СҚО-да дрондар нақты уақыт режимінде су тасқынын бақылауға алды
- авторОймақ
- 25 наурыз, 2025
- 50

Солтүстік Қазақстан облысында дрондардың көмегімен тасқынды бақылау бойынша инновациялық жоба іске қосылды.
СҚО әкімдігінің мәліметінше, бұл жоба «Біртұтас дрон инфрақұрылымы» деп аталады, Президенттің тапсырмасы бойынша жүзеге асып отыр. Жаңа жоба өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Олжас Бектеновке таныстырылды. Бүгін оны Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов және өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов СҚО әкімдігі жанындағы жаңа ситуациялық орталықта іске қосты.
Дрондар арқылы тасқын жағдайы тәулік бойы, нақты уақыт режимінде бақыланады. Қазір барлығы 8 дрон тасқын болуы мүмкін қауіпті аймақтарды әуеден бақылауға алған, олар:
* Тайынша қаласы маңындағы Шағалалы өзені;
* Тоқсан би, Мүсірепов ауданының маңында Есіл өзені;
* Сергеев су қоймасы
* Есіл ауданындағы Покровка елді мекені маңы;
* Новоникольское көпірі;
* Тепличное және Прибрежное елді мекендері маңы;
* Большая Малышка ауылы маңы;
* Петропавлдағы Заречный, Былғары кенті және Ущев, 0,8 км көшелері.
- Дрондар автоматты зарядтау жүйесімен, жылу бейнелеу жүйелерімен жабдықталған. Бұл олардың кез келген жағдайда жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Олар су деңгейінің өзгерісі мен мүмкін болатын қауіп туралы жедел ақпаратты әуеден жеткізеді. Бұл қызмет тез әрекет етуге және жедел шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Дрондарды пайдалану тасқындарды болжау дәлдігін жақсартып, өңір тұрғындары үшін ықтимал зардаптарды азайтуға көмектеседі, - деп жазды облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.
СҚО әкімдігі жанындағы ситуациялық орталық барлық ақпараттық жүйені біріктірген негізгі аналитикалық және үйлестіруші буын. Мұндай тәсіл нақты уақыт режимінде көптеген бағыт бойынша жағдайды бақылауға және барлық мемлекеттік орган әрекетін үйлестіруге мүмкіндік береді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.