
Спорттық іс-шараға Сарапшылар клубының мүшелері, Сенат жанындағы «Талдау мектебінің» түлектері және саламатты өмір салтын дәріптеп жүрген белсенді азаматтар қатысты.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жарысқа қатысушыларға ілтипат білдіре келіп, Мемлекет басшысы Қазақстанда спортты дамытуға үлкен көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Спорт – елімізде қолға алынған ауқымды әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Соның аясында бұл саланы ілгерілетуге қажетті жағдай жасау үшін кешенді шаралар қабылданып жатыр.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде спортты дамытуға әрдайым баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Қазақстанның барлық өңірінде кәсіби, бұқаралық және инклюзивті спортты дамытуға арналған маңызды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. «Талдау мектебінің» ұйытқы болуымен өтіп отырған бүгінгі іс-шара сол саладағы бастамаларға қосылған айтарлықтай үлес екені сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар осы аптада Қытайдың Харбин қаласында ІХ Қысқы Азия ойындары аяқталғаны, онда отандастарымыз жарқын жеңістерге қол жеткізгені сөз болып, бұқаралық спортты дамытуды көздейтін бүгінгі жобаның осындай үлкен спорт мерекесімен тұспа-тұс келуінің символикалық мәніне назар аударылды. Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта Taldau Run жүгіру жарысы «Талдау мектебінің» қатысушылары үшін игі дәстүрге және маңызды нетворкингке айналатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ Палата Спикері «Талдау мектебінің» төртінші кезеңінің аяқталуына небәрі екі апта уақыт қалғанын тілге тиек етті. Сондықтан идеяларды бірлесіп талқылау, ұсыныстар мен бастамаларды әзірлеу үшін әрбір кездесуді белсенді және сапалы пайдаланудың маңызы зор.
Айта кетейік, «Талдау мектебі» жобасы мемлекеттік басқаруда, әлеуметтік және гуманитарлық зерттеулерде, БАҚ-та аналитикалық тәсілдерді күшейтуді көздейді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.