сәрсенбі, 2 сәуір, 2025 2:55

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Сол бір сұрапыл айқас...

Сол бір сұрапыл айқас...
фото әлеуметтік желіден алынды
Бангкоктегі күндер.

1998 жыл. Бангкок. Шаршы алаңның екі бұрышынан екі дәу шыға келгенде қызуқанды тай жанкүйерлері дуылдасып кетті. Бес жолақты Тайланд жалауы зәулім спорт сарайының әр тұсынан тынымсыз желбірейді. Салмағы 130 келіге жуық Мұхаммед Самадидің қасында біздің Мұхтархан бала сияқты. Самади жауырыны қақпақтай, нағыз бұқа мойын, бурасанның өзі. Білегі арыстанның қолдауындай. Жұдырығы ұстаның шой балғасы тәрізді. Самадиден рингтің сыртындағы біз қорқып тұрмыз.Мұндай алыпқа қарсы шығудың өзі ерлік. Мұхтарханның жанары жарқ-жұрқ етеді.Самади түгілі, арыстанға қарсы салсаң да қаймығатын емес.

Екі батырдың жұдырығы аумағы атшаптырым сарайды әлсін-әлсін дір-дір еткізеді. Бар тілегіміз Мұхтарханның үстінде. Балапанына араша түскен бозторғай тәрізді шыр-шыр етеміз.

Шой балға зәремізді ұшырып, біздің жігіттің екі құлағының тұсынан зу-зу етеді. Мұхтархан әзір жалтарып үлгеріп жүр. Біраздан кейін алқынып, барлыққанда тас уатар жұдырық жұлып түссе қайтеміз.

Ділдәбековтің екі-үш соққысы дәудің иек тұсына, маңдайына дөп тиді. Анау шыбын шаққан құрлы көрген жоқ. 1997 жылы Азия чемпионатында Мұхтарханнан айбыны асқан Самади өзіне бек сенімді. Өзінің иығынан ғана келетін қазақты туралап, дәлдеп бір ұрса, оңдырмайтыны анық.

Екі раунд иран боксшысының шабуылымен өтті. Үшінші раунд. Мұхтархан арыстанға қарсы шапқан көкжал қасқырдай жанұшыра ұмтылды. Екі соққысы Самадиді тәлтіректетіп тастады. Иран жігіті көзіне қан толып,айбат шекті. Мұхтарханның оң жұдырығы оқтаулы мылтықтай сарт-сұрт ете қалды. Әуелі іштен, қас-қағымда тура иектен тиген соққыдан Самади кескен теректей гүрс етіп жығылды. Қарағайдай қазақ білегін көкке білеп, ырғып жөнелген.

Самади есін зорға жиып, төрешінің сүйеуімен орнынан әрең тұрды. Иран бапкері ортаға ақ орамал тастады. Ат төбеліндей қазақ жанкүйерлері атой салып, Мұхтарханға қарай тұра шаптық...

Осыдан төрт жыл бұрын былғары қолғапты зорлықпен киген көкпаршы Мұхтархан енді, міне, бокстан ХІІІ Азия ойындарының жеңімпазы. 1963 жылы Индонезияның төрінде атақты Әбдісалан Нұрмаханов (салмағы 84 келі) дөнен өгіздей африкалық боксшыны (140 келі) нокаутқа түсіріп, ГАНЕФО ойындарының бас бәйгесін қанжығаға байласа, араға 35 жыл салып, Мұхтархан сол ерлікті қайталап отыр.

Самайынан ащы тері сорғалаған Мұхтарханды осындағы біраз қазақ жабыла сүйдік...

– Аға, – деді Мұхтархан киім ауыстыратын жерге жете бере. – Бір кезде боксшы болмаймын деп, ауылға қашып кетіп едім. Тағдыр деген қызық. Көкпарды қимай, ауылда біраз жүрдім.

...Иә, бір үйдің кенжесі Мұхтархан бұла боп өсті. Мақтаралдың іргесіндегі туған ауылында көкпаршы аты шыға бастаған тұста ағасы Ерхан Шымкентке шақыртады. Қаперінде ештеңе жоқ бозбала қалаға келеді. Ерхан әй-шайға қаратпай бокс залына ертіп апарып, «боксшы боласың» дейді. «Болмаймын!», дейді Мұхтархан. «Сенен мықты боксшы шығады», дейді ағасы. «Боксың көкпардан артық емес. Қуықтай бөлмеде төбелескенше,кең далада көкпар тартқаным мың есе жақсы!» – деп Мұхтархан қасарыса түседі. Ақыры, не керек, ағасының көңілін қимай, бірнеше күн боксшылармен бірге болады. Сосын... Мақтаралдан ұзап шықпаған ерке ұл ауылға қашып кетеді. Содан рахаттанып, қайтадан додаға түседі. Талай додада олжа салады.

Ерхан да бірбеткей. Бір жылдан соң інісін қайтадан Шымкентке алып кетеді.

... Міне, бір кезде бокс десе, азарда безер болған Мұхтархан Бангкоктағы жеңістен кейін араға жыл салып әлем чемпионатының, 2000 жылы Сидней олимпиадасының күміс медалін жеңіп алды.

Қыдырбек Рысбек,

публицист

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар