жексенбі, 15 маусым, 2025 22:28

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Такси жүргізушісін ескерту жасағаны үшін өлтіріп кеткен

Такси жүргізушісін ескерту жасағаны үшін өлтіріп кеткен
Фото: ашық дереккөз
Петропавлда такси жүргізушісін жолаушы ұрып өлтірген. Сол себепті таксистер жеті күндік аза тұту жариялады. Сондай-ақ олар арнайы қосымшаларға "дабыл түймесін" қайтаруды сұрайды.

Қайғылы оқиға 8 маусым күні орын алды. 60 жастағы такси жүргізушісі жолаушыларды алып бара жатқан сәтте, олардың бірі көлік ішінде рұқсатсыз шылым шеге бастаған. Жүргізуші ескерту жасағанымен, жолаушы қасақана екінші шылымын тұтатып, оны елемеген. Бұған шыдамаған жүргізуші шылымын жұлып алып, сыртқа лақтырып жіберген. Бірақ жолаушы үшінші шылымын тұтатып, жағдайды одан әрі ушықтырған.

Ақыры екеуінің арасында жанжал шығып, ол көліктен сыртқа шыққан соң төбелеске ұласқан. Сол кезде егде жастағы жүргізуші құлап, басын қатты соғып алған. Ол ауыр жағдайда комаға түсіп, бірнеше күн өмір үшін күрескенімен, 13 маусымда ауруханада көз жұмды.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, күдікті оқиға орын алған күні, яғни төбелес болған сәтте-ақ ұсталған.

"Петропавл қаласында полицейлер 60 жастағы такси жүргізушісіне ауыр дене жарақатын келтірді деген күдікпен ер адамды ұстады. Жәбірленуші алған жарақатынан кейін көз жұмды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын және қылмыстың себептерін анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Белгілі болғандай, ер адам оқиға кезінде мас күйде болған. Өз кінәсін толық мойындаған. Бұдан бөлек, төбелес бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

14 маусымнан бастап Петропавл қаласындағы барлық такси қызметтері қаза тапқан әріптесіне байланысты қаралы күн деп жариялады.

"Біз әріптесімізден айырылдық. 60 жастағы такси жүргізушісі жолаушымен болған жанжалдан кейін қайтыс болды. Ол тек өз жұмысын істеп жүрген еді... Енді ол ортамызда жоқ. Бұл – қатыгез әрі мағынасыз қылмыс. Қаладағы барлық жүргізушілер марқұмның отбасына және жақындарына қайғырып көңіл айтады. 14 маусымнан бастап таксистер жеті күндік аза тұтады", – деп жазды такси жүргізушілері әлеуметтік желіде.

Қайтыс болған әріптесінің рухына тағзым ретінде таксистер көліктерінің айнасына, антеннасына немесе такси шамдарына қара лента байлап шықты. Жұмысқа олар "жарық дабылын" қосып шыққан.

Сонымен қатар, жүргізушілер өздерін қауіпсіз сезінбейтінін айтып, арнайы такси қосымшаларына дабыл түймесін қайта қосуды сұрайды.

"Біз агрегаторларға үндеу жолдаймыз: қосымшаларға дабыл түймесін қайта енгізіңіздер. Жүргізушілердің қауіпсіздігі – бұл таңдау емес, қажеттілік", – деп түйіндеді такси жүргізушілері.

Бөлісу:
Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар