Медеу СӘРСЕКЕ: ШЫНДЫҚТЫ АШУ – ОҢАЙ ЕМЕС, ЕСЕСІНЕ ОЙЫҢ ДА, БОЙЫҢ ДА ӨСЕДІ...
- авторОймақ
- 28 наурыз, 2024
- 1.6k
Медеу Сәрсеке – ұлтымыздың үш бірдей біртуар тұлғалары Қаныш Сәтбаев, Ебіней Бөкетов және Ермұхан Бекмахановтың өмір жолын зерттеуге жарты ғасыр ғұмырын арнап, ел тарихына қайтаруға дәнекер болған қаламгер. Оның қаламы өрген ғұмырнама кітаптар қазақ және орыс тілдерінде бірнеше мәрте және мол таралыммен жарияланды. Ең ғажабы, үшеуі де Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасының атақты «ЖЗЛ» топтамасынан жарық көрді. Солардың алғашқысы «Сәтбаевтың» 5 мың данасы өткен ғасырда әлемнің 112 елінің кітапханаларына тараған. Бұл болса ұлт мерейі үшін ерекше оқиға!
Жуықта ғылыми қауым атақты тарихшы Ермұхан Бекмахановтың туғанына 100 жыл толуын республика көлемінде атап өтті. 1947-66 жылдарда ол ұстаздық еткен әл-Фараби атындағы ҚазМУ ұжымы ғалым еңбегін ұлықтаған мерекелік жиын өткізіп, екі тілде, арнайы тыстықпен, 150 шамалы суреттермен көркемделген М. Сәрсекенің «Ноқталанған тарихшы» (орысшасында «Необузданный историк») деген деректі туындысын «Қазақ университеті» баспасы шығарған басылымына тұсаукесер өткізді.
Сексен жастың сеңгіріне іліккен Медеу ақсақалды біз редакцияға шақырып, шығармашылық жолы жайында бірнеше түйткілді сұрау қойдық...
– Медеу аға, сіздің инженер бола тұра, әдеби еңбек толғауға қүмар болып, қаламгерлік жолды таңдағаныңыз оқырманға мәлім. Сол жолда Мәскеу баспасымен ұзақ жылдарға созылған байланысыңыз қалай өрбіді?
– Мұның енді, Гүлзина қарағым, жад түкпіріндегі шерлі оқиғаларды қозғайтын сауал. Мәскеуге мен бұдан 36 жыл бұрын атақ іздеп барғаным жоқ, шығармашылық ділгерлікпен үміт арттым. Айғақпен сөйлейін: «Жазушы» баспасының тапсырмасымен жазылып, әдеби, ғылыми тескеруден бөгеусіз өткен, «Жайсаң жандар» атты жаңа топтаманың алғашқы кітабы болуға тиіс «Қаныш Сәтбаев» атанған ғұмырнама шығармамның терімі (редакторы о күнде жасаң қаламгер Дулат Исабеков еді) 1975 жылдың қоңыр күзінде баспаханада тоқтатылды. Сөйтуге әмір берген әлдебір шенеунік емес, Қазақстан КП ОК-нің әйдік хатшысы С. Имашев, әлбетте өзінен жоғары әкімнің нұсқауымен. Екі жыл ұдайғы ауыр күресте менің естігенім – бір ғана сөз, «Сәтбаевтың еңбегін даралап ұлықтау – Компартия зияндығын әшкерелеген «Жеке адамға табынуды» Қазақстанда қайыра өрбіту...» – деген иланымсыз желеу. Амал қанша, ауыр өндірісте еңбек еткен кезімде мүше болған билеуші партиядан түңілген соң мен күрестің жасырын жолына ден қойып, қолжазбаның орысша нұсқасын әзірлеуге отырдым. Бұл жұмыс 1978 жылы бітіп, кезекті демалысымды алып (бұл кезде Жазушылар одағының Семей бөлімшесінің жауапты хатшысымын), Мәскеуге аттандым. Сол сапарда «Молодая гвардия» баспасының «ЖЗЛ» редакциясының меңгерушісі Ю.И.Селезневке бардым (Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабының орыс діліне зияндығын «Москва» журналында тұңғыш сынаған, шовинистігі айқын әдебиетші).
– Одан да сескенген жоқсыз ба?
– Сескендім. Бір аптадай кітапханада отырып, Селезневтің әдеби еңбектерін оқып әзірлік жасадым. Достоевскийді зерттеген қаламгер екен. Ал, Федор Михайлович біздің Семейде айдауға болып, әдеби еңбекке Ертіс жағасында қайта оралған қаламгер. Қысқасы, қатыбас дескен Юрия Ивановичпен сөз бастауға осы жайтты ілгешек етуге бел байладым. Әлбетте оған кітабымның туған елімде тәркіге түскенін айтқаным жоқ. «ЖЗЛ» топтамасын жас күнімнен ерекше қадірлеймін, үйімде бес жүздей кітап бар дедім. Бұл енді имандай шыным, солардың қарамы қазірде екі есе өсті. «Сәтбаевты» орысша жаздым, тілімде кемістік болса, аудармашымен жұмыс істеуге әзірмін...» Редакция меңгерушісі сол «ертекке» иланып, «Сәтбаевтың» қолжазбасын қабылдап, ғылыми және әдеби жөнін Мәскеудің өзінде тексеретін болды. Тексеріс 9-10 айға созылып, жыл аяғында қолжазбам «әдеби, ғылыми жөнінен оңды, академик Сәтбаевтың Одаққа мәшһүр атағына лайық туынды» деген қорытынды бойынша баспаның алдағы бесжылдық жоспарына енгені туралы ресми хат алдым...
– Бұныңыз енді зор табыс екен.
– Әрине. Содан кейін мені дегбірсіздік биледі. Дайын еңбекті бес жыл тосу да азап емес пе? Қиянатқа тап болған кезде-ақ құлағымның естуі кеми бастаған еді, соны емдетуді сылтауратып, Одақтан рұқсат алып, Мәскеуге қайыра бардым (Осы жерде тағы бір құпияны ашайын: «Жазушы» баспасының директоры Әбілмәжін Жұмабаев иманжүзді адам еді, жатқан жері торқа болсын, жарыққа шықпай қалған «Сәтбаевтың» қаламақысын толық төледі, бұл да Мәскеуде қымсынбай жүріп-тұруыма септігін тигізді). Сол сапарда «Молодая гвардия» баспасына көрінбей, Қанекеңнің ескі достарына барып, көмек сұрауға бекіндім. Олар болса, осал кісілер емес, одақтық министрлер. Сол қайраткерлерді маған айтқан Қаннкеңнің қосағы Таисия Алексеевна жеңгей еді. Ол кісі тек 1976 жылы қайтыс болды, ауырып жатқанда Семейден шақырып, «Мәскеуге бет түзеңіз, мына адамдар сізге жәрдем береді...» деп, мемлекеттік үш қайраткердің есімдерін атаған-ды. Әлқисса, содан сол кісілерге барардан бұрын Жезқазған обкомының 2-ші хатшылығынан КПСС ОК-не жауапты жұмысқа ауысқан ескі досым, кенші инженер Кәкімбек Салықовтың жұмыс орнына бардым. Жыл басынан бері Мәскеуге екінші рет ат басын бұрған сырымды ашып, ақылдасуға келгенімді айтып едім, аңқылдаған ақын досым айран-асыр қуанып, үкіметтік телефон кітапшасын ашты да, мен есімдерін атаған үшеудің алғашқысы, көп жыл КСРО-ның Геология министрі, бертінде Атом министрі Е.П.Славскийге орынбасар болған П. Антроповқа телефон шалып, өзін де, мені де Қанекеңнің шәкіртіміз деп сыпайылап таныстырып, трубканы маған берді... Қаныш ағамыздың 1939 жылдан адал досы Петр Яковлевич келесі күні мені қабылдайтын болды. Сол күнгі әңгіменің жай-жапсары менің бертінде бірнеше мәрте жарияланған «Құлыпталған ғұмырнама» немесе «Через тернии к Сатпаеву» деп аталған естелік-эссе кітаптарымда баяндалған. Ал қазір кездесудің нәтижесін ғана айтамын. П.Антропов маған: «Министр Славский шетелде ем алуда (Еңбек Ері атағын үш мәрте иеленген, КСРО-ның атом өндірісін уысында ширек ғасыр ұстаған ноян қайраткер. Таисия жеңгей айтқан екінші қайраткер осы кісі), Ефим Павлович елге келген соң ақылдасып отырып, бұл мәселені шешеміз. Қажет деп білсек, А. Косыгинге де барып, көмек сұраймыз. Біздің не істегенімізді телефон шалған кешегі досыңнан білесің. Кітабың шыққан кезде бұл қуанышты бірге тойлаймыз!..» – деді.
– Сонымен елге қайттыңыз...
