Мемлекет басшысы Әкім Таразидің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады
- авторОймақ
- 22 сәуір, 2025
- 87

Мемлекет басшысы жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің қайтыс болуына байланысты оның жұбайы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова мен балаларына көңіл айтты.
– Әкім Тарази бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған ұлтымыздың біртуар перзенті еді. Дарынды қаламгер қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті, ұлттық кино және драматургия саласына өлшеусіз үлес қосты. Асыл мұратынан ешқашан айнымаған қалам иесін көзі қарақты оқырман «Әдебиет әлемінің Әкімі» деп ардақ тұтты, зиялы қауым оның шығармашылығымен қатар адамгершілік қасиеттерін ерекше бағалады. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырған Әкім Таразидің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады, – делінген жеделхатта.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ең жоғары атағы – «Қазақстанның Еңбек Ері» марапатын көрнекті жазушы, драматург Әкім Таразиға табыс еткен болатын.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.