
Наурыз – қазақ халқының ежелден келе жатқан қасиетті мейрамы, жаңару мен жасампаздықтың жаршысы. Осы бір береке мен бірлікке толы күн Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде кең ауқымда аталып өтіп, «Наурыз – думан, Наурыз – жыр» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Салтанатты жиынға университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Өксікбаев, Басқарма төрағасы – ректор Гүлмира Қанай, оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері, студенттер мен магистрант-докторанттар, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мереке шымылдығын ашқан Омархан Өксікбаев жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
«Наурыз – ата-бабалардан аманат болып жеткен, барша түркі жұртына ортақ ұлық мейрам. Бұл күн – татулық пен жаңа үміттің символы. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп тілек арнаған халқымыздың ұрпағы ретінде біз де бұл мерекені ерекше ықыласпен қарсы алуымыз керек. Бүгінгі студент – ертеңгі ұлт ұстазы. Сондықтан олардың бойында ұлттық құндылыққа деген құрмет қалыптасуы тиіс», – деді Омархан Өксікбаев.
Мерекелік шарада көрісу, жарапазан айту, Қыдыр атаның бата беруі, аналардың ізгі тілекпен аластауы, шашу шашу сынды ұлттық салт-дәстүрлер көпшілік назарына ұсынылды. Әсем әуен мен ұлттық нақыштағы көріністер жиынға ерекше реңк берді.
Наурыз мерекесінің қадірлі қонағы – ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, QyzPU түлегі Ақұштап Бақтыгереева өз университетіне деген сағынышын жеткізіп, мерекелік тілегін арнады.
«Қыздар университетіне әр келген сайын жүрегім толқиды. Бұл менің өміріме жол ашқан, өлеңге жетелеген қасиетті шаңырақ. Мереке құтты болсын! Ұлттың қаракөз қыздары бақытты болсын, Наурызбен бірге өмірлеріңізге шаттық пен шуақ келсін», – деді Ақұштап Бақтыгереева.
QyzPU үшін Наурыз тек мереке ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен тәрбиелік мақсаттарды жүзеге асырудың маңызды алаңы саналады. Университет ұжымы бұл күнді атап өту арқылы студент жастарға ұлттық болмысты сіңіріп, мәдени мұраға деген құрметті қалыптастыруға ұмтылды.
Наурыз – бірліктің бастауы. QyzPU-дегі мереке ұжымның ішкі ынтымағын арттырып, білім мен тәрбие беру ісіне жаңа серпін берді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.