– 1979 жылдың ақпан айында «ЖЗЛ» редакциясынан әуелі хат, соңынан телеграмма алдым. Кітабым 1980 жылдың жоспарына еніпті, аудармашыны да таптық, Мәскеуге келіңіз деген сарында. Екі айға шығармашылық демалыс алып, әлбетте Мәскеуге баратынымды жария етпей, «ЖЗЛ» редакциясы ұсынған Сергей Плехановпен бірге Мәскеудің шеткергі бір мейманханасында отырып, бірінші бөлімнің аудармасын аяқтап, Семейге қайттым. Жоғары жақтың тапсырмасы әсер етті ме, әлде Селезневтің өзінің де ықыласы ауды ма, қалайда баспа аудармашымды үш айға іссапар беріп, Семейге жіберетін болды. Семейге ол маусымның орта шенінде келді. Жергілікті геологтардың Ертіс жағасындағы қонысынан оңаша орын сайлағанмын, келесі күні сол мекенге аттанып, жаз бойы күні-түні жұмыс істедік. Қыркүйектің 20-шамасында көлемі 448 бет болған қолжазбаның екі данасын портфеліне салып, С. Плеханов Мәскеуге қайтты. Ал мен үшінші дананы алып, Алматыға аттандым. Өйткені, қазақстандық бір ғалым-геологтың және Қанекеңнің отбасының қолжазбаны ұнаттық деген рецензиясы керектігін редакция талап еткен-ді. Ғылыми рецензияны Қанекеңнің рухына, ғылымына адал шәкірті, академик А. Қаюпов берді, ал отбасының атынан Мейіз Қанышқызы (ол да геология-минералогия ғылымдарының докторы) жазды. Екеуі де менің дүйім жұрттан жасырған әрекетімді мақұлдап, «құпияны ешкімге ашпаймыз, тек кітабың шыққанда бізді ұмытпа...» десті.
– Сонымен, жұмысты сәтті тындырдым деп Семейге қайттыңыз...
– Жоқ, 1979 жылғы қазан айының бас кезінде Мәскеуге келіп, кітабымды баспаға дайындаушы редактор В. И. Калугинмен бір ай бойы жұмыс істедім. Құдай оңдап, редакторым нағыз білгір және оңды адам болып шықты. Ең ғажабы, баспаның бас редакторы дайын жұмысты тексергенде: «Мынау көп жылғы еңбек, қаламақының неге төменгі деңгейін қойғансыңдар деп, нарқын көтеріп, лауреаттық мөлшерді тағайындады. Тоқетерін айтқанда, аудармашы екеуміз ойда жоқта «шала байып» қалдық. Мұны мен мақтан үшін айтып отырғам жоқ, Гүлзина қарағым. Мәскеудің Қанекең аруағына деген шексіз құрметін аңғарту үшін. Өзіміздің Алматыда ешбір қымсынбай құрдымға жөнелткен кітаптың Мәскеуде қандай ізетке тап болғанын осыдан-ақ шамала...
– Шынында да, ғажап жайт екен! Кітабыңыз қанша таралыммен шықты? Біздің ел оны қалай қабылдады?
– «Сәтбаев» 1980 жылдың күзінде шықты. Қазақстанның бірде-бір басылымы, иә телеарнасы, иә радиосы ол туралы жұмған аузын ашқан жоқ (Ал, Мәскеудің «Уақыт» бағдарламасы мұқабасын көрсетіп, «Косомольская правда» және «Россия» газеттері кітап туралы арнайы хабар берді). Бұл да сол кездегі рухани бейшаралығымыздың салдары. Тәубе деймін, телефон арқылы, иә жеделхат немесе хат жазып құттықтаушылар жарым жылға дейін үзілген жоқ, Бәрі де кітап сұрады. Мәскеуден пошта арқылы 250 кітап алдырған едім, содан қазір үйімде 4-5 кітап қалды. Бертінде жағдай өзгерді: Мейіз Қанышқызы маған жолдаған хатында және Е.П.Славскийдің жүз жылдық мерейтойы қарсаңында баспасөзде 1999 жылы жариялаған естелігінде «Медеу Сәрсекеұлының көкем туралы кітабының атақты сериядан жарық көруі біздің әулет және шәкірттері үшін нағыз мереке болды» – десе, көрнекті публицист Камал Смаилов «Қазақ әдебиеті» газетінің 2000 жылғы 17 қарашада жарық көрген санында «300000 дана болып таралған кітапты осал деуге бола ма?» деген мақаласында «100 мың дана таралыммен басылған кітапқа көпшіліктің қолы жеткен жоқ, зиялы қауым оны бір-бірінен сұрап алып оқыды. «Жаяу базарда» бір кітабы 50-60 сомға сатылды, бұл болса бір қойдың құны...» – деп жазған-ды.
