"Табысын" артық көрсеткен әйелдерді анықтаған: қылмыстық іс тіркеліп жатыр
- авторОймақ
- Бүгін, 10:21
- 49

Жуырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қазақстанда декреттік төлем ашу үшін табысын асырып көрсеткен 113 әйелге қатысты 16 қылмыстық іс қозғалғанын айтқанын жазады Oimaqnews.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап. Осы қылмыстық істер қай өңірлерде тіркелгенін, жалпы, табысын асырып көрсету фактілері қалай анықталатынын білу үшін Azattyq Rýhy редакциясы министрлікке ресми сауал жолдай отырып, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан» жауап алдық. Қор бұл істерге қатысты біраз тың дерек ұсынған екен.
Ең біріншіден, Қор осы 16 қылмыстық іс тіркелген өңірлерді жіктеп өтіпті.
«2024 жылда Қор филиалдарының өтініштері бойынша құқық қорғау органдары 16 қылмыстық іс қозғады. Бұл қылмыстық істер 8 өңірде қозғалды, атап айтсақ, Актөбе, Алматы, Абай, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан областарында, сондай-ақ Алматы, Шымкент қалаларында», - деп жауап берген Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Біржан Жүнісов.
Бұдан басқа, ресми жауаптан білгеніміздей, Қазақстанда «декретке миллионмен шыққысы» келген әйелдерге қатысты әлі де қылмыстық істер тіркеліп жатыр екен.
«Бұдан басқа, 2025 жылдың наурыз айында Ақтөбе облысында тағы бір қылмыстық іс қозғалды», - деп хабарланды Қор өкілі.
Қор табысын артық көрсеткен әйелдерді қалай «танып жатыр»
Бұл мәселенің анық-қанығына жету үшін біз Светлана Жақыповадан осы әйелдерге қатысты кім арыз жазғанын сұраған едік. Жақыпова «мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының жергілікті филиалдары» арызданғанын хабарлаған. Ресми сауалға жауап берген қор болса жалпы жүйе табысын артық көрсететін әйелдерді қалай анықтайтынын түсіндіруге тырысқан.
«Төлеуші Қорға әлеуметтік аударымдарды есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей, әлеуметтік аударымдар төленетін айды көрсете отырып, ай сайын есептейді және төлейді. Осылайша, әлеуметтік аударымдар уақтылы түспеген жағдайлар анықталған өтініш берушілер, атап айтқанда әлеуметтік аударымдарды әлеуметтік тәуекел туындағанға дейін немесе туындағаннан кейін бір күнде өткен кезеңге төлеген өтініш берушілер тексеріске жатады. Қор әлеуметтік аударымдары төленген кірісті азайту/арттыру фактісін болдырмау мақсатында қолданыстағы заңнамада тексеру жүргізе алады. Бұл ретте, Қор мемлекеттік органдарға, ұйымдарға, төлеушіге және өтініш берушіге сұрау салу арқылы әлеуметтік төлемдерді тағайындауға қажетті құжаттардың (мәліметтердің) анықтығына тексеру жүргізуге құқылы. Осылайша, жеке тексеру іс-шаралары негізінде нақты еңбек қатынастары болмаса да әлеуметтік аударымдарды аударған жағдайлары анықталған. Мұндай фактілерді тексеру үшін Қор филиалдары тиісті құжаттарды құқық қорғау органдарына жолдап отырады», - деп жауап берген Біржан Жүнісов.
Ең қызығы, қор қанша тексеру жүргізсе де табысын асыра көрсеткен біраз әйел тиісті төлемін алып үлгерген. Қор ондай әйелдер мемлекетке 158 млрд теңге сомасында залал келтірді деп болжап отыр.
«Заңдылыққа қайшы келетін іс-қимылдардың салдарынан жүктілікке және босануға байланысты, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдердің мөлшері асыра көрсетілген орташа айлық кірістердің негізінде шамадан тыс есептеліп, тағайындалғанын атап өткен жөн. Бұл Қор активтеріне залал келтірді, болжанып отырған залалдың сомасы 158 млн.теңгеден астам», - деп жауап берген қор бізге.
Ал, Қор табысты заңсыз артық көрсетіп, артық әлеуметтік төлем алудың арты жазаға әкеп соқтыратынын түсіндіргеннен кейін елімізде 1,5 мың әйел кінәсін мойындап, қорға 3,4 млрд теңге қайтарып берген екен.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша 1,5 мыңнан аса әйел өз табыстарын жасанды түрде асырып көрсеткендерін растады, сол арқылы Қордың 3,4 млрд. теңге сомасындағы активтері сақталған. Қор ерікті түрде алынған ақша қаражатты қайтарам деген төлем алушыларға кедергі келтірмейді», - деп түйіндеген жауабын Жүнісов.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.