалары – сарғайған газет парақ­тарынан 2014 жылға дейінгі мақала-­сұхбаттары – осы уақыт аралығындағы қоғамның тыныс-тіршілігінен сыр шертетін шежіре іспетті дүниелер. Бұл – біздің бірнеше айғы жұмысымыздың нәтижесі. 1-том «Қазақ әдебиеті» газетіндегі, 2-том «Түркістан» газетіндегі қызметін қамтиды. Дидахмет аға өз қолымен ұқыптап жинаған баспасөз тігінділері осындай кітапқа айналып отыр. Басты тақырып, әрине, ұлт, тіл, діл, сан мен сапа, салт-дәстүр» дейді публицистикасы туралы сыр шерткен белгілі журналист Дина Имамбай.

Гүлмира Аймағанбет

"Астана ақшамы" газеті

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар