Қазақстан халықаралық көміртегі саудасына қатысуды күшейтуі тиіс – Ғалиасқар Сарыбаев
- авторОймақ
- Бүгін, 11:26
- 120

Климаттың өзгеруі құрғақшылық, су тасқыны және ормандарда өрт туғызумен қатар Қазақстан экономикасына айтарлықтай зиян келтіруде. 2060 жылға дейін көміртегі бойынша бейтарап болу жөніндегі стратегия қабылдағанына қарамастан, елімізде экономиканы декарбонизациялау мен халықаралық көміртегі саудасына тиімді қатысуға инвестиция жетіспейді. Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев өзінің депутаттық сауалында шығарындылар саудасы жүйесін дамыту және ұлттық стандарттарды халықаралық талаптармен үйлестіру үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
«Елімізде күрделі көміртекті жобаларды жүзеге асыру үшін технологиялық және сарапшы мамандар жетіспейді. Отандық бейінді жоғары оқу орындарында «Орнықты даму маманы», «Орнықты энергетика», «Климат экономикасы», «Жасыл қаржыландыру», «Жасыл технологиялар», «Климаттық дипломатия» мамандықтары бойынша кадрларды даярлау және оқыту бағдарламалары жоқ», - деді сенатор.
Депутаттың айтуынша, Қазақстандағы көміртегі нарығының дамуына кедергі келтіретін негізгі кедергілерге қазба отынына тәуелді болу, орнықты даму саласындағы сарапшылардың жетіспеушілігі және заңнамалық базаның жетілмегендігі жатады. Сенатор еліміздің бірде-бір аймағында осы уақытқа дейін нөлдік шығарындылар стратегиясы жасалмағаны және кәсіпорындардың көміртегі саудасына қатысуға нақты ынталандыру жоқ екенін жеткізді.
«Шығарындылар саудасының ұлттық жүйесін одан әрі дамыту, заңнамалық реттеуді күшейту, халықаралық инвесторларды тарту және экономиканы жаңғыртудың мемлекеттік жоспарына декарбонизацияны енгізу қажет», - деді сенатор Сарыбаев.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.