Сенатор есірткілік және уытқұмарлық масаюға медициналық куәландыру жүйесін қайта қарауды ұсынды
- авторОймақ
- 25 сәуір, 2025
- 50

Жыл сайын айқын мас күйіндегі адамдардың «мас емес» деп танылу жағдайлары артып келеді. Бұл мәселені Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында сенатор Жанна Асанова көтерді.
«Мас болғаны анық белгілі адамдардың медициналық куәландыру қорытындысы бойынша «мас емес» деп танылу жағдайы жиілеп кетті. Бұл қолданыстағы куәландыру әдістердің жүйелік мәселелерін көрсетеді, әсіресе жаңа психоактивті заттар мен ұшпа ингалянттардың уытты әсерін анықтау бөлігінде жүйелі олқылықтар бары анықталды», – деді Асанова.
Сенатордың айтуынша, қазіргі қолданылып жүрген зертханалық әдістер синтетикалық каннабиноидтар, катинондар және жасөспірімдер жиі қолданатын ұшпа ингалянттарды анықтауға қауқарсыз. Аталған заттардың әсері тез өтетіндіктен әрі олардың саудасы шектеусіз болғандықтан, полиция мен медицина қызметкерлері мұндай жағдайларға тиімді әрекет ете алмай отыр.
«Заттар тізбесін жаңартудың жедел тетігінің болмауы, диагностика әдістемесінің кенже қалуы және зертханалардың техникалық жабдықталуының жеткіліксіздігі – ол қоғамдық қауіпсіздіктің төмендей бастауы. Халықаралық хаттамалар диагностикаланатын заттар тізбесін жылына кемінде 1 рет өзгертуді, жоғары дәлдіктегі әдістерді қолдана отырып зертхана ауқымын кеңейтуді, мас күйді жіктеу, сондай-ақ медициналық персоналды психоактивті заттардың жаңа түрлерімен жұмыс істеуге дайындауды көздейді», – деді Асанова.
Ол медициналық куәландыру саласындағы нормативтік және техникалық базаны кешенді түрде жаңғыртуды ұсынды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.