сенбі, 19 сәуір, 2025 10:42

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Ерасыл МҰХАМАДИЕВ: Дубляж маманын дайындайтын арнайы мамандық жоқ

Ерасыл МҰХАМАДИЕВ: Дубляж маманын дайындайтын арнайы мамандық жоқ
Фото: әлеуметтік парақшасынан
Дубляж – бірнеше өнерді тоғысқан кірпияз өнер. Бұл – жай ғана дыбыстау емес, көрермен мен кейіпкердің арасына рухани көпір орнататын күрделі шығармашылық процесс.

Онда тілдің тазалығы мен көркемдігі, аударманың дәлдігі мен шеберлігі, актерлік ойын мен ұлттық болмыс ұштасып жатады. Әрбір дыбыста – мінез, әр сөзде – мағына, ал әр үнде – ұлттың үні мен жүрек лүпілі сезіледі. Дубляж – көрерменге жат мәдениетті жақын ететін, өз рухымызды сол туынды арқылы сөйлететін көркем құрал. Сондықтан бұл өнер – кәсібилікпен қатар, биік талғам мен терең жауапкершілікті талап ететін ерекше сала. Осындай салада көзге көрініп, көпке танылып жүрген, танылу үшін емес, көрермен игілігі үшін қызмет ететін маманның бірі – Ерасыл Мұхамадиев. Oimaqnews.kz тілшісі шетелдік туындыларды қазақша сөйлетіп жүрген дубляж саласының өкілімен сұхбаттасқан еді.

– Ерасыл аға, Дубляж жасауды деген деңгейі биік өнер деп бағаласақ болады. Яғни бұл бір адамның ішінде әртүрлі дауыс жатыр деген сөз.  Өзіңіздің осы салаға келуіңізді айтып беріңізші.

– Мектепті бітірген соң Талдықорған қаласындағы қазіргі І.Жансүгіров атындағы Жетісу Университетінде «Физика пәні мұғалімі» мамандығын аяқтадым. Мектеп кезінен бастап көптеген іс-шараларда жүргізуші болдым. Мұғалімдер, сыныптастар, достарым дауысыма оң баға беретін, мақтайтын. Университет қабырғасында жүргенде де мамандығым басқа салаға қатысты болса да, бұл іс жалғасын тапты. Сабақтан тыс жүргізуші де болып жүрдім.

Сөйтіп әлеуметтік желілерге хобби ретінде өзім оқыған, дыбыстаған өлеңдерді, қара сөздерді салып жүрдім. Әр жасаған дыбыстама маған тәжірибе болып отырды. Себебі, дыбыстаған сайын өз дауысыңды сан мәрте тыңдап, қателеріңді түзеуге тырысып отырасың. Сөйтіп, әлеуметтік желілерге жүктеген материалдарды тыңдайтын аудитория ақырындап жинала басталды.

Жоғарғы оқу орнын аяқтағаннан кейін, мамандық бойынша өзім тәмәмдаған мектепке жұмысқа тұрдым. Білімімді шыңдау үшін оқуды ары қарай жалғастырып, Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне магистратураға түстім. Жұмыстан шығып Алматы қаласына білімімді арттыруға келдім. Осы қалада жүріп, «дыбыстау» атты хоббиімді ары қарай дамыттым десем де болады. Жаңа орта таптым, команда құрдым. Командамен шет елдік кино туындыларының, аниме, мультфильмдердің үзінділерін қазақ тіліне аударып дыбыстап жүрдік. Әрине, оқуды да өз уақытымен алып жүрдік.

Бұл «дыбыстау» саласы көзге оңай көрінгенімен, өте қиын жұмыс. Мен бос уақытымда осы саланы меңгере бастадым. Тапсырысқа жарнама, өлең сияқты жұмыстарды алып, оларды дыбыстай бастадым. Уақыт өте келе, ZTB.kz атты жобасының дикторы болдым. ZTB.kz – әлемдегі, өз еліміздегі жаңалықтарды қамтып отыратын ақпараттық портал. Одан кейін «Қазақфильм» студиясына кастингке бардым. Ресми дубляж саласына осылай аяқ бастым. Қазір ресми жобаларға қатысамын, одан бөлек әуесқой топтарымыз да бар. Біздің бұл саладағы мақсатымыз – қазақ тіліндегі контентті арттыру, қазақ тілін дамыту.

