
Астанадағы мектеп директоры Димаш Құдайбергеннің челленджінде жеңіске жетіп, Лондондағы концертіне билет ұтып алды, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Жеңімпаз – елордадағы №58 мектеп-гимназияның директоры Ақмоншақ Нұртаза. Ол мектеп түлектерімен бірге Димаштың орындауындағы «Тау ішінде» әніне арналған челленджге қатысты. Айта кетейік, бұл ән – ақын Сәкен Сейфуллиннің шығармасы.
Ақмоншақ Нұртазаның айтуынша, челленджге арналған видео 24 мамырда желіге жүктеліп, бүгінгі күнге дейін 3,4 миллион қаралым мен 131 мың лайк жинаған. Осылайша, бейнежазба басқа үміткерлерден оқ бойы озып, үздік деп танылған.
«11-сыныпты аяқтап, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған жас түлектермен тамаша бір тренд», – деп жазды мектеп директоры өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұл әсерлі ролик Димаш Құдайбергеннің Алматыдағы концертінде көрсетіліп, Лондонда өтетін концертке билет мектеп директорына әншінің анасы Светлана Айтбаеваның өзі табыстады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.