– 1988 жылдан бері сіздің «Сәтбаев» кітабыңыз бірнеше мәрте қайыра жарияланған. Тұлғаның жүз жылдық тойында молырақ көлеммен де жарық көрген. Сәтбаевтың 110 жылдығы қарсаңында кітабыңыздың таралымы 324 мың болды дегеніңізді оқыған едім. Қазіргі роман, иә повестер небәрі 2 мың дана жарияланып жатқанда, ғажап жетістік екен. Енді сіз осы ғұмырнаманың Мәскеуде екінші рет, «ЖЗЛ» сериясында жариялану себебін аша кетсеңіз...
– Жаңылмасам, И. Тасмағанбетов 2001 жылы ҚР үкіметі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Жазушылар одағында болған кездесуде оның «таяу уақытта ең таңдаулы жүз кітап шығаруға ақша бөлгіземін, Одақ басшылары солардың тізімін дайындасын» дегенін газеттен оқыдым. Мұндай сыбағадан облыстарда тұратын қаламгерлер әдетте нәумез қалады. Менің тізімге сұранған ұсынысыма Одақ басшылары жауап берген жоқ. Маусым айының орта кезінде Астанаға бардым. Тасмағанбетов Парижге, ЮНЕСКО-ның мәжілісіне кетіпті. Көмекшісі қағылез жігіт екен, аты-жөнімді, телефонымды жазып алды. Содан бір күні кеште телефон шалып: «Медеу аға, ертең сағат 12-ге таман келіңіз, Имекең сізді қабылдайды», – деді. Үкімет о кезде Есілдің оң жағалауында. Кабинет алдында бір топ адам отыр. Кексесі мен, көмекшісі алғашқы кезекте кіргізді. Иманғали Нұрғалиұлымен Абайдың 150 жылдық тойына әзірлік кезінде Семейде және Алматыда кездесіп, іс үстінде танысқамын. «Өзің Атырауда жүргенде мына кітаптарды шығардым» деп, «Қазақтың Қанышы» роман-эссемді және Чехия баспасынан 1999 жылы үш тілде шыққан «Қаныш елі» атанған альбом-кітабымды сыйладым. Өзі де маған «Қазақтың қолөнері» деген көркем альбомын ұсынды. «Мынау «Сәтбаевтың» толықтырылған орысша нұсқасы. Осы кітапты шығаруға қаржы сұрай келдім!..» – деп, арызыма қосып, қолжазбаны алдына қойдым. Иманғали Нұрғалиұлы оның әр жерін ашып көрді де: «Шығарамыз, Медеке. Тура осы көлемде, келесі жылы...» дегенін естіп, «Имаш, сізге мен екі мәрте келмеймін, сөйтуге егде жасым көтермейді. Қаржыны маған бір-ақ мәрте және Мәскеу үшін беріңіз. Тоным су болмас деген жорамен осы мәтінді Мәскеуге жіберіп едім, мынадай жауап алдым» – деп, «Молодая гвардия» баспасының бас редакторы А.В.Петровтың хатын ұсындым. Ал онда Қазақстан қаржысын көтерсе, «Сәтбаевты» осы көлемде шығарамыз...» – деген сөздер бар-тын. Кабинет иесі хатты оқыды да, маған мейірлене қарап: «Аға, сізге көп рақмет, ел мерейі үшін «Сәтбаевты» әуелі Алматыдан шығарамыз. Мәскеуге қайта қарап жатырмын, келесі жылы тапсырамын, үкіметпен де келістім... деген сыңайда жауап жазыңыз...» – деді. Мен сол сөзге айран-асыр болып: «Ризамын, Имаш, бір кітап сұрап келіп, екі кітапқа қаржы алатын болдым. Аман бол, елің үшін еңбек етуден жаңылма!..» – деп орнымнан тұрдым. «Сәтбаевтың» екінші басылымы 2003 жылы «ЖЗЛ» сериясынан екінші рет 35 баспа табақ көлеммен шықты (алғашқысы – 18. б.т. еді). Тыңнан сегіз тарау қостым, бұрынғыларын қалауымша кеңейттім. Мысалы, 1951-53 жылдардағы саяси репрессияға үш тарауды тыңнан жазғанмын...
Жалғасы бар.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.