
Су ресурстарын тиімді басқару елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын, сондай-ақ барлық су пайдаланушылар мен су тұтынушылардың су қажеттілігін қанағаттандыру үшін су тепе-теңдігін сақтау арқылы су, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі факторы.
Су ресурстарына жүктемені күшейту және климаттың өзгеруіне байланысты экстремалды құбылыстардың қарқындылығын арттыру жағдайында су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру қолда бар инфрақұрылымдық, институционалдық, қаржылық және өзге де проблемалық мәселелерді шешу үшін негізгі мәнге ие.
Су ресурстарының ең ірі ауыл шаруашылығы тұтынушысы - тұрақты суару болып табылады. Өзен су шаруашылығы бассейндері бөлінісіндегі су шаруашылығы жағдайын талдау өзен су ресурстарының ел аумағы бойынша тым әркелкі бөлінуіне байланысты өзен ағындысының қазіргі бос ресурстарына сүйену мүмкін болмайтынын көрсетеді. Бұл су шаруашылығы бассейндері мен экономика салаларының сумен қамтамасыз етілуінің тұрақсыздығы мен біркелкі болмауына әкеледі.
Климаттың өзгеруі табиғи экожүйелер мен экономика салаларына айтарлықтай әсер етуде. Әсіресе су ресурстары бұл өзгерістердің ең сезімтал саласы болып табылады. Жауын-шашын мөлшерінің өзгеруі, температураның көтерілуі, мұздықтардың еруі және құрғақшылықтың жиіленуі су қорының жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін.
Қазақстан үшін бұл мәселе аса өзекті, себебі елдің көп бөлігі құрғақ және жартылай құрғақ климаттық белдеуде орналасқан.
Қазақстан Республикасының жаңа Су кодексінде осы сын-қатерлерге бейімделу шаралары қарастырылып, су секторын тұрақты дамыту жолдары белгіленген.
Климаттың өзгеруі және су ресурстары
Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, климаттың өзгеруі су ресурстарының таралуына және сапасына тікелей әсер етеді.
Біріншіден, температураның көтерілуі буланудың күшеюіне алып келеді, бұл өзендердің, көлдердің сумен қамтамасыз етілуіне және, сәйкесінше, жерасты суларының толықтыруына кері әсерін тигізеді.
Екіншіден, мұздықтардың еруі бастапқы кезеңде су көлемінің уақытша ұлғаюына, кейіннен өзен ағынының азаюына әкеледі.
Үшіншіден, экстремалды ауа-райы құбылыстары, соның ішінде ұзақ мерзімді құрғақшылықтар мен қарқынды жауын-шашын, су ресурстарының қолжетімділігіне тұрақсыздық енгізеді.
Қазақстанда климаттың жылынуы нәтижесінде су тапшылығы мәселесі өткірлене түсуде. Елдегі ірі өзендер – Сырдария, Іле, Ертіс – трансшекаралық болып табылады, сондықтан олардың ағыны тек климаттық өзгерістерге ғана емес, көрші елдермен су бөлудің саяси және экономикалық аспектілеріне де байланысты.
Су қауіпсіздігі және жаңа Су кодексі
Қазақстан Республикасының жаңа Су кодексі қазіргі уақытта Парламентпен қабылданып, Президенттің қол қоюына жіберілді. Бұл құжат елдегі су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған бірқатар маңызды қағидаттарды қамтиды. Кодексте бассейндік басқару жүйесі күшейтіліп, әрбір су бассейні бойынша судың қолжетімділігі мен тұтыну балансы есептеледі. Бұл тәсіл су ресурстарын тиімді пайдалануға және су тапшылығының алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кодексте су үнемдеу саясаты енгізілген, оған сумен жабдықтау жүйелеріндегі шығындарды азайту, ауыл шаруашылығында суару жүйелерін жаңғырту және қайта өңделген суды пайдалану жатады.
Жаңа кодексте су қауіпсіздігі алғаш рет заңнамалық деңгейде бекітілді. Бұл ұғым халықты және экономиканы су тапшылығы мен су сапасының нашарлауынан қорғауды білдіреді. Сонымен қатар, экологиялық ағындарды сақтау су пайдаланушылар үшін лимиттер белгілеу, және бассейндік жоспарлау жүйесін дамыту маңызды шаралар ретінде қарастырылды.
Су үнемдеу және балама су көздері Жаңа кодексте су үнемдеуді міндетті принцип ретінде енгізу қарастырылған. Барлық өндірістік су пайдаланушыларға су шығынын азайту бойынша жоспар әзірлеу міндеттеледі. Арнайы су пайдалану рұқсаттары тек бес жыл ішінде қайталама немесе айналмалы сумен жабдықтауға көшу жоспары бар кәсіпорындарға беріледі. Су шығынын азайту үшін мемлекеттік қолдау аясында озық технологияларды қолданатын кәсіпорындарға ынталандырулар беріледі.
Балама су көздерін пайдалану жаңа Су кодексінде ерекше назарға алынған. Бұл бағыт жаңбыр және еріген суды жинау, тазартылған сарқынды суларды пайдалану және техникалық суды енгізу шараларын қамтиды. Мемлекет ауызсу ресурстарын техникалық мақсатта пайдалануды шектеу үшін арнайы су жүйелерін дамытуды қарастыруда.
Цифрландыру және инновациялық шешімдер Климаттық өзгерістер жағдайында суды басқарудың заманауи технологияларын енгізу маңызды рөл атқарады. Су кодексіне сәйкес, Қазақстан Ұлттық су мониторингі жүйесін қалыптастырады. Бұл жүйе нақты уақыт режимінде судың шығынын, сапасын және деңгейін бақылауға мүмкіндік береді. Цифрландыру арқылы бұлттық деректер базалары, спутниктік бақылау жүйелері және жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін болжамдау құралдары енгізілмек. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында ақылды ирригация әдістерін енгізу жоспарлануда, бұл 10-15%-ға дейін су шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
Қорытынды
Климаттың өзгеруі су ресурстарының тапшылығына алып келетін басты факторлардың бірі болып отыр. Қазақстан үшін бұл мәселе ерекше маңызға ие, себебі елдегі су ресурстары шектеулі және трансшекаралық өзендерге тәуелділік жоғары.
Қазіргі уақытта Парламент қабылдаған жаңа Су кодексінде қабылданған шаралар – бассейндік басқару, су үнемдеу, балама су көздерін пайдалану және цифрландыру – климаттық өзгерістерге бейімделудің маңызды қадамдары болып табылады.
Осы реформаларды тиімді жүзеге асыру арқылы Қазақстан су қауіпсіздігін нығайтып, болашақтағы су ресурстарын тұрақты пайдалануды қамтамасыз ете алады.
Серікжен Бекетаев
Су саясаты департаментінің директоры
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Ажырассаңыз – салық төлейсіз
Ұқсас жаңалықтар
Президент Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарларын ауыстырды
- авторОймақ
- 17 сәуір, 2025
Мемлекет басшысы экономика мәселелеріне қатысты жұмыс отырысын өткізді
- авторОймақ
- 16 сәуір, 2025