Сенатор Нұртөре Жүсіп сарапшылармен бірге отандық картография және топонимика мәселелерін талқылады
- авторОймақ
- 5 наурыз, 2025
- 93

Талқылау барысында отандық картография мен топографияны дамыту, сондай-ақ осы салаға жоғары білікті мамандар даярлаудың негізгі мәселелері қозғалды.
Сенатор картография мен топография инфрақұрылымды дамытуда, аумақты жоспарлау мен табиғи ресурстарды басқаруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Қазақстанда қазіргі кезде картография және топография жұмыстарын жетілдіру аса маңызды болып отыр.
«Қазақстандағы картография мен топографияның тарихы – ғылым мен тәжірибенің тығыз байланысының тарихы. Еліміз алғашқы схемалық карталардан бастап қазіргі геоақпараттық жүйелерге дейінгі даму жолынан өтті. Бүгінгі таңда спутниктік технологияның дамуы арқасында Қазақстан дәлдігі жоғары карталар жасауға мүмкіндік алып отыр, бұл аумақтарды тиімді игеруде келешегі зор», - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Кездесу барысында сонымен қатар кадр даярлау мәселесі де талқыланды. Сенатор білім беру бағдарламаларын жетілдіру, мамандарды қайта даярлауға серпін беру, сондай-ақ халықаралық тәжірибені енгізу қажеттігін атап өтті. Ол шетелдік университеттермен және ғылыми орталықтармен ынтымақтастық білім беру сапасын жақсартуға және отандық картографияға озық технологияны енгізуге көмектесетінін жеткізді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.