– Екі түрлі мамандықты қатар алып жүру қиындық тудырмай ма?

Жоқ, әрине, мұның бәрі сіздің ынтаңызға байланысты жүзеге асып отырады. Қазір дубляж саласында жүргеніме 3 жыл болды.

– Бүгінгі күнге дейін қандай, қанша үлкен жобаларға сіздің дауысыңыз берілді? Алғашқысы қайсы еді? (кино, анимация, жарнама)

– ZTB.kz жобасының дауысымын. Дубляж саласы бойынша бірнеше жылдық тәжірибе бар. Соның ішінде мен қатысқан кейбір жобалар тізімін атап өтейін.  Кинопоиск платформасында (dubbing) The Wolf of Wall Street – 2013, The Hunger Games: The Ballad of Songbirds & Snakes – 2023, ал NICKELODEON KZ (dubbing) Transformers: EarthSpark – 2023, Zokie of Planet Ruby – 2023, Rock, Paper, Scissors – 2023, Jibek joly TV (voice over): Kirik Hayatlar – 2021, QFILM платформасында (voice over) Askeladden i Soria Moria slott – 2019, The Delinquent Season – 2017.

Бұл ресми ең танымалдары ғана деп айтсам болады, одан бөлек тағы да көптеген жобаларға қатысқанмын. Мен үшін тағы бір жетістік деп айтсам болатын шығар, қазақтілді дубляждың қатарына келе жатқан Disney, Pixar компаниясының туындаларын тәржімалауға да қатыстық. Мысалы "Муфасса. Арыстан патша 2", "Моана

2" дыбыстадық. Бұл дыбыс маманы үшін көрермен алдындағы басты жауапкершіліктің бірі болса, өзіміз үшін тағы бір қадам алға жылжуымызға мотивация болар.

Осы дубляж саласында жүрген мамандар арасында бәсеке бар ма?

Мамандар арасында бәсеке көп деп айта алмаймын. Кәсіби түрде оқыған актерлердің барлығы дерлік дубляж оқи алмайды. Бірақ осы саладағы тәжірибесі бар мықты мамандар да жетерлік. Оның себебі арнайы дубляж деген мамандық болмауы сияқты.

– Ойыңызша елімізде дубляж саласындағы мамандардың табысы әлеуметтік жағдайын қанағаттандыра ала ма?

Табыс жағына келетін болсақ, тек дубляжбен ғана айналысып байып кетуге болады дегенге сене алмаймын. Себебі бұл саламен айналысатындар негізінен актер мамандығын бітірген мамандар. Олар фильм, сериал, бағдарламалрға түседі, дубляж, дыбыстауды қосымша алып жүреді. Актердің жұмысының бір бағыты десек болады. Көбі тіпті хобби ретінде, сүйікті іс ретінде қарайды. Біз өзіміз қазақ тілі үшін, қазақша контент үшін деп жасаймыз. Ал былайша күн көріске жететіндей табыс табуға болады, егер әрине сұраныстағы маман болсаң.

 

 

– Өз еркіңізбен бас тартқан ұсыныстар болды ма? 

– Негізі ресми жобалардағы ұсыныстардан бас тартқан кезім болмады. Тек егер букмекерлік бағыттағы жобалар болмаса әрине.

– Шәкірттеріңіз бар шығар?

– Дубляж саласында арнайы оқытқан шәкірттерім жоқ. Бірақ енді бастап жатқандарға, сұрағандарға кеңесімді айтып, түзейтін жерлерін түзеп, көмектесіп отырамын. Шәкірт тәрбиелеу үшін өзің де бір жетістікке, жоғарғы деңгейге жету керексің деп ойлаймын. Енді алдағы жоспарда әрине шәкірт тәрбиелеу деген бар. Бар білгеніммен бөлісіп, олардың осы саладағы орындарын тапқанын қалаймын.

Жарнамаларға көп дауыс жазамын. Радиода шығып тұратын кейбір жарнамалардан бастап Аlmatv операторын, телеарнаға шығатын бірнеше жарнамаларды жасағанмын. Отандық брендтердің роликтерін, анонстарды дыбыстадым.

